Жұтатқан ұлы жұт

Жұтатқан ұлы жұт

1931-1933 жылдары қазақ даласын жайлаған ашаршылық жайлы деректер әлі де нақ­тыланбай келеді. Тіпті, қанша адам­ның көз жұмғаны беймәлім күйде қалды. Әркім сан саққа жорығанымен, тоқтар түйін жоқ. Одан бөлек, арагідік айтылатын ұлы жұтты геноцид деп тану мә­селесі де бар. Мұны да бір күрмеу десек болады.  

Дәйегі көп, түйіні жоқ деректер

Біз айтқан ұлы жұт қазақ та­рихындағы жалғыз ашаршылық емес. Әрісін қазбалар болсақ, 1919-1922 жылдары да Азамат соғысы салдарынан заңсыздық пен тонау көбейіп, мал қырылып, індет жайлап, ақыры жұт болып, 1-2 миллион халық аштан қырылды. Содан соң 1929-1931 жыл­дары елде 300-ден астам шаруалар көтерілісі өтіп, наразылыққа 80 мыңдай адам қатысқан екен. Олардың 5 551-і сотталып, 883-і – атылған. Ал аштықтың себебі қолдан жа­сал­­ғандай көрінеді. 1920 жылдардың аяғында КСРО үкіметі бүкіл ауыл шаруа­­шылығын күштеп ұжым­дастыра бастады. Кішкентай қожа­лықтарды біріктіріп, ауыл шаруа­­шылығын мем­лекетке толық б­­ағындыр­ғысы келді. Билік «әлеу­­меттегі теңсіздікті жою үшін» бай­лардың мал-мүлкін тәр­кіле­­ді. Көш­­пелі халықты отырықшы елге айнал­­­дырғысы келді. Ауыл шаруа­шылығы өнімдерін (ет, астық) тез арада дайындап, Ресейге жіберу қажет болды. Салық саны мен мөл­шері көбейді. Елдің кей аймағын құрғақшылық жайлады. Осының бәрі сайып келгенде ұлы жұттың бастамасы бол­ды. «Қазақстан Ұлттық энцик­лопе­дия­сындағы» аштық құрбандары туралы мәліметтерге көз жүгіртейік. Эн­цик­лопе­дияда 1926, 1937 жыл­­­дардағы са­нақтарда олқылықтар жіберілгені, соның салдары ашар­шылықтағы адам шығынын дәл анықтауға кедергі келтіріп, әртүрлі әңгі­­менің өрістеуіне жол ашқаны әділ ескер­­­тіледі. 1930-1933 жылдар­дағы аштық құрбан­­­­дары 2,2 млн адамнан асып түсті делінеді. Бірақ мұны соңғы дерек дей алмаймыз. Тарихшы Бүркіт Аяғанның мәліметі де осы шамалас. Оның пікірінше, 1932-1933 жылдары 2,3 млн қазақ қаза тапқан. Ал Талас Омарбеков аштық құрбандарын есептеу үшін ХХ ғасыр басында қазақтың саны қанша болғанын, қаншасы шетелге босып кеткенін ескеру керегін айтады. Тарихшы өзінің мұрағаттан тапқан мате­риалдарын басқа да мамандардың мәлі­­меттерімен салыстырып, мы­надай цифр ұсынады. – 1930 жылы ауылдағы қазақтар саны 5 млн 873 мың деп көрсетілсе, қалада 732 мың қазақ тұратыны анықталған. 1932 жылы ауыл хал­қының саны 2 млн 493 мыңға дейін кеміп кеткен. Яғни, шамамен 3 млн 379 мың адам қырылған болып шығады. Ал енді «жоқ, сонша қырылуы мүмкін емес, көбі қалаға көшті» деген күмән тумас үшін сол тұстағы қала халқын санасақ, 1 млн 218 мың болған. Қаперде ұстайтын бір жайт, ауылдан қалаға ағылған, не жұмысы, не баспанасы жоқ босқын қазақтарды ешкім еш жерге тір­кемеген, – дейді ол. АҚШ-тағы Мэриленд уни­верситетінің профессоры Сара Камеронның «Аш дала: ашар­шылық, жаппай зорлық-зомбылық және Советтік Қазақстанның құ­рылуы» деген еңбегі дүниежүзін елең еткізген. Сара ханым өз зерттеуінде 1930-1933 жылдарда болған ашаршылықтан 1,8 мил­лионнан астам адам өлгенін жазады. Қазақстанда адамдар аш болғаны сонша, елді канни­бализм (адам етін жеу) жайлаған. Мәселен, жаңағы америкалық тарихшы Сара Кэме­­­рон «Аштық жайлаған дала» кіта­бында «Шу ауданында ашыққандарды тамақтан­­­­дыратын жерде Дәнежан деген шенеунік бір босқынның өліп бара жатқан адамның қарнын жарып жіберіп, бауырын суырып алып, оны екінші адамға бергенін және де ол адамның бауырды шикідей жеп қойға­­­нын есіне алады» деп жазған. Мұның бәрі көп деректің бір тізбегі ғана. Жалпы, ХХ ға­­­­сырдың жұты көп. Санамалап отырар болсақ, шамамен 5 млн-ға жуық қазақ қаза тапқанын аңғарасыз. 1931-1933 жылдағы ашар­шылық оның бір ұшығы ғана.

Геноцид екені рас па?

Қазір саясаттанушылар мен ғалымдар Қазақстан билігінен Ашаршылықты геноцид деп тануын, аштан өлген адам­дардың ортақ базасын жасауды талап етіп жүр. Олар «Ашаршылық – қолдан жасалған трагедия, КСРО үкіметінің оны жою мүмкіндігі болды, бірақ ештеңе істемеді» деген пікірде. 2016 жылы Украина парламенті елдегі 30-жылдардағы ашар­шылықты геноцид деп таныды. Сонымен бірге онда ашаршылық құрбандарын тіркейтін онлайн платформа бар. Дәл Қазақстандағы ашаршылықпен сәйкес уақытта, 1932-1933 жылдары Ук­раи­нада болған ашаршылық мил­­лиондаған адамның өмірін қиған. Бұл ашаршылықты көптеген халықаралық ұйым мен мемлекет украин халқының геноциді деп таныды. Ал Америка Құрама Штаттарының үкімет комиссиясы Сталин мен оның жақтастары украиндықтарды жоюды мақсат еткен деген қорытындыға келген еді. Кеңес өкіметі кезінде аштықтан адам­дардың жаппай қырылу фактісі ұзақ уақыт бойы құпия ретінде сақталып, зерттеуге де, жариялауға да тыйым салынды, солайша жабулы қазан жабулы күйінде қалып келді. Тек шетел басылымдарында ара-тұра бой көрсеткен деректер Украинаның өзінде тек 1980 жылдары ашық айтыла бастады. Ал 2006 жылғы 28 қарашада Жоғарғы рада Украинадағы 32-33-жылдардағы ашаршы­лықты украин халқының геноциді деп танитын заңға дауыс берді. Қазіргі кезде ашаршылықты Кеңес үкіметінің украин халқының жойылып кетуі үшін әдейі ұйымдастырған геноцид екенін ресми түрде 19 мемлекет мойындады. Ал Қазақ­станның ашаршылықты геноцид деп та­­нуына не кедергі? – Қазақ даласындағы аштықты гено­цид деп тануға болады. Мысалы, Ук­раинадағы халықтың оннан бірі, еврей­лердің бестен бірі геноцидтен қырылса, қазақ халқының 30-40 пайызы көз жұмған. Қазақстанның геноцид деп тани алмай отырғанына екі себеп бар. Біріншіден, тарих жолға қойылмаған. Саяси ерік-жігер жетіспей отыр, әлі де кеңестік деңгейден аса алмай отырған саяси қауым бар. Екін­­шіден, тәуелсіздік алдық, тәуелсіз көз­қарас қалыптасқан жоқ. Геноцид мәсе­лесін кеш те болса Украина көтерді. Сәл де болса кейінгі кезде қоғам мен сая­саттанушылар, тарихшылар шын­дықты айта бастады. Жалпы, ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін, берідегі Жел­тоқсан оқи­ғасына дейін геноцидтың нышаны бар, – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы. Қысқаша айтар болсақ, аштыққа қатысты екі іс жөнді ізге түспей тұр. Әуелі қырылған адам санын нақтылау қажет болса, келесі іс – геноцид деп тану жайын қарастыру. Бірақ оның орындалмауына белгілі бір деңгейде өзіміздегі саяси һәм моральдық фактілер әсер етіп отырғанын жасыра алмаспыз.

Мадияр ТӨЛЕУ