Ашаршылықта қанша қазақ қырылды?
Ашаршылықта қанша қазақ қырылды?
968
оқылды
Жыл сайын, 31 мамыр қарсаңында БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде 1930 жыл­дар­дың басындағы алапат ашаршылық туралы еңбектер молынан жарияланады. Әри­не, өте дұрыс. Алайда ұлы жұттан қанша қазақ қырылды деген мәселеде әркім әр қиырға тартады. Біреулер 1 млн, біреулер 2-3 млн десе, енді бір зерттеушілер құрбандар санын 4-5 миллионға бір-ақ апарып тірейді. Ала-құла деректердің қайсысы рас, қайсысы өтірік? Әуелі «Қазақстан Ұлттық энци­клопедиясындағы» аштық құр­бан­дары туралы мәліметтерге көз жүгіртейік. Энциклопедияда 1926, 1937 жылдардағы санақтарда олқы­лықтар жіберілгені, соның салдары ашаршылықтағы адам шығынын дәл анықтауға кедергі келтіріп, әртүрлі әңгіменің өрістеуіне жол ашқаны әділ ескертіледі. 1930-1933 жылдардағы аштық құрбандары 2,2 млн адамнан асып түсті делінеді. Бірақ мұны соңғы дерек деуден аулақпыз. Тарихшы Бүркіт Аяғанның мә­ліметі де осы ауқымнан ауа жайыл­майды. Оның пікірінше, 1932-1933 жылдары 2,3 млн қазақ қаза тапқан. Ал Талас Омарбеков аштық құр­бандарын есептеу үшін ХХ ғасыр басында қазақтың саны қанша болғанын, қаншасы шетелге босып кеткенін ескеру керегін айтады. Тарихшы өзінің мұрағаттан тапқан материалдарын басқа да маман­дардың мәліметтерімен салыс­ты­рып, мынадай цифр ұсынады. – 1930 жылы ауылдағы қазақтар саны 5 млн 873 мың деп көрсетілсе, қалада 732 мың қазақ тұратыны анықталған. 1932 жылы ауыл халқы­ның саны 2 млн 493 мыңға дейін кеміп кеткен. Яғни, шамамен 3 млн 379 мың адам қырылған болып шы­ғады. Ал енді «жоқ, сонша қырылуы мүмкін емес, көбі қалаға көшті» деген күмән тумас үшін сол тұстағы қала халқын санасақ, ол 1 млн 218 мыңды құраған. Қаперде ұстайтын бір жайт, ауылдан қалаға ағылған, не жұмысы, не баспанасы жоқ бос­қын қазақтарды ешкім еш жерге тір­кемеген, – дейді Талас Омарбеков. Тарихшының бұл дерегі сол тұста қазақтарға патша өкіметінің салық салу мақсатында жүргізген мал санағы нәтижесіне сүйенеді. Себебі санақшылар мал иелерінің де санын тіркеп отырыпты. Ресей империясында 1897 жылы жүргізілген тұңғыш халық сана­ғында қазақтың саны 4 миллион 84 мыңды құраған. Ал 1924 жылы  «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген Әлихан Бөкейханның «Қа­зақ қанша?» атты мақаласында қа­зақ ұлтының саны 6 млн 470 мың деп жазылған. Арада 8 жыл өткен соң, 1932 жылы аштықтың дәл қар­саңында қазақтардың табиғи өсімі 7 миллионнан асқанын аңғарамыз. Осы орайда, алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы келтірген қаралы статистика тіптен жаға ұстатады. – 1937 жылғы халық санағы аяқ­сыз қалып, кейін 1939 жылы қайта жүргізілген санаққа сәйкес, қазақ­тың саны небәрі 2 миллионнан сәл асқан. Демек, аштық кезінде қазақ­тың саны 5 миллионға кеміген. Басқаша айтқанда, адамзат тари­хындағы ең үлкен зұлматқа қатты ұшыраған – осы қазақтар. Байқа­саңыз, қазақ халқының 30 пайызы емес, 40 пайызы да емес, бірден 70 пайызы ажал құшты, – дейді ғалым. [caption id="attachment_47632" align="alignnone" width="2184"]Ашаршылық инфо ©А.Ахметқазы[/caption] АҚШ-тағы Мэриленд универ­ситетінің профессоры Сара Ка­меронның «Аш дала: ашаршылық, жаппай зорлық-зомбылық және Советтік Қазақстанның құрылуы» деген еңбегі дүниежүзін елең еткізген. Сара ханым өз зерттеуінде 1930-1933 жылдарда болған ашар­шылықтан 1,8 миллионнан астам адам өлгенін жазады. Батыс ғалымдары Р.Монвест «1931-1932 жылдары – 1 миллион, М.Олкотт 1,5 миллионнан астам адам көз жұмды» деп жазады. Гувер институтының аға ғылыми қызметкері Р.Конквестің «Ресейдегі тәжірибелер. 1931 жыл» еңбегінде: «1930-1933 жылдар аралығында 40 мың кулак шаруашылығы тәркі­ленді, кейін 15 мың шаруашылық өзін-өзі тәркілеп, беті ауған жаққа қашып кетті. Басқаша айтқанда, тәркілеу қазақ жерінде жарты мил­лион адамды қамтыды. 1926 жылғы санақ бойынша, Кеңес Одағында – 3,9 миллион, 1939 жылғы санақ бо­йынша 3,1 миллион қазақ өмір сүрді. Сонда халықтың ұлттық өсімін ес­керсек, ашаршылықтан, түрлі қу­ғын-сүргіннен қазақтар 1,5 миллион адамын жоғалтқан», – дейді. Айтпақшы, азалы жылдарда халық тек аштықтан ажал құш­папты. Большевиктер жоспарлы түрде арып-аршыған қазақтардың көзін жойған деседі. Мәселен, адамдар бір үзім нан іздеп темір­жолды жағалаған, қалаларға ұмтыл­ған. Сол қалаларға кіреберісте олар­ды пулеметтің жаңбырдай жау­ған оғы қарсы алыпты. Жазушы Таласбек Әсемқұлов «Аштық және соғыс» атты әйгілі мақаласында: «Барнаулдан Саратовқа дейінгі аралықтағы бүкіл Түрксіб және басқа теміржолдардың бойы сам­саған өлік болды. 1933-35 жылдары мыңдаған адамнан құрастырылған командалар тек жартылай шіріген адамның өлексесін көмумен ай­налысты. Совет өкіметі сахарадағы каннибализм фактілерін мұқият жасырды. Ферғананың қалаларында қазақтардың өз балаларын астыққа немесе бір үзім нанға айырбас­та­ғандары әредік болса да баспасөзде айтылатын, бірақ қазақ даласында адамның етін жеу дағдысының елес бергені жайындағы деректер барын­ша жасырылып отыратын. Көптеген адам өзіне қол салған» деп ашынады. Тарихшы Мәмбет Қойгелді Ұлт­тық Қауіпсіздік Комитетінің мұра­ғатында маңызды мәліметтер сақ­талған деп санайды. Ол жерде зерт­теушілердің қолына берілмейтін құпия материалдар – советтік жү­йеде жазылған қорытынды анық­тамалар бар екен. «1933 жылы Голощекиннің орнына Мирзоян келді де, Қазақ­станның барлық облысында комис­сия құрды. Құрамына облыстық партия комитетінен, облыстық ат­қару комитетінен мамандар кіретін комиссияның міндеті ең бірінші кезекте әрбір қазақ ауылы, колхоз-совхоздары мен қалаларында аш­тыққа дейін адам саны, мал басы, егіс көлемі қанша болды, аштықтан кейін қаншасы қалды деген мәсе­лені анықтау еді. Сол фактілер мұрағаттарда болуы керек. Ендеше біз осы мәселе бойынша зерттеу то­бы ма, бәлкім, орталық құрсақ дұ­рыс болар еді. Мүмкін, сол материалдар табылар ма еді?» деп үміттенеді профессор. Қысқасы, жаңағы деректің бәріне бірдей сене алмаймыз. Ең өкініштісі, зерттеушілер мил­лиондаған шәйіттің санын оңды-солды ойнатып, бір тұжырымға тоқтай алмай отыр. Ендеше ҰҚК-дегі жабық мұрағат, құжаттық материалдар айналымға шық­па­йынша, ашаршылық ақиқаты ашыл­майтыны анық.  

 width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ