Допинг: марапат пен машақаттың арасы бір-ақ сәт
Допинг:  марапат пен машақаттың арасы бір-ақ сәт
156
оқылды

Қазақстанда жаңа заң қабылданды. Енді спортшының допинг қолданғаны белгілі болса, мемлекеттен алған сыйлығын қайтарып береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Спорт және дене­шы­нықтыру туралы кейбір заң­намалық актілеріне өзгерту­лер мен толықтырулар туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жоба­сына сәйкес, допинг қолда­нып, ереже бұзған спортшы құзырлы орган алдында жауап береді. Аталған заң, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге көмектеседі. Қолда­ныстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату тура­лы өзгерістер мен толықты­ру­лар енеді. Тікелей қатысты да, жанама себепкер де жазасыз қал­майды. Спортшыға допинг таға­йындағандар әкімшілік жауап­кершілікке тартылады. Яғни, 200 айлық есептік көрсет­кіш мөлшерінде айыппұл салы­нады.

Заң жобасын Мәжіліс депу­тат­тары бірден қолдады. 104 де­путат допингке қарсы кү­рес­­тің қолға алынғанына қуа­нып, құжатты Сенатқа жолда­ды. Жоғарғы палата да допинг дауы­ның халықаралық дәрежеде ушыққанын, оның үстіне ел спортшыларының жағдайын «біліп», бірден келісті. Көп өтпей Президент ресми түрде қол қойды.

Заң жобасында допинг қол­дан­ғаны үшін жобасында дисквалификация, спорттық нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алып тастау, ақшалай көтермелеуді қайтару, спортшылар мен жат­тық­тырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қам­­­­­сыз­­дандыруды төлеуді тоқ­­­­­тату, спортшыларға, жат­тық­­­­тырушыларға және клуб ко­ман­­­даларының басшы­­лары­на ай сайынғы ақшалай қамту­ды тоқтату, спорттық атағы­нан айыру, Олимпиада, Пара­лим­­пиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пай­да­­лану шартын бұзу, спорт түр­лері бойынша Қазақстанның құра­ма және штаттық құра­ма ко­мандаларының құра­мы­нан спорт­шыларды, жаттық­ты­ру­шы­ларды шығару тәрізді жазалар бар.

Сыйға берілетін тұрғын үй­дің тағдырына қатысты тар­мақ бар. Заң бойынша Олим­пиа­да, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегер­ле­ріне 10 жыл мерзімге жалға берілетін үй мерзімі аяқтал­ған­да спортшының меншігіне өтеді. Өйткені допинг сынама нәтижесін сақтау мерзімі – 10 жыл. Егер сынамада спорт­шы­ның «таза» екені анықталса, нәтиже белгілі мерзім ішінде сақталса, абырой да, сый да спортшы иелігінде қалады. Осы рет­те заңда аталған жүлдегерлер қай­тыс болған жағдайда до­пинг сынамасы нәтижесіне қарамастан спортшы мұрагері тұрғын үйді өтеусіз алуы қарас­ты­ры­лған.

Осыған дейін Ұлттық до­пинг­ке қарсы орталығы 2013 жыл­дан бастап жүргізген тек­серу нәтижесінде допингке қатысты 307 оқиға анықталды. Ал 2019 жылдың 10 айында 37 рет допингке қарсы ереже бұзылған.

Мәдениет және спорт ми­нистр­­лігінің комитет төрағасы Серік Сәпиев БАҚ-қа берген пікірінде заң жобасы жайлы ойын ортаға салады. «Мұндай жаза бұрын болмаған. Бірқатар елде допинг қолданғандарға қарсы заң әлдеқашан қабылданып қойған. Енді олимпиада ойындарының алдында Қазақстанда да осындай заң қабылдауды жоспарлап отыр. Жалпы биыл допинг қолдану бойынша 30 іс тіркелді. Жаңа құжаттың жаңалығы – допингке қарсы ұлттық ұйымның құзы­реті күшейеді. Бұдан бөлек Олим­пиада, Паралимпиада, Сурдлим­пиада ойындарының чем­пиондарымен қоса жүлде­гер­леріне де жергілікті бюджет есебінен үй беру қарастырылып отыр», – дейді.

Комитет төрағасы допингке қарсы ұлттық ұйымның құзыреті күшейетінін тауып айтқан. Қазір WADA-мен тығыз байланыс жа­сап, сынама нәтижелерін уақы­тында өткізбесе дау тууы мүм­кін. Заң жобасы нәтижесінде спорт­шы «ақылға» келіп, Ұлттық орталықтың деңгейі көтерілетін болады.

Десе де, заң елде допинг мәселесін майшаммен қарау керегін айқындап берді. Мұны белгілі спорт журналисі Руслан Меделбек те мақұлдап отыр. «Билік осы заңды қабылдау арқылы Қазақстанда допинг мәселесі бар екенін мойындап отыр. Себебі   басында мойын­да­ма­ды. Батыстың Ресейге салған санкцияларының салқыны Қа­зақстанға тиіп кетті деген сияқты түсініктеме берді. Алайда бұл олай емес. Заң қабыл­да­дық. Алдағы уақытта допинг қолданған спортшы қатаң жаза­ла­нады. Дегенмен заң қағаз жүзінде қалып қалмауы керек. Болашақта Қазақстанның кез келген спортшысы «таза» болуы тиіс», – дейді ол.

Заңның күшіне енгені жақсы. Алайда допинг қолдану процесін түбегейлі тоқтатуға күші жете ме? Жалпы, спортшылар неліктен допинг қолданады?

– Заң нені шешеді? Иә, Қазақ­­станда допинг қолдану азаюы мүмкін. Қазір 2012 жылғы Олимпиаданың 4 алтынын, Пекин Олимпиадасының бір алтынын қайтарып бергеннен соң, Қазақстанның ең атақты спортшысы Илья Ильиннің допинг дауына іліккеннен кейін, Қазақстан шынымен ойлана бастады. Бізге мұндай атақ керек пе? Бұл ретте заңның қауқары допингті тыюға жетуі тиіс. Бір жағынан, заңның бұдан да қатаң болғаны дұрыс еді. Мұндай жүйелі күресті Қазақстан бұрын бастауы керек еді. Батыс елдерінде «ана спортшысы допингпен ұста­­­лыпты, мына спортшысы до­пинг­пен ұсталыпты» дегенді көп естімейміз. Арасында құлақ шалып қалуы мүмкін. Жаппай допингпен ұсталып жатқан елдің біразы – посткеңестік елдер. Оған қоса Қытай, Солтүстік Корея мен Тайланд бар. Әсіресе, ауыр атлеттер жиі допингпен ұсталады. Бұл жерде спортты мемлекет имиджі ретінде қабыл­даған кезде спортшы, бап­кер кез келген жолмен жеңіс­ке жетіп, өзіне жағдай жасап алғысы келе­ді. Ол үшін барлық ережені, заң­ды таптап өте шығады. Мұн­дай әрекет – дамушы елдерге тән қасиет. Аталған жайт адам капиталы экномикадан кейін екінші орында тұратын елдерде жиі байқалады. Экономикадан төмен тұратын дегеніміз жөн болар. Өйткені қай елде адам капиталының нешінші орында тұратынын саралау керек. Ме­нің ойымша, экономика адам капиталынан жоғары тұрған елде спортшы осындай әрекет­ке, заң бұзуға барады. Бұлар спорт­тық карьерасының ұзақ­қа созылмайтынын біледі. 30 жас­тан кейін де, 40 жастан кейін де өмір сүру керек. Сон­дық­тан жағдай жасап алғысы келеді. Спортшы болсын, бас­қа болсын Қазақстандағы фак­­тор осындай. Бапкер мен спорт­шы­ның амбициясы осыған жет­­­кізеді. Мұндай амбициялар Қа­зақстан спортының абы­ройын төмендетеді, – дей­ді Халықаралық спорт журна­лис­тері қауымдастығының репортері Руслан Орманбекұлы.

Допинг берген бірінші соқ­қы­дан «нокаутқа» түстік. Бұл – шын. Қазақстан ауыр атлетикасы осыдан 6 жыл бұрынғы көрсет­кі­шін жоғалтып алды. Жалпы, бұл спорт түрінің ертеңі «тұман­да­нып» тұр. Өйткені бірқатар елде ауыр атлетикадан допинг дауы шықты. Сәйкесінше Халықа­ралық олимпиада комитеті шара қолдануы мүмкін. Тіпті, ауыр атлетика Олимпиада ойындары тізімінен алынып тасталуы да ғажап емес.

«Ауыр атлетика мүлдем тұра­лап қалды. Олимпиада чемпионы болып жүрген спортшылар үздік ондыққа ене алмай әлек. Бүкіл техника, жұмыс тізбесі бұзылды. Мұның басқа спортшыларға кесірі тиді. 4 спортшы мен 2-3 жаттықтырушының қате­лі­­гінен болашақта олим­пиа­­даға қатыссам деген   спорт­шы­лар­дың жолына ке­дергі болды. Сон­дық­тан до­пинг туралы заң елдегі допинг мәселесін түбегейлі шеше алады деп айта алмаймын. Бірақ бір қадам болсын жасалды. Ендігі кезек – Халықаралық олимпиада комитетінде. Бұрындары до­пинг­пен ұсталған спортшылар олим­пиада ойындарына мүлдем қатыса алмайды деген сыбыс шыққан. Олимпиада комитеті бір спорт түрінен осыған ұқсас 2-3 жыл шу шыға берсе, спорт түрін олимпиада бағдарламасынан алып тастауы мүмкін. Егер шы­ны­мен қабылданатын болса, бұл өте қатал заң болмақ. Сондай-ақ кез келген спортшы өмірінде бір рет допингпен ұсталса, жаза­­­­сын өтесе де олимпиада ойын­да­ры­на қатысуы неғайбіл», – дейді Руслан Меделбек.

Иә, допинг дауы шыңға шығу мен құлаудың арасы бір сәт еке­нін көрсетті. Қазақстанның келбеті деген спортшының бұл күн жарыс тізіміне енуі мұң болды. Ары қарай мұндай әрекеттің орын алмауын заң қадағалайды. Атақ пен абырой бас айналдырса да, заңның күші бәйге дейтін нәпсіні жеңетін болар.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ