«Қайырымды қаланың» қайыршысы көп...
«Қайырымды қаланың» қайыршысы көп...
467
оқылды

Келесі жылы елімізде Ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО, ИСЕСКО сынды халықаралық ұйым­дардың аясында әлемдік деңгейде аталып өтпекші.  Осы атаулы күнге орай  Шым­кент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов  атақ­ты бабамыздың «Қайырымды қаланың тұр­ғындары» атты белгілі философиялық еңбегіне сүйене отырып, Шымкент қала­сына  «Қайырымды қала» деген балама атау беруді ұсынды. «Яғни, Шымкент шаһарының анықтамасы, оның халқы – қайырымды қаланың тұрғындары болады. Әл-Фараби: «Тұрғындары бір-біріне мейірімді, қайырлы, қамқор, еңбекқор, ең бастысы өздерінің туған қаласын ерекше сүйетін қауымды – Қайырымды қаланың тұрғындары» дейді ғой» деді мегаполис басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.  

Міне, қала әкімінің осынау ұсынысынан соң, әлеуметтік желіде әкімдіктің айналасында жұмыс істейтіндер бұл туралы қолдау, қолпаштауларды көбейтіп, тіпті арнайы логотип те жасап тастады. Енді қаладағы кез келген қайырымды іске «қайы­рымды қала» хэштегі қойылып, шымкенттіктер мұны әлеуметтік желіде қызу қолдануда. Иә, «ұра берсең Құдай да өледі» демекші, айтыла берсе қалада қайырымдылық та, мейірімді адамдар да кө­бейер. Алайда әзірге үшінші мегаполисте қайыр­шылар көбейіп тұр.

«Қайырымды қаланың тұрғындары» атты фило­софиялық трактат жазған ұлы даладан шыққан ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі «Ең бақытты ел – қайыршысы жоқ ел» деп айтқан екен. Демек, біз әлі бақытты елдер қатарынан емеспіз.

Елімізде 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақ­станда адамдардың мазасын алатын жезөкшелер, қайыр сұраушылар мен балгерлер жазаланатыны туралы заң қолданысқа енді. Әкім­ші­лік құқықбұзушылық туралы кодекстің жаңа редак­ция­сында бұл әрекет үшін айып­пұл төлеу мен тұтқындау қарас­тырылды. Сол кездері мұндай заңсыздықтарға құқық қорғау органдары тарапынан белсенді жұмыстар жүргізіліп, қайыршыларға қырғидай тию науқанды түрде жүрген еді. Тіпті, өтірік мүгедек болып, бар қолы мен аяғын жасырып, арбаға отырғандарды да әшке­релеп жатты. Қайыршы­лар­дың көбісінің артында адамы болатынын да осы кездері білген едік.

Бірақ ол кодекс қабылдан­ғалы бес жыл өтсе де, заң­ның айтарлықтай әсері байқал­май­ды. Тіпті, қайыр тілеу оқиғалары көбейіп барады десек те, қателеспейміз. Қа­йыр сұраушылардың көп­тігі мазалаған Мәжіліс депут­та­рының кейбіреуі қызды-қыз­дымен «олардан қалай айыппұл өндіреміз, одан да оларға садақа беретіндерді жазалау керек» деген ұсыныс та айтып тастаған бір кездері. Ақылға қонбайтын ұсыныс сол жерде-ақ ұсыныс күйі талқыланбастан қалған. Исламда садақа беру ең үлкен сауап емес пе?


қайыр.jpg

Ал қайыр сұраушылармен күресті түрлі жолдармен күшей­туге болады. Мәселен, демократиялық негіздерге қарамастан көптеген Еуропа елдерінде қайыршылық үшін жаза қатаң екен. Лат­вия, Фран­ция, Норвегия мемле­кет­тері қоғамдағы мұндай топтарға тосқауыл қойған. Ал Литвада тек мүгедектерге кө­мек көрсетуге рұқсат бе­ріл­ген. Жоғарыда айтып өт­ке­німіздей, елімізде де осыдан 4 жыл бұрын жақсы бастама болған. Алайда тіленшілерге шабуыл қазір бәсеңсіген.

Шымкент қалалық поли­ция департаменті жергі­лік­ті полиция қызметі бас­қармасының ерекше тап­­сыр­­малар жөнінде аға инс­пекторы, полиция майо­ры Данабай Алиевтің айтуын­ша, жыл басынан бері 4 мәрте «Қайыршы» жедел-про­фи­­­лактикалық іс-шарасы жүр­гі­зілген. Осы аралықта 998 адамға әкімшілік хаттама толтырылса, 47 адам қайыр­шы­­лықпен қайтадан айна­лысқаны үшін тиісті бап аясында айыппұл салынып, бес тәулікке әкімшілік қа­мақ­қа алынған. Сонымен қатар тіленшілікті кәсіп еткен 32 шетел азаматы анық­тал­ған. По­лиция майоры қайыр­шы­­­лық жасайтын адам­дар­­­дың тұрақты тұратын орын­­­­­дарын анықтап, құқық­бұзу­­­­шылықтарды жою үшін тиіс­ті шаралар қабылданып жат­­қанын, ал белгілі тұрағы жоқ жандарды қабылдап-тарату орнына орна­ластырып, тиіс­ті жұмыс­тар­дың жүргізіл­генін айтады.

Демек мегаполисте 1 000-нан аса қаңғыбастар мен қайыршылар бар. Бұл – ресми тіркелгені ғана. Ал қуыс-қуыс­та, қалтарыста қалып кет­­кендер, полицияны көріп қашып кеткендерді қосқанда, бұдан бірнеше есе көбеюі де мүмкін.

«Қол жайғыштардың» қатарын негізінен жұмысқа жарамсыз кемтар, мүмкіндігі шектеулі жандар, қараусыз қалған қарттар, көпбалалы жесір әйелдер, әйелінен ажырасқан немесе қызметі­нен кетіп ой соқты болып кет­кен ер-азаматтар құрайды екен. Сонымен қатар тұл жетімдердің біразы да кө­ше­де қайыршылықпен нан тауып жейді. Әсіресе, жұма намазы кезінде ме­шіт­­тердің ай­наласында қайыр­шы­лар­дың қаптап кететіні де жасы­рын емес.


қайыр4.jpg

Айналасынан мейі­рім таппаған жандар ша­ра­­­сыздықтан көше кезіп, қа­йыр­­шылықпен айна­лы­сады. Жалпы, қазақ даласында ті­лен­­шілік деген болмаған. «Жеті­м­ін жылатпай, жесірін қаңғытпаған» қазақ мұндай топтағы адамдарына да ел болып қарасқан. Әсіресе, қайыршылық жасап, қолын жайып тұрған қазақтың қария­сы мен кейуанасын көргенде көңіліңіз құлазиды. Атамыз бен әжеміздің бұл кейпі – ұрпаққа сын.

 


P.S.

  

Айтпағымыз, «Қайырым­ды қала» атауын иеленіп отыр­­­ған мегаполисте осын­ша қайыршының болуы ұят. Енде­ше «Қайырымды қала­ның» әкімі келешекте үшін­ші ме­гаполисті қайыр­шы­сы жоқ қалаға айналдырар деген үміт­теміз. Мүмкін, сол кезде ұлы ғұлама ойшыл баба­мыз айт­қандай бақытты елге айна­лар­мыз. Әзірге «Қайы­рым­ды қаланың» қайыршысы көп болып тұр...

 

Назгүл НАЗАРБЕК. 
Шымкент қаласы