Қарағандыда батуттан мертігіп қаза болған балаға қатысты сот үкімі шықты.
Ерлі-зайыпты Тәкішевтерге 12 жастағы Борис Рудаковты қасақана өлтірді деген айып тағылды.
Қазыбек би аудандық сотының үкімімен бұрынғы өрт сөндіруші Ерлан Тәкішев кінәлі деп танылып, оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.Сотталушының жұбайы Әлия Тәкішеваға сот орта қауіпсіздік мекемесінде төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның жазасын судья 2011 жылы туған қызы 14 жасқа толмайынша кейінге қалдыруды тапсырды. Сондай-ақ сот зардап шеккендерге моральдық шығынды ішінара өтеуге, Тәкішевтердің мүлкіне тыйым салуды күшінде қалдыруға және баланың қайтыс болуына себеп болған батутты жоюға қаулы шығарды.
Батуттың қожайыны Төтенше жағдайлар департаментінің бұрынғы қызметкері болып шықты. Іс Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігі «Адам өліміне әкеп соққан қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін қызметтер көрсету» бойынша қозғалды.
Қарағанды қаласының орталық саябағында батутты орнату туралы өтінішті олар өз танысының атынан берген. Таныс кәсіпкер Тәкішевкеөз атынан жұмыс істеуге мүмкіндік беріп қана қоймаған, оларға өз құжаттарының көшірмелерін берген. Тергеу деректері бойынша, 25 мамыр күні таңертең Тәкішевтер әкімшіліктен рұқсат алмай, паркке батутты өз еркімен орнатқан. Айыптау актісіне сәйкес, олар Mix аттракционына жақын жерге батутты дұрыс бекітпестен орнатып, қауіпсіздік техникасы ережелерін бұзған.
Прокурордың қорытындылары сот-технологиялық сараптаманың қорытындысына негізделді. Онда батут ағаштың бұталарына және оншақты қолдан жасалған металл жастықшаларға бекітілген деп көрсетілген. Ал ереже бойынша батут матасының аумағында 26 ілмек болуы керек және арқанмен бекітілуі тиіс.
«Батуттың артқы бөлігі Mix аттракционының қоршауымен түйіскен. Адам батуттың периметрі артына құлаған кезде қауіпсіз жерге түсу үшін қажетті төсеніштер, торлар, тенттер сияқты құрылғылар болған жоқ. Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне сәйкес техникалық және құқық белгілейтін құжаттар болмаған кезде үрлемелі батутты пайдалануға тыйым салынады. Осылайша, сотталушылардың жасаған қылмыстық әрекеттері абайсызда екі және одан да көп адамның денсаулығына зиян келтіруге, сондай-ақ адам өліміне әкеп соқты», – деп атап өтті прокурор Қуаныш Жексенбаев.
Сонымен қатар ол ҚК-тің 306-бабының 3-бөлігі «Жас тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін, абайсызда адам өліміне әкеп соққан тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету» бойынша сотталушы Ерлан мен Әлия Тәкішевке тағылған айыптауды қолдайтынын айтты.
Еске сала кетейік, 25 мамыр күні сағат бесте Қарағандының орталық паркінде дауылды желдің кесірінен үрлемелі батут аударылып қалды. Нәтижесінде, 12 жасар Борис Рудаков батуттан құлап, алған жарақаттан оқиға орнында көз жұмды. Батут аударылғанда Борис Рудаковтың 12 жасар досы және Саран қаласының 7 жасар тұрғыны да түрлі дене жарақаттарын алды. Балалар медициналық мекемелерге жатқызылып, екі бала жансақтау бөліміне жатқызылды.
Борис отбасында жалғыз бала болған. Әкесі осыдан үш жыл бұрын көз жұмыпты. Бесініш сыныпты бітірген бала демалысында саябаққа барып, демалуға кеткен еді. Үйіне табытпен оралды. Бұрынғы өрт сөндіруші – адам өмірінің қауіпсіздігін жақсы білетін сала маманы. Алайда ол ақша табамын деп жүрып, бір отбасының обалына қалды.Парк директоры жұмыспен шығарылды.
«Сот үкімімен келісемін. Ең бастысы, олар кінәлерін мойындады. Мен аппелляцияға бермеймін», – деді баланың анасы Марина Киреева.
Ләззат Қожахметова,
Қарағанды облысы