«Амал деп жүргеніміз – Наурыздың бір бөлшегі ғана» – мәдениеттанушы Серік Ерғали
«Амал деп жүргеніміз – Наурыздың бір  бөлшегі ғана» – мәдениеттанушы Серік Ерғали
1,004
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «...Нау­рыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн» деген  бо­латын. Сөйтіп Ұлыстың ұлы күнін атап өтудің нақты тұ­жырымдамасы жоқ екенін тұспалдаған еді. Әрі арнайы тұжырымдаманың қажет екені жайлы месседж  жолдаған-ды. Әрине, Наурызға дейін әлі  бір жарым ай бар. Деген­мен  түркі жұртының  көне мейрамын  бірізге түсіріп, оған жалпыхалықтық сипат беру ісі мезгіл таңдамаса керек. Алайда әзірге мемлекет бекіткен нақты тұжырымдама жоқ. Біз  ұзақ жылдар бойы Наурыз мейрамының тарихын зерттеп, оның атрибуттарын толық қалпына келтіріп, заман талабына сай түрлендіруге талпынып жүрген зерт­теуші Серік Ерғалимен Ұлыстың ұлы күніне байланысты сұхбат құрдық. 

– Серік мырза, біздің білуіміз­ше, сіз Ұлыстың ұлы күнін той­лаудың өзгеше тұжырымдамасын жасаған едіңіз. Жалпы, Наурыз мейрамын қашаннан бастап зерттей бастадыңыз? – Жалпы, елдегі рухани жаң­ғыру саясаты 2000 жылды «Мәде­ниетті қолдау жылы» етіп ата­ғаннан басталды. Мен сол жылдан бастап, мәдениеттану саласына бет бұр­дым. Айтысты, Наурыз мей­рамын және басқа рухани құндылықтарды зерттеуге кіріс­тім. Алайда өз мақ­сатым ретінде тек зерттеумен шектелгім келген жоқ. Ғылымның басты мақсаты – зерттеу емес, түпкі нәтиже үшін зерттеу ма­териал­дарын қолдана отырып, өнім шығару, ол – технология болсын, материалдық не рухани өнім болсын, өмірге енгізілетін нәрсе болуы шарт. Осы тұрғыдан сол Астана қаласында 2009 жылы «Зерде» тіл дамыту орталығының қолдауымен алғаш рет Сиыр жы­лын менің зерттеу­іме негіз­делген сценариймен ме­рекелеуді қалалықтарға ұсын­дық. Ауқымы қалалық болмаса да, қатысушы­лардың қолдауы мен таңғалысында шек болмады. Атри­буттар мен мерекенің әр күніне бел­гіленген салт-жоралғы арқылы Наурыз мейрамының архаистік-советтік тұр­ғыдан жауыр болған этно­графиялық еске алу сипатын тү­гелімен алмастыруға ұмтылдық. Соның арқасында Жолтерек атрибуты алғаш рет бой көтерді. «Науан» аталатын үшсөрелі мо­дерн-астау наурыз дастар­қа­нының сәнін келтірді. Осылайша, Наурыз мейрамын тар ұлттық этно­графия­дан жалпыазаматтық ауқым­ға бір шығаруды көздедік. Осы жолмен кете беріп, қалалық шеңберге шық­қанымызда, Нау­рызды мейрамдау жалпы­адам­заттық күнтізбелік жаңа жыл ме­ре­кесінен кем түспейтін деңгейге жетуі мүмкін еді. Тек он­дай дең­гей­ге әлі жеткен жоқпыз. – Сонда бұл бағыттағы бас­тамаңызға қолдау аз болды ма? – Олай деп бірден кесіп айтпас едім. Көптеген азамат пен бірқатар атқамінер тұжырымдамамызды қолдады. 2009 жылы Наурызды фестиваль ретінде 14-22 наурыз арасында мерекелеу жобасын сол кездегі қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев мырзаға ұсы­нып, таныстырдық. Қатысу­шы­лар мерекенің бұл сипатына қатты қызықты. Бірақ уақыт жағынан мүмкіндік болмады, әдет­тегідей Ұлыстың ұлы күніне дайындық жұмыстарына атқамінерлер 8 наурыз мерекесінен кейін ғана кірісетінін ескерсеңіз, біз ұсынған бұл «рухани төңкеріс» сол жылы нәтиже бере қоймады. алайда безен­дірушілер сол жылы-ақ көшеге Жолтеректі шығара бастады. Оның бірнеше нұсқасы содан бері тігіліп келеді, бірақ оны ойнатуды қолға алмағандықтан, жай ғана безендірілген. – Жолтерек деп отырғаныңыз не сонда? Жаңа жылдағы шыршаға балама ма? – Бірден шыршаның көшір­месі ретінде бағалаудың қажеті жоқ. Дегенмен христиандық та­ным­дағы шырша көне көшпен­ділердің мұрасы болғанын, түр­кілердің Бәйтерек, Шоқтерек тә­різді ұғымдарынан бастау ала­тынын ескеру керек. Бәйтерек дегеніңіз – көне таным бойынша жоғарғы, ортаңғы және төменгі әлемді байланыстыратын қасиетті ағаш. Алтайлық «Маадай Кара» жырын­да оны өте ғажап сурет­тейді. Күн жағындағы жапырақтар алтын, ай жағындағысы күміс деп сипат­талады. Жырдағы бәйтерек­тің символикалық мәнін фоль­клортанушы Едіге Тұрсынов та­маша түсіндірген. Біз оны қай­таламай-ақ қоялық. Саха жерін­дегі ежелгі қорымдардан та­былған «Шоқтерек түбіндегі ат­тылар» деген алтын композиция қа­зір Санкт-Петербордағы Эрми­тажда сақтаулы. Ондағы Шоқтерек адам жанын көк аспанмен бай­ланыстыратын жол ретінде сипат­талады. Қашаған жырау «Адай тегі» дейтін жырында бәйтеректі мүлдем бөлек ағаш ретінде суреттейді. Одан бөлек, жаңа жылда қол­данылатын шырша ғұрпының Сібір­дегі түркі халықтарында күні кешеге дейін болғаны белгілі. Оны белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев та айтқан. Яғни, көне танымдағы Бәйтерек, Шоқтерек ұғымдары өзге жұртқа жаңажылдық шырша ретінде еніп отыр. Сондықтан біз адам тілегін тәңірге жеткізетін жол саналатын ежелгі ұғымды жаң­ғыртып, Наурыз атрибуты еттік. Айт­пақшы, әлем жұрты шырша тігіп, бір-біріне сыйлық ұсынатын жаңа жыл қарсаңында көшпенділер Карачөн немесе Қара түн мей­рамын тойлаған. Ол 21 желтоқ­санға сәйкес келеді. Кейбір түр­кілер 25 желтоқсанда, күн ұзара бастаған кезде Нартукан мере­кесін тойлаған. Атауды қазақ­шаласақ, Күнтуған деген сөз. Әрине, бұлар – тым көне таным­нан жеткен ескі мерекелер. Нау­рыз да солай. Көшпенді жұрттың жылда болатын төрт күн тоқы­рауына арналған төрт мей­рамның бірі. Бірақ ең ұлысы. Ал Жолтерек сол мейрамның атрибуты болуы тиіс. – Бұл жоба ғылыми ортада қалай қабылданды? – Жобаның әрбір жаңалық­тары мен зерттеу нәтижелерін үзбей жа­риялап келдім. 2011 жылы «Қазы­ғұрт» баспасынан Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Нау мен ырыс» кітабы шықты. Жоба мен зерттеу нәтижелері 2014 жылы Түркі академиясында қызмет істе­генімде түрколог ғалымдардың на­зарына ұсынылып, қолдау тапты. 2016 жылы Ұлттық мұражай дирек­торы қызметін атқарып отырған кезде Дархан Мыңбайдың арнайы шақыруымен бас баян­дама жасап, ғылыми орта қызу қол­дады және сол жылы осы мұражайда біршама атрибуттар енгізілді. Серік – Ал енді осыншама ғылыми-практикалық жұмысты өмірге енгізудің басқа көріністері болмады ма? – Болды. Белгілі журналист, Президенттің қазіргі баспасөз хатшысы Берік Уәли бастаған азаматтар 2013 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовке Наурыз-фест жобасын жеткізіп, Шымкент қаласында Наурыз фестивалі толық көрініс тапты. Тіпті, арнайы «Наурыз алаңы» аталатын саябақ пайда болды. А.Мырзахметов облысты бас­қарып тұрған жылдары бұл мейрам осы жобамен 3 жыл бойы шымкент­тіктердің көзайымы болды. 2015 жылы сол мерекеге қатысқан Елбасы: «Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осы сіздердің өңірде 9 күнге 9 атау беріп, әр күнді әз-Наурызға тән ізгі іс­тер­мен өткізу құптарлық бастама», – деп өз ризалығын да білдірген. Бірақ ел көлемінде бұдан арыға бармады. Ал мен жобаны жыл сайын Мәдениет және спорт министрлігіне ұсынудан жалық­қан емеспін... Ендігі үміт – Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта. Пре­зидент 2021 жылғы 5 қаңтарда жарық көрген «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «...Наурыз мей­рамын атап өту тұ­жырым­дамасын жасап, көктем мерекесінің маз­мұнын байыта түскен жөн» деген болатын. Демек, енді мемлекет біздің тұжырым­дамаға құлақ аса­тын шығар деп ойлаймын. Қыс ішінде көктемдегі мейрам туралы айта бастағанымыз да содан. Мүмкіндік болса, ертерек қам­данайық деген едік. – Әдетте Наурыз мейрамының түп-төркінін парсыға тіреуге ұм­тылатындар бар. Атауын да көне пар­сы тілінің «Нава» – жаңа, «рө­заңһ» – күн деген сөздеріне апарып тірейді. Сіз оған өзгеше дәлел келтіріп, мейрамның парсы жұр­тынан емес, көнедегі көшпен­ділерден тараған мереке екенін айтасыз. Нақты дәлел бар ма? –Бар. Наурыз мейрамының «төлқұжатын» таптым десем де болады. Алматының солтүстік-батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай тауында шама­мен 5 000 жыл бұрын жартаста қашалған ежелгі суреттер бар. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бей­неленіпті: оң жағында күндидарлы адам кейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы сайтан кейіпті Ыңыр (Іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының төрт маусымы бей­неленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жа­ғында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түс­кен, ауру да көтерем сыйыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Бұл – ежелгі наурыз мере­кесінің рәсімі, жоралғысы! Бұл – сиыр жылының Наурызын мей­рамдау көрінісі! Бұл – Күн мен Түннің теңесу сәті.

Көне танымдағы Бәйтерек, Шоқтерек ұғымдары өзге жұртқа жаңажылдық шырша ретінде еніп отыр. Сондықтан біз адам тілегін тәңірге жет­кізетін жол саналатын ежелгі ұғымды жаң­ғыртып, Наурыз атрибуты еттік. Айт­пақшы, әлем жұрты шырша тігіп, бір-біріне сыйлық ұсы­натын жаңа жыл қарсаңында көшпенділер Карачөн немесе Қара түн мей­рамын тойлаған.

Бұдан басқа Алтын Орда дә­уіріндегі Наурызға қатысты баскиім табылды. Наурызбөрік деп аталса керек. Сипаты бөріктің бір түрі болғанымен, негізі қалпақ пен бөрікті біріктіріп жасағандай әсер береді. Қалпақтың аласа етегі жоғары қарай бұрыш жасай қайырылған, түймелер немесе тастармен әшекейленген; бөрік етегі бағалы терімен көмкерілген. Наурызбөрік төбесі күннің қызуын білдіретіндей қызыл түсті болмаса, жеті түспен құрақтап тігуге де болады. Аталмыш баскиім Алтын­орда дәуірінен қалған орыс ер­лерінің баскиімі тізімінде жүр. Атауы ап-анық «наурыз» делініпті. Орысша «науруз» дейді. XVII ғасырда орыс жұртында өте кең тарап, сәнге айналып кетіпті. Орыс этно­графтары суретін де беріпті. Бұндағы қалпақ Түнді, ал бөрік Күнді білдіреді. Наурызбөрік арқылы Күн мен Түннің үйлесімін біріктіре тігіп білдірген. – Атрибуттарға қатысты уәж­деріңіз қисынды екен. Ал мейрамды 9 күндік Наурыз-фест жобасына айналдыру үшін қандай тарихи негізге сүйендіңіз? – Ұлыстың ұлы күнін 7-9 күн тойлауды мен ойлап тапқан жоқпын. Қазақта бұрын болған салт. ХІХ ғасырда ескіше 1-8 наурыз (жаңаша: 14-21 наурыз аралығы) аралығында Наурыз мейрамын 8 күн бойы той­ланғанын Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай атап өтеді: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым...». Ғұлама мұны өзінің «Наурыздама» атты еңбегінде айтқан. Сонымен бірге ол Төле би заманында қазақтың наурыз­дама­сына көршілердің ешқайсының мерекесі теңесе алмағанын ай­тады. Едіге бидің 100 жолдасымен Сәті байға Наурыздама жасатуға барғаны жайлы әңгімені келтіреді. Ең қызығы, «нау­рызнама» деп емес, «наурыздама» деп жазған. Қисынға салсақ «наурыздату» деген жеке ұғым шығады. Тойлату сияқты. – Сонда батыс аймақтарда 14 наурызда болатын «Амал» мерекесі осы наурыздаманың жұрнағы ма? – Негізі, Наурыз мейрамы Кеңес Одағы кезінде ресми тойланбаса да, халық ешқашан одан бас тартқан емес. Ел ішінде мерекенің жұрнағы түрлі сипатта сақталып қалды. Батыс өңірлерде Наурыз мейрамы бұрыннан-ақ 14 наурызда басталады. Өйткені мүшелдік жаңа жыл осы күні кіреді. Ескіше 1 наурыз. Мәшһүр Жүсіп те солай жазған. Кейін зер­делесек шығыста да, теріскейде де ер­теректе 14 наурыздан бастап жыл кірген деп есептелген екен. 1914 жылы 9 наурызда шыққан «Қазақ» газетінің 53 санында «Наурыз» деген зерттеу мақала жария­ланыпты. Онда «... төрт тоқ­санның ішінде жылдың жасарып, жаңалайтын кезі – жаз. Сол тоқ­санның басы 9 наурыз болған­дықтан, бұл күн – «наурыз» айы, «жаңа күн» деп аталады» деп жа­зылған. Яғни, жаңа күнтізбе бо­йынша 14-15 наурыз мерекенің басы саналған. Этнограф Досым­бек Қатыранұлы бұрын көрісу амалының шығыста да, орталықта да болғанын жазады. Ал Шоқан Уәлиханов болса 14 наурызда Күн мен Тоқты жұлдызының «көріс­кендей» сипатын сызып қал­дырған. Астрономиялық тұрғыда осы күні Күн мен Тоқты шоқ­жұлдызының «маңдайындағы» Қамал (арапша – хамале, парсыша – хамал) жұлдызы жерден қарағанда бет­тескендей болады. Осы құбылыс көктем мезгілін келтіреді. Сонда бұл күн – әрі жыл басы, әрі көктемнің алғашқы күні. «Самарқанның көк тасын» ерітетін күн. Ол тас орта­азиялық астрономдардың мұз бен тасты қатырып, арнайы орында ба­қылауынан шықса керек. Қазақ­стан дәл осы күндері Наурызға ар­нап, қарынға салып сақтаған жент жібиді. Ол да этнографияда сақ­талған. 1989 жылдан бастап Наурыз мейрамы ресми түрде 21-22-не ауыстырылғандықтан, халық амал жоқ 14 наурызды «амал», «көрісу» атап кетті. Қазақ этнографиясында ондай жеке дара мереке жоқ. Ол 22 наурыздағы ұлы тілек ай­тылумен аяқталатын 9 күндік мей­рамның басы. Мәшһүр Жүсіп наурыз­даманың соңында, күн мен түн теңескен кезде тілейтін ұлы тілек қабыл болатынын жазған. Мысал ретінде Едіге бидің ұр­пағын атаған. Сәті мырзаға барып, наурыздама жасатқан, кейін Құдайдан тілек тілеген Едігеден Шоң мен Торайғыр туып, кейін әулеттің ұрпағынан дәулет пен билік үзілмегенін жазады. – Айтпақшы, сіз жасаған жо­бада 9 күннің әрқайсына атау беріпсіз. Бұрын болып па еді? – Әрине, көне Наурыздамада әр күнге атау берілгені жайлы дерек кездестірмедім. Бірақ дәстүрдің озығы мен тозығы бо­латыны сияқты, салт-жоралғылар жаңа­рып, замана сұранысына да сәйкес болғаны керек. Наурыз іс жүзінде күллі қазақстандықтарды бірік­тіретін, жалпыхалықтық ме­рекеге айналуы керек. 14 наурыз­дан бас­талатын мейрам қазақ, қыр­ғыз, өзбек, түркімен, әзер­байжан қатар­лы түркі халықтары, тәжік, күрд этно­стары үшін таң­сық емес. Шы­ғыс славяндардың 14 наурызда аяқ­талатын мас­леницасы да Нау­рыздың қар- саңында болады. Де­мек, Ұлыс­тың ұлы күні шын мә­нінде барша халықтың мейрамы. Ал оның әр күніне жеке атау беріп, ат­рибут­тарын белгілеу көне мере­кені нақ­ты тұжырымдамасы бар мей­рамға айналдырады. Біз 9 күнге шуақ, алас, жайнау, шаттық, бере­ке, тағзым, өркен, үйлесім, бас таң күні деген атаулар бердік. Осы күндері үлкендерге сәлем беруден бастап, аруақтарға құран бағыш­тау, сенбілік ұйымдастыру, қа­йырым­­дылық жасау, Наурыз таңын қарсы алу тәрізді көптеген шара ұйым­дас­тыруға болады. Әр күннің ерек­шеліктерін бел­гіле­рін, тағамын си­паттасақ әңгімеміз ұзақ­қа со­зылып кетеді. – Ендеше, осы тұстан сұх­ба­ты­мызды аяқтайық, рақмет!

Әңгімелескен Амангелді ҚҰРМЕТ