Судьяларды іріктеу тәртібі өзгереді
Судьяларды іріктеу тәртібі өзгереді
235
оқылды

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету және судьяларды іріктеу жүйесін жетілдіру» тақырыбында брифинг өтті, – деп хабарлайды Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Брифингке Парламент Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқық реформасы комитетінің мүшесі Евгений Козлов, Жоғарғы Соттың судьясы Елена Максюта, Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Нұржан Жолдасбеков және Жоғарғы Соттың баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов спикер ретінде қатысты.

Депутат Е.Козлов брифинг жұмысын аша келе, Ұлт жоспарында сот жүйесін жетілдіру маңызды міндет ретінде көзделгенін атап өтті. Оның айтуынша, Мәжілістің профильді комитеті «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» институционалдық реформасын іске асыру шеңберінде қабылданған заңдарға мониторинг жүргізіп келеді.

Судья Е.Максюта барлық жаңашылдықтар Елбасының стратегиялық міндеттерін және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген басым бағыттарды іске асыру аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Осы орайда сот жүйесінде орын алған айтулы жетістіктер таныстырылды. Атап айтқанда, сот ісі жедел жүргізілуде. Егер, бұрынырақ іс бойынша соңғы нүкте қою үшін 2,5 жылға дейін уақыт кететін болса, қазір орташа есеппен 8 ай жеткілікті.

Судьялар корпусының алдына 4 басты міндет қойылған: судьялық кадрларды жақсарту, сот актілерінің сапасын арттыру, бірыңғай сот практикасын қалыптастыру және процесті басы артық төрешілдіктен арылту. Оларды іске асыру мақсатында 17 заң жобасы әзірленді, оның 6-ауы қолданысқа енгізілді. Алдағы уақытта қабылданатын заңдар сот процестерін неғұрлым түсінікті әрі ұтымды жүргізуге, татуласу институттарын және дауларды шешудің баламалы тәсілдерін жандандыруға мүмкіндік береді.

Соттан тыс татуласу орталықтарының көбеюі нәтижесінде азаматтық істердің саны азаюда. Өткен жылы осындай 25 орталық ашылса, ағымдағы жылы олардың саны 47-ге жетті. Осы ретте пилоттық режимдегі отбасылық және түнгі соттар қызметі маңызды рөл атқарады. Аталған жобалар тиісті заңдар қабылданғаннан кейін жаппай қолданысқа енгізілетін болады.

Республика соттарында 118 татуластырушы-судья пилоттық режимде жұмыс істеуде. Олардың белсенді жұмысының арқасында сотқа талап арызбен жүгінгендердің 46% дауласу ниетінен бас тартып, келесі тараппен татуласты. Түнгі соттарда судьялар кешкі уақытта жұмыс істейді. Бұл көпшілікке ыңғайлы болып отыр. Бұрын жол-көлік оқиғасы бойынша сақтандыру төлемақысын алу үшін 100 күнге жуық уақыт кететін болса, қазір бұл мәселе небары 15 күннің ішінде шешіледі.

Спикер соттарда, әсіресе, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімдерінің көбейгенін атап өтті. Жекеше айыптау, қылмыстық теріс қылықтар мен қылмыстық істерді есепке алмағанда, өткен 11 ай ішінде 230 адам ақталды. Екі жыл бұрын бар-жоғы 40 адам ақталған. Бұл көрсеткіш 6 есеге артқан. Кассация өткен 11 ай ішінде 46 адамға қатысты сот актілерінің күшін жойып, іс жүргізуді тоқтатты.

Тергеу соттары қамауға алу шарасын азырақ санкциялайтын болды (қанағаттандыру пайызы өткен жылдың осындай кезеңінде 92,3% болса, қазір 88,2%). Үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы өткен жылы 374 адамға, биыл, 650 адамға қатысты қолданылды, көрсеткіш 1,7 есеге артқан.

Судья Н.Жолдасбеков судьяларды іріктеу тәртібін жетілдіру туралы айта келе, Жоғары Сот Кеңесі кадрларды таңдау тәсілдерін түбегейлі жаңартқанын атап өтті. Судьялыққа кандидаттарды іріктеу қатаңдатылды. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін 354 адам жаңа формат бойынша емтиханға қатысты, олардың ішінен 17-сі ғана (4,8%) барлық кезеңдерден сәтті өткен.

Ағымдағы жылғы қазан айынан бастап жұмыс істеп жүрген судьялар қызметі жаңа әдістеме бойынша бағалануда. Екі жыл ішінде судьялардың 80% осындай бағалаудан өтеді, бұл шамамен 1,5 мың адам. Жоғары тұрған сот сатысының судьясы төменгі саты шығарған шешімнің күшін жоя отырып, өрескел заң бұзушылықтың бар-жоғын көрсетуі тиіс.

Баспасөз хатшысы А.Садуақасов «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасын іске асыру арқылы халықтың сотқа деген сенім деңгейін арттыруға бағытталған шаралармен таныстырды. Осы ретте, сот жүйесін цифрландыру қоғамның сотқа жүгіну кезіндегі уақыт пен ақша шығынын азайтуға мүмкіндік беріп отырғандығы айтылды. Мәселен, қазір үйден не кеңседен шықпай-ақ «Сот кабинеті» сервисі арқылы сотқа талап арыз беруге немесе онлайн режимде мемлекеттік баж салығын төлеуге болады. «Сот-GIS» арқылы кез келген қаладағы сотты, медиаторды, адвокатты немесе нотариусты табуға болады. «Digital Agent» мобильдік қосымшасында соттарға жайлылық, сервис, рәсімдер және сот қызметкері критерийлері бойынша баға беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл сервис соттардың қызмет көрсету сапасын жақсартуды көздейді. «Smart-сот Көмек» телеграмм-ботында сот жүйесінің сервистерін пайдалану туралы сұрақ қойып, оған жауап алуға болады.

«Виртуалды сот» сервисінің көмегімен тараптар әлемнің кез келген елінен смартфон арқылы процеске қатыса алады. Техникалық жағынан мұндай мүмкіндік әрбір сотта қарастырылған.

Судья Е.Максюта брифинг жұмысын қорытындылай келе: «Біз көрсеткіш пен рейтинг қумаймыз. Алайда, әлемдегі деңгейімізді түсіну үшін халықаралық танымал институттардың сараптамасына мониторинг жүргіземіз. Жаңашылдықтар нәтижесінде Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингісінде Қазақстан сот төрелігінің қолжетімділігі мен жеделдігі бойынша 4-ші орынды иеленді. Келесі жылы еліміздің сот жүйесінде бұдан да сапалы өзгерістер іске асады деп кәміл сенеміз», – деді.

Брифинг барысында спикерлер журналистер сұрақтарына жауап берді.