Еңбек квотасы азаяды
Еңбек квотасы азаяды
230
оқылды

Қазақстанда шетелдік жұмысшыларға берілетін квота қыс­қартылады. Президент жақында осындай тапсырма берді. Мұндай қадамға бірнеше фактор ықпал етті. Төменде оларды тізбектейміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңесінің кезекті отырысында осын­дай тапсырма берді. Президент шетел­дік жұмысшыларға берілетін квотаны едәуір азайтуға тілекші екенін жеткізді. «Бірдей жұмыс істейтін қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің ай­лық табысында алшақтық болмауы керек. Биыл шетелдік жұмыс күшін тар­тып жатқан 95 компанияның қыз­меті тексерілді. Арнайы құрылған ко­миссия 330 заңбұзушылықты анық­тады. Олардың көбі атқарып жатқан қыз­метіне сай болмай шықты. Осын­дай олқылықты болдырмау үшін шетел­дік жұмысшыларға берілетін квотаны едәуір қысқарту керек. Биыл 49 мың квота берілген, келесі жылы оны 29 мыңға дейін азайту қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кету керек, мұндай жағдай тек бізде ғана емес, әлемнің басқа мем­лекеттерінің де бас ауруы болып тұр. Мысалы, Болгария еңбек миграциясын тоқтатып, өз жұмысшыларын Отанына қайтаруға күш салып жатыр. Өйткені ел экономикасы жұмысшы күшіне зә­ру. Мәліметке қарағанда, соңғы жыл­дары Болгариядан шетелге кеткен адамдардың саны 2 миллионға жеткен. Ал елдегі жұмыссыздық 3,5 пайызды құрайды. Болгарлар шетелге жоғары жалақы үшін аттанып, онда ұзақ уақыт қалуға тырысады екен. Еңбек миг­рант­тары көбіне Германия, Франция, Дания елдеріне барады. Шетелде жұмыс істеудің қаншалықты кең таралғанын ресми деректер көр­сетсе керек. Былтыр олар шетелден туған-туыстарына 1 миллиард евродан астам қаржы жөнелткен.

Сонымен бірге еңбек миграциясы қырғыздар үшін де өзекті мәселенің бірі. Олар ақша табу үшін Түркия, Оңтүстік Кореяда жүр. Бірақ көбінесе Ресей мен Қазақстанда жұмыс істейді. Статистикаға сүйенсек, екі қолға бір күрек іздеген Қырғыз Республикасы­ның азаматтары көбіне Ресейге ағы­лады. Ресми де­рек­ке сай, қазір онда 640 мың қырғыз азаматы еңбек миг­ранты ретінде тіркелген. Мамандардың ай­туын­ша, көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Қырғыздар Ресейде қыз­мет көр­сету саласында еңбек етсе, Қазақ­станда көбіне сауда­мен айна­лысады. Өткен жылы шетелде жүрген қыр­ғыз­ жұрты өз еліне 2 миллиард 670 мил­лион доллар қара­жат аударған. Дүниежүзілік банк ма­манда­рының есебінше, Қырғыз Республикасы бұл көр­сеткіш бойынша Еуропа мен Орта­лық Азия елдері арасында бірінші орында тұр.


Елімізде жұмыс істеп жатқан шетел­діктерге келсек, олардың 20 па­йызы – Қытай, 11 пайызы – Өзбекстан, 8 пайызы Үндістан мен Ұлыбритания­дан келгендер. Атап өтсек, үш жыл ішінде Қытай азаматтарының саны үш есе азайған.

Ал Өзбекстанның 2,6 млн азаматы шетелдерде еңбек мигранттары ре­тінде жұмыс істеп жүр. Өзбекстан­дық­тар әлемнің әр түкпірінде жан бағып жүр десе де болады. Олар Ресейде, Оңтүстік Кореяда, Түркияда, БАӘ, Жа­понияда, Польшада, Оманда, Қазақстанда және тағы басқа елдерде еңбек етеді.

Ал біздегі дау біріншіден, шетелден келген маман мен жергілікті тұр­ғын­дардың жалақы айырмашылығынан туындады. Екіншіден, шетелден кел­ген жұмысшылар өз елінде жүргендей тайраңдап, өздерін еркін сезінгені сондай, жергілікті тұрғындардың на­мысына тигені де бар. Мұның арты төбелеске ұласып, соттасқан жағдай­лар да жетерлік. Мысалы, тамыз айын­да Қарағанды облысындағы Жәйрем кен байыту комбинатында шетелдік және жергілікті жұмысшылар ара­сында қақтығыс болып, төбелеске қатысушылар жеңіл дене жарақатта­рын алған болатын. Бұл дауға себепкер түрік азаматы болып шықты. Ол Жәйрем аумағында салынып жатқан полиметалл зауытының құрылысында жұмыс істеген. Түрік азаматы қазақ қызының жалаңаш суретін желіге жүктеген. Оған ашынған жергілікті тұрғындар шетел азаматтарын ұрып тастаған болатын. Кейін кінәлі өз айы­бын мойындап, Қазақстан халқынан кешірім сұрап, видеоүндеу де жолдады. Шетелдік жұмыс күшіне қатысты ре­зонанс тудырған оқиғаның бірі 29 мау­сымда Атырау облысы Теңіз кен­тінде де болды. Жергілікті жұмысшы­лардың наразылығы мұнай компа­ния­сындағы шетелдік жұмысшының әлеу­меттік желіде жариялаған бейне­баянына байланысты туындаған бо­латын. Осы оқиға салдарынан 45 адам жарақат алды.

Дәл осыған ұқсас жағдай қазан айында Ақсу ауданының аумағында «Алматы – Өскемен» тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары барысында қы­тайлықтар мен жергілікті жұмысшылар арасында болған. 7 қазан күні Ақсу ауданының аумағында «Алматы – Өскемен» тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары барысында Citic Construction ЖШС жұмысшылары Қытай елінің 4 азаматы арасында өндірістік қарым-қатынас негізінде жанжал шық­ты. Жанжал соңы төбелеске ұлас­ты. Төбелес кезінде Қытайдың бір аза­матына жеңіл дене жарақаты келті­рілген. Жәбірленуші – этникалық қа­зақ. Қазір Қазақстанда ықтиярхат­пен тұрып жатыр. Ал соққыға жыққан­дар – қытай ұлтының өкілдері. Сон­дай-ақ келесі күні сол серіктестікте жұмыс істейтін жергілікті тұрғындар Қытай азаматтарын соққыға жыққан. Төбелесте төрт Қытай азаматы әртүрлі дене жарақаттарымен облыстың емдеу мекемелеріне жатқызылды. Сонымен қатар тексеру барысында 33 Қытай аза­матының еліміздің көші-қон заңна­ма­ларын бұзғаны да анықталған болатын.

Міне, осындай дау себеп болса ке­рек, Мемлекет басшысы арнайы тап­сыр­ма берді. Алғашқы болып Прези­дент тапсырмасын орындауды Батыс Қазақстан облысы бастап кетті. Жа­қында өңірдегі кәсіпорындарда жергі­лікті жұмысшылардың үлесі арта тү­се­ді, яғни 3 және 4-санаттағы шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін квота көлемі қысқарады деп жария қылды. Бұл негізінен инженерлік-техникалық мамандар мен біліктілікке ие жұмыс­шыларға қатысты болмақ. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Азат Ғұсманова: «Облыс бойынша 2 003 бірліктен құрылған квотаға өтінім жолданған болатын. Бүгінгі таңда ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жол­данды. Өңірлер бойынша бөлінген квота жылдың басында белгілі болады. Қазір жергілікті мамандарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді.

Елімізде жұмыс істеп жатқан шетел­діктерге келсек, олардың 20 па­йызы – Қытай, 11 пайызы – Өзбекстан, 8 пайызы Үндістан мен Ұлыбритания­дан келгендер. Атап өтсек, үш жыл ішін­де Қытай азаматтарының саны үш есе азайған. Егер 2016 жылы елімізде 12,7 мың қытайлық жұмыс істесе, бү­гінде олардың саны 4,3 мың­ды құрай­ды екен. Бұл – осы салаға жауапты мамандардың есебі.

Шетелден келетін жұмысшылар са­ны қысқарса, еліміздегі жұмыссыз­дар саны азаймақ. Өйткені олардың ор­нын жергілікті мамандар басады. «Ен­ді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалақының теңдей берілмеуі, әлеуметтік-тұрмыстық ки­кіл­жіңдер секілді тағы да басқа заң бұзушылықтарға дер кезінде үн қата алады, мұндай проблемалардың көбе­юіне жол бермейді», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен бір­ге 250-ден астам адам жұмыс істей­тін, оның ішінде 30 адамнан аса шет ел жұмысшыларын тартатын кәсіпо­рын­дарда тұрақты тексеру жүргізілетін бо­­лады. Бұл да бір ілкімді іс болса керек.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ