«Халал» деп пәтуа беретін 5 ұйым бар
«Халал» деп пәтуа беретін 5 ұйым бар
426
оқылды

«Халал» деген белгі көрсеңіз, адал­ екен деп ала беруге бол­майды. Себебі бүгінде аталған таңбаны заң­сыз қол­данатындар­дың қарасы кө­бейген. Кейде өн­діру­шілердің өзде­рі де өніміне жа­быс­тырып қоятын бол­ған. Сонымен бірге халал серти­фикат табыс­таумен айналысатын бір­неше орталық болғандықтан, бір-бірін мойындамайтыны тағы бар. Арагідік кәсіптеріне қатысты кү­­мән туып, «логотиптің» са­тылаты­ны туралы да сөз қозғалады. Мұ­ның бәрін бір жол­ға қою үшін бірың­ғай стан­дарттау қажет се­кілді. Осы та­қырыпта Ұлттық ак­кредитация орта­лығы брифинг өткіз­ген еді. Халал бел­гісін беретін орталықтар коор­динация­лауды қолдай ма? Қолға алынған жағдай­да не нәрсе ескерілуі керек? 

Соңғы кезде әлем бойынша халал стандартқа сұраныс өсіп келеді. Халық тек шұжық не ет өнімдеріне келгенде емес, жалпы қолданыста табиғи, зиянды қоспасыз өнім қолдануға тыры­са­тын бол­ды. Ендеше ішетін тамақ пен тұты­натын тұрмыстық өнім­дердің стандартқа сай болуымен қатар, сол арнайы белгіні беретін мекеменің де тиісті рұқсаты, ба­ғынатын талап-шарты болғаны дұрыс. «Сауда орталықтарында, дү­кен­дердің сөресінде «халал» бел­гісі бар өнімді көп көреміз. Оларды сертификаттаумен профильді органдар айналысады. Деген­мен кей жағдайда оны өндірушілердің өзі де салып қоятын жағдай бола­ды. Қазір Қазақстанда жеті ұлттық стандарт бар. Бірақ тиісті заңнама болмағандықтан, сертификаттау органдары координация­лау ба­рысында өз білгеніне салуына болады», – дейді Ұлттық ак­кре­дитация ор­та­лығының жетек­шісі Виктор Тома­севич. Расында, «халал» белгісін өз­дігімен салатындар аз емес. Мә­селен, ҚМДБ беретін жасыл-сары таңбаны қолданып, мейрам­ханасының маңдайшасына не­месе шұжықтың сыртына салып қоя­тын­дар бар. Әлбетте, мұндай заң­бұзу­шылық­пен «Халал Даму» бай­қаған сәтте-ақ кү­ре­седі. Өткен жылы «Бакара», «Жас­мин» сауда белгілері, Daiar асханасы және бұдан өзге бірнеше өндірушінің «ҚМДБ халал» логотипін заңсыз қол­данғаны туралы мәлімдеген еді.  Сонымен бірге аймақтарда да заңға қайшы осындай әрекеттер дер кезінде реттеліп отырады. Жалпы алғанда, азық-түліктің сарап­тама­сын Кеден одағының техникалық регламенті бойынша жүргізетін ак­кредит­телген субъек­тілер тізімінде 175 зерт­хана бар екен. Сонымен қатар азық-түлік өнім­дерін сертификаттайтын 49 ор­ган бар. Бұл деректі Ұлттық ак­креди­тация орталығынан алдық. Ал аккредит­телген зертханалардың ішінде ДНҚ иден­тификациясын жасауға тек 37 зерт­хананың мүм­кіндігі бар. Елімізде табиғи өнім­дер шығарылғанымен, оны серти­фикат­тау шетелдік органдардың қолын­да. Өйткені әзірге отандық мекемелер мұ­нымен айна­лыс­пайды. Осы ретте бұ­ған баса мән беріп, органикалық өнімге баға беруді өз ішімізде қолға алу туралы бастама жасалып отыр. Осы орайда, «халал» белгісін берумен айналысатын, ҚМДБ жанынан ашылған «Халал Даму» стандарттау және серти­фикаттау орталығына хабарластық. Ор­талық директоры Айбек Аташев ха­лал мәселесінде күрмеуі шешіл­меген мәселе­ге тоқталды. «Ең бір­інші мәселе – бір ор­ган берген халал сертификатты екінші орган мойындамайды. Екіншіден, бір ел­дің ішінде тұрып, бір-бірімен бай­ланыста жұмыс істемейді. Үшін­шіден, бір­неше халал бел­гісінің болуы тұтыну­шылар ара­сында түсінбеушілік тудырады. Төр­тіншіден, халал таңбасын беруші ме­кемелер арасында бә­секенің болуы себепті коммер­циялық басымдыққа ие бо­ла­ды. Халал сертификатының сатылуы, ха­лал сертификаттау дін жана­шыр­лары тарапынан бақы­лан­бағандықтан, жеке кәсіп­керлердің ақша табу құралына айналады. Бесіншіден, халал стан­дарт­тардың әр мекемеде әр­түрлі қол­данылуына байланысты сертификаттау сала­сында біріз­ділік болмай, кәсіп­орындар мен тұтынушылар зардап шегеді. Ал­тыншы мәселе – аралас өн­діріске, яғни бір өндіріс орнында «халал» және «халал емес» өнімдер өн­дірісіне рұқсат беруі. Жетін­шіден, «халал» – Ислам дініне ғана тән ұғым. Сол себепті халал серти­фикат­тау жұмысын кәсіби тех­но­логтермен қатар, шариғат ма­ман­дары жүргізуі тиіс. Ал жеке­мен­шік сер­тификаттаушы кәсіп­орындарда шариғат мамандары жоқ», – дейді Айбек Асқар­бекұлы. Бүгінде Қазақстанда екі ұлттық стан­дарт бар: ҚР СТ 1353-2005 «Халал» шұ­жықтар» және ҚР СТ 1632-2007 «Турис­тік-экс­курсиялық «Халал» қонақүй қыз­­­меті. Клас­сификация». Бұл стан­дарт­тар қазір қайта қаралып жатыр деседі. Ал халал белгісін берумен айна­лысатын 5 ұйым бар. Олар: «Халал Даму» ЖШС, Halal quality center ЖШС, Қазақстанның халал ин­дустриясы қауымдастығы, Halal services Alliance ЖШС және Halal Holding ЖШС. Ұлттық аккредиттеу орталығы осы ретте мойындайтын, реттейтін үшін­ші тарап қажет деп есептейді. «Халал Дамудың» 2021 жылға қойған мақ­сатының бірі – Сауда және интег­рация ми­нистрлігі Техникалық реттеу және ме­трология комитетіне қарасты Ұлт­тық аккредиттеу орталығынан ак­кредитациядан өтуге толық мүмкіндікті қа­растыру. «Бұл мақ­саттағы шаруаларға толықтай да­йынбыз. Бұл – қазіргі күннің та­ла­бы, яғни өзіміз үшін өте қажет. Ел аума­ғында халал өнімдерін сер­ти­фикаттау жөніндегі органдарды үйлестіру үшін заңнаманың бол­мауына байланыс­ты кез келген кә­сіпорын өзінің білімі мен іскерлігіне негіздей отырып, халал серти­фикаттау саласында жұмыс істей алады. Халал аккредиттеу және сертификаттау – жеке өнім­нің немесе қызметтің жан-жақ­ты зерттелгенінің және ислам ере­желеріне, халал стандарттары мен рә­сімдеріне сәйкес келетінінің кепілі. Ха­лал сертификатының тиісті құрылымы бол­маса, халал сертификатын беру жү­йе­лілік пен құзыреттілікке қатысты қо­лайсыз жағдай тудыруы мүмкін. Сондай-ақ халал таңбасы бар өнім тұты­нушы­ларды алдауға әкелуі мүм­кін», – дейді Айбек Асқарбекұлы. Қазақстанның халал индус­триясы қа­уымдастығының төра­ғасы Марат Сәрсенбаев халал бел­гісінің берілуі заңмен бе­кітілгенін айтып отыр. «Халал» таң­басын беруде координациялау қажет. Бәрі заң жүзінде, Әділет министрлігімен бекітілгені жөн. Себебі қазір логотипті әркім қалауынша қойып алып жүр. Ак­кредитациялауды да қолдай­мын. Соны­мен бірге шетелден келетін өнімдердің де ак­кредитациядан өткені жөн болады. Бұл біздің елдің беделіне оң әсер етеді. Халал өнімдерге сұраныс жыл өткен са­йын өсіп келе жат­қанын көріп отырмыз. Мысалы, Еуропада халал комитеттері бар. Тіпті, мұсылманы аз елдердің өзінде аталған коми­теттер жұмыс істейді. Сол себепті жүйелеуге қо­сыламын», – дейді Марат Ағыбай­ұлы. Халал белгісін беруде өзге ел­дердің тә­жірибесіне келсек, Өз­бекстанда «Уз­стандарт» агенттігіне қарасты Стан­дарттау, серти­фикаттау және техникалық реттеу ғы­лыми-зерттеу институты құ­рыл­ған. Осы мемлекеттік мекеме «ха­лал» стандартына сәйкес серти­фикаттаумен айналысады. «Халал» сертификатын берудің қыс­қаша тәртібіне қатысты ко­мис­сия құ­рылады. Ол ко­мис­сия­ның құ­­рамы­­на діни басқармадан, сани­тар­лық-эпидемиологиялық орталықтан, ве­теринарлық ка­бинеттен, т.б. қа­жет­тілікке қарай тәуелсіз сарап­шылар қа­тыса­ды. Аудит жұмыстары жүргізілгеннен кейін, тәуелсіз сарапшылар мен бақылау­шы­лар­дың қорытынды пікіріне сәйкес, сертификаттау немесе сертификат­тамау туралы шешім қабылданады. «Осы мә­селелерді шешудің ең оңтайлы жолы – мемлекеттің және ҚМДБ-ның бақылауы­мен «Ұлттық халал стандарты» құрастыр­ып, жеке­меншік сертификаттаушы орган­дар жұмысын ҚМДБ «Халал Даму» өкілеттігі негізінде жүйелеу қажет. Өйт­кені халал өнімдеріне қатысты туындаған мәселелерді шариғат талабына сай жүйе­леу – басты міндеттің бірі. Халал сер­тификат беруде бәсеке емес, ша­риғат тала­бын орындау аса ма­ңызды» деп түйіндеді «Халал Даму» төрағасы. Ра­сында, халал индус­триясының қарқыны күшейіп келеді. Бұрын тамаққа қатысты деп қарайтын болса, қазір өмірдің бар­лық ас­пектілерінде қол­данылу­да. Ен­деше заңмен бекітіліп, стан­дарт­тың бірізге қойылғаны мұсыл­ман қауым үшін қуанышты жаңа­лық болар еді. Бастысы, «халал» терминінің бірінші кезекте Ислам дініне қатысты екені ескеріліп, шариғи білімі бар мамандар тар­тылса болғаны.

Жадыра АҚҚАЙЫР