«Каникулы Off-line» – көпшілік көңілінен шыққан туынды. Балалар аудиториясы фильмді жылы қабылдап, екінші бөлімін асыға күтті. AulCamp-тегі қызықты демалыс пен ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін фильмнің жалғасы көрерменін несімен қуантпақ?
26 желтоқсаннан бастап «Каникулы Off-line 2» комедиясының екінші бөлімі прокатқа шығады. Сюжет бойынша балалар тағы да этно-лагерьге барады. Бірақ бұл жолғы құрам басқа. Көрермендер жаңа жылдық мерекенің алдында жазғы атмосфераны сезініп, бір жасап қалары анық. Дегенмен жаңа оқиғаға өрілген ескі хикаяның келіспейтін тұстары да бар.
Алғашқының көзге ыстық, көңілге медеу екені анық. Тіпті, кейбір дүниенің жай ғана бірінші болып қалғаны жақсы. Бұл тұжырымның аталған фильмге қатысы бар. Жеңіл сюжетті ары қарай өрбіту ісін білген адамға қиын емес. Қиыстыру жағына келсек, сценарийдегі біраз олқылықты байқауға болады.
Біріншіден, шетелдіктерді кинода қазақ тілінде сөйлетуге құмармыз. Бірақ өзіміз өмірде ана тілінде сөйлемейміз. Фильмде AulCamp-ке барған жастар да сондай. Жетекшілері оспадар қылығымен есте қалып, тілін бұрап жүргені біраз көрерменге ұнамады.
«Бірінші бөлімінде лагерь иелері бәрін нөлден бастады. Ал екіншісінде оларда табыс көзі бар. Фильм қызық оқиғаларға негізделген. Алғашқы бөлігінде өзіне сенімді, ештеңені менсінбейтін Миланды ойнасам, кейінгісінде романтик баланың рөлін сомдаймын. Туынды көпшілікке ұнайды деп ойлаймын», – дейді жас актер Мағжан Хамит.
Ал фильмде басты рөлдердің бірін сомдаған Мейірғат Амангелдин «Каникулы Off-line 2-нің» өз көрермені бар екеніне сенімді.«Басты ерекшелік – қатарымыздың жаңа актерлермен толығуы. Олар өз рөлін ойдағыдай сомдап шықты. Әрине, жаңа оқиға деп Нұр-Сұлтан қаласындағы түсірілім жұмыстарын айтуға болады. Оның үстіне сценарийі де ерекше жазылған. Қазір ұялмай отбасымен барып көретін фильм аз. Бұл туындыны үлкен кісі де, кішкентай бала да келіп тамашалай алады. Бәсекелестікке келсек, әр киноның өз көрермені бар деп ойлаймын», – дейді ол.
Түсірілім тобы киноқоржынның тағы бір комедиямен толыққанына қуанышты. Динамикалық сюжет пен күлкіге қарық қылатын оқиға көрерменді баурап алатынына сенімді. Фильмдегі жас актерлердің ойынына, талабына қарап таңданасыз. Өйткені 16 жас талант арнайы кастинг арқылы киноға шақырту алған. Киноны бір айдан астам уақыт бойы Алматы облысының көрікті жерлерінде және елордада таспалаған. Естеріңізде болса, «Каникулы Off-line» биыл 21 наурызда көрерменге жол тартса, екінші бөлімі 26 желтоқсанда проқатқа шықты.
Айбике ЖАНАСЫЛ