Ел бірлігін нығайтуда медиация институтын тиімді пайдалану қажет
Ел бірлігін нығайтуда медиация институтын тиімді пайдалану қажет
377
оқылды
Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңына – 10 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының медиациясына 5 жыл толуына орай онлайн форматта дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ-нің жобаларын іске асыру және құрылымдарымен жұмыс жасау басқармасының басшысы Талшын Италиева,  Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы, татуластыру рәсімдері  жөніндегі  үйлестірушісі Гүлжанат Рахметова, «Согласие» халықаралық медиация және заң  орталығының директоры, ҚХА республикалық Медиация кеңесінің мүшесі Рузанна Есентемирова, Түркістан облыс әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ медиация институтының үйлестірушісі Дана Кенжеқұлова, медиация бойынша PhD докторы, PDFs постдокторанты (Св. Климент Охридский атындағы Университет, София қ., Болгария), «International Bureau Of Accreditation And Certification» директоры, ҚХА республикалық Медиация кеңесінің мүшесі Гүлмира Нарбаева және тағы басқа да отандық, халықаралық кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты. Мұндағы мақсат – медиация институтын дамыту. Азаматтардың кез-келген жанжалды шешу барысында ымыраға келуге дайын болуы – өз кезегінде азаматтық жетілу мен жауапкершіліктің индикаторына айналады, қоғамның құқықтық мәдениетінің даму деңгейін жоғарылатады, Қазақстанның бүкіл әлеуметтік құрылымының әлеуметтік жағдайы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс медиация институтын жүйелі түрде нығайтуға үлес қоса отырып, ҚХА республикалық және өңірлік қоғамдық құрылымдарының өкілдері арасынан кәсіби медиаторлар мен келіссөз жүргізушілерді даярлау арқылы жүзеге асырылады. «Қоғамдық келісім» РММ-нің жобаларын іске асыру және құрылымдарымен жұмыс жасау басқармасының басшысы Талшын Италиева  өз сөзінде «Медиацияның әлеуетін ұтымды пайдалана білсек, біз қоғамда орын алатын дау-дамайларды оңтайлы реттеу арқылы, ішкі бірлікті бекемдеп, ел іргесінің аман болуына үлес қоса аламыз. Медиация термині бізге таңсық болғанымен, оның мазмұны біздің халқымызға ежелден таныс ұғым. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұстаныммен өмір сүрген дана халқымыз аталы сөзге тоқтауды білген. Қара қылды қақ жарып, әділдігін айтатын билердің көмегімен ел бірлігін сақтап, дауласушы тараптарды мәмілеге келтіру – ата-бабаларымыздың ертеден келе жатқан дәстүрі, олар «араағайындық», «бітімгер», «мәміле» және т.б. терминдер қолданған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы берік ұстанған билердің мәртебесі жоғары болып, елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақтауға ықпал еткен. Бүгінгі таңдағы әлемдік ахуал жедел өзгерістерімен, тұрақсыздығымен және болжам жасау мүмкіндігінің шектеулігімен ерекшеленуде. Қалыптасқан жағдайда қоғамның ішкі тұтастығы мызғымас берік болғанда ғана болашақты бағамдап, межелеген мақсатқа нық сеніммен қадам басамыз. Елімізде медиация институтын дамыту татулық пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуды көздейді. Елдің өркендеуі мен дамуына қоғамдағы татулық пен келісімді көздің қарашығындай сақтау арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бүгін, «Медиация туралы» ҚР Заңының 10 жылдығы және Ассамблеяның медиациясына 5 жыл толу күні, медиация Қазақстанның құқықтық жүйесінде лайықты орын алатынына сенімдімін» деп атап өтті. Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы, татуластыру рәсімдері  жөніндегі  үйлестірушісі Гүлжанат Рахметова «Азаматтық іс жүргізу кодексінде медиаторлардың, адвокаттардың қатысуымен татуластыру рәсімдерін қолдануды кеңейту – дауды бейбіт жолмен шешетіндер қатарының өсуіне ықпал етеді. Заңда медиаторлардың ғана емес, судьялар мен адвокаттардың да татуласуын жүзеге асыру міндеті бекітілген. Тараптарды татуластыру үшін шаралар қолдану және дауды сот процесінің барлық сатыларында реттеуге жәрдемдесу азаматтық сот ісін жүргізу міндеттерінен туындайды. Тараптарды әлемдік келісімге келтіру – шешім қабылдаудан гөрі әлдеқайда қиын. Бұл судьядан көп өмірлік тәжірибені, көп уақыт пен психологиялық шығындарды, конфликтология мен психология туралы білім қажеттілігін талап етеді. Татуласу, оның ішінде медиациямен аяқталған істер саны жылдан жылға артып келеді, бұл қоғамдағы құқықтық мәдениеттің арттыруын көрсетеді» деді. Ал ҚХА республикалық Медиация кеңесінің мүшесі Рузанна Есентемирова «Меніңше, еліміздің барлық мектептерінде Медиация қызметтері құрылып, жоғары оқу орындарында медиация пән ретінде оқытылуы тиіс. Жас буын дау-жанжалдарды татуласу арқылы шешуге болатындығын түсінген кезде, медиацияның танымалдығы артады және сұранысқа ие болады» деген пікірімен бөлісті. Түркістан облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ медиация институтының үйлестірушісі Дана Кенжеқұлова  Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған медиация институтының негізгі мақсатына тоқталды. – Біздің міндетіміз – медиацияны дамыту мен насихаттау арқылы оның жұмысын жүйелендіріп, ұйымдастыру, ел бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтуда медиация тетігін тиімді пайдалану. Соңғы жылдары ел аумағында медиацияға ерекше мән берілуі біздің дәстүрімізден жаңылмай, жаңашыл болуымызды, болашағы біртұтас ел болуымызды меңзейді. Өркениетті қоғамның берік іргесі – заң болса, тұғыры – құқық. Медиация дегенде ең алдымен дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау мәселесі айтылады. Медиацияның тетіктерін ұтымды пайдалана білсек, біз қоғамда орын алатын дауларды оңтайлы реттеп, ішкі бірлікті бекемдей аламыз. Дау-дамай бұрын да болған, қазір де бар. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрсек те, ең алдымен ынтымақты сақтай білуіміз керек. Медиация татулық пен тұрақтылықты көздейді, – деген ойларын ортаға салды. Медиация бойынша PhD докторы Гүлмира Нарбаева «Біз бәріміз және балаларымыз қауіпсіз қоғамда өмір сүргенін қалаймыз. Ал медиация – қауіпсіз орта құру құралы, өйткені медиацияның мақсаттарының бірі тараптардың жанжалдық деңгейін төмендету болып табылады. Егер медиация рәсіміне өтініштер көп болса, қоғамдағы жанжалдар деңгейі төмендейді, тиісінше, адам қауіпсіздігі деңгейі артады. Біз жанжалсыз қоғамға ұмтыламыз» деп түйіндеді. Жиын соңынан медиация институтына арналған бейнеролик көрсетіліп, алыс және жақын шетелдегі медиаторлар әріптестерін Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңына – 10 жыл, ҚХА медиациясына 5 жыл толуына орай құттықтау тілектерін жеткізді.