Ұлттық жоспар ел дамуының негізгі бағдарларын қалыптастырады
Ұлттық жоспар ел дамуының негізгі бағдарларын қалыптастырады
588
оқылды

Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жос­парын әзірлеу, Мемлекеттік жос­парлаудың жаңа жүйесі, Мем­лекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырым­дамасы, 2021-2025 жылдарға ар­налған жекешелендіру жоспа­рының жобасы, сондай-ақ Жедел реформалар пакеті және ұлттық халық санағын өткізу мәселелері қарастырылды. Кеңесте Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкім­шілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агент­тігінің төрағасы Қайрат Келімбетов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғановалар баяндама жа­сады. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кеңес мүшелерінің баяндамалары мен пікірлерін тыңдаған Президент көтерілген мәселелерге егжей-тегжейлі тоқ­талып, оларды іске асырудың нақ­ты тетіктері туралы өз ойымен бө­лісті. Мемлекеттік жоспарлаудың жаңартылған жүйесінің бағдар­ламалық құжаттары мейлінше икемді болуға, стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын арттыруға, мемле­кеттік органдар мен ұйым­дар бас­шыларына қойылған мін­деттерді орындау үшін тікелей жауап­кершілігін айқын бекітуге тиіс. Әлемнің көшбасшы мемле­кеттерінің қатарына кіру мақса­тында елімізді одан әрі дамытудың негізгі үш бағыты, атап айтқанда, институттардың сапасын жетіл­діру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, мықты экономика құру ұсынылды. Ортамерзімді перспективаға арналған міндеттерді айқындай­тын негізгі құжат ретінде еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары белгіленді. Құжатта аса маңызды салаларды дамыту бо­йынша пайымдар, негізгі саясатты жетілдіру жөніндегі басты бағ­дарлар көрініс табады. Ұлттық жобалар қызмет түр­лері мен салалардың түйткілді мә­селелерін шешуге бағытталады. Жобалар белгілі бір кезеңде нақты нәтижеге қол жеткізуі және ол то­­лықтай қаржыландырылуы керек. Қазіргі уақытта цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, кәсіпкерлік, бәсекелестік, қор­шаған ортаны қорғау және басқа да бірқатар жобаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Олар биылғы 1 шілдеге дейін дайын­далып, бекітілуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев нақты салаға қатысты мәселелерді тал­қылауға маманданған сарапшы­ларды тарту, ал қоғамда қызу тал­қыланған тақырыптар бойын­ша белсенді азаматтарды кең ауқымда жұмылдыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Үкімет ұсынған Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының жобасы 12 стратегиялық бағыттан тұрады. Олар институционалдық, экономикалық және әлеуметтік болып үш салаға бөлінген. Даму жоспары бойынша 2025 жылға қарай өсім деңгейі 5 па­йызға артып, жалпы ішкі өнім­дегі шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға дейін, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін, шикізаттық емес экспортты 2 есе­ге, яғни 41 миллиард теңгеге дейін, еңбек өнімділігін 45 па­йызға ұлғайту негізгі көрсеткіш болмақ. Қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі мен сапасын арттыру жө­ніндегі шаралардың нәти­жесінде азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғаюы тиіс.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР КАРТАСЫ ЕНГЕН ҚҰЖАТ

Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі деңгейін, атап айт­қанда оқушылардың білім көр­сеткіштері, цифрлы бәсекеге қабі­леттілік, заң үстемдігі ин­­декстері бойынша жақсарту жос­парлануда. Аталған құжатқа қатысты пікір білдірген Президент Ұлттық жос­пар бүгінгі жаһандық үрдістерді ескере отырып, ел дамуының не­гізгі бағ­дарлары мен цифрлы па­­раметрлерін қалып­тасты­ратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың пікі­рінше, еліміздің ортамер­зімді перс­пективадағы дамуы атал­ған ре­формалардың сапалы іске асы­рылуына тікелей байла­нысты болмақ. Стратегиялық көрсеткіштердің егжей-тегжейлі картасы – Ұлттық жоспардың ажырамас бөлігі. Соған сәйкес әрбір мемлекеттік органға және ірі квазимемлекеттік ұйымға белгіленген кезеңде қол жеткізуге тиіс нақты көрсеткіштердің тізбесі бекітіледі. Көрсеткіштердің нәти­жесі ақиқаттан алыс болмауы керек. Дегенмен оңай қол жететін және ынталандырмайтын индика­тор­ларды мақсат етуге болмайды. – Біздің басты мақсатымыз – бә­секеге қабілеттілік деңгейін арт­тыру және әлемнің дамыған мем­лекет­терінің қатарына кіру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұлттық даму жоспарының ая­сында ұсынылған рефор­ма­лар­дың көбісі Кәсіпкерлік, Бюд­жеттік және Салық кодексі сияқты заң­намалық актілерге өзгерістер ен­гізуді қажет ететінін ескере оты­рып, Мемлекет басшы­сы Үкі­меттің Парламентпен кон­струк­тивті жұ­мыс істеуі қажет екенін атап өтті. – Депутаттық корпус Ұлттық жоспардың табысты жүзеге асуы үшін барлық қажетті заңнамалық базаны қамтамасыз етуі тиіс, – деді Президент.

МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ДА МАҢЫЗДЫ

Бұдан кейін жиында Мем­лекеттік басқаруды дамыту­дың 2030 жылға дейінгі тұжырым­дамасының жобасы қарас­ты­рылды. Тұжырымдаманың жүзеге асы­рылуы әкімшілік-бақылауға ба­ғытталған әдістен адам мен оның игілігі басты құндылықтар са­на­латын мемлекет пен халықтың өзара ықпалдастық моделіне кө­шуді қамтамасыз етеді. Осы құжаттың аясында мем­лекеттік аппараттың кәсіби­лігін жетілдіруге, оның қоғам алдындағы есептілігіне, реттеушілік саясатты ілгерілету мәселелеріне, мемле­кеттік қызмет көрсетудің тиімді­лігін арттыруға, квазимемлекеттік сек­торды оңтайландыруға, жергі­лікті басқару ісін дамытуға және т.б жол ашылады. Токаев Жалпы, Тұжырымдамада қам­тылған шаралар мемлекеттік аппа­раттың тиімділігін арттыруға және оның ашықтығына ықпал етеді. Бұл мемлекеттік басқару институ­тына деген сенім деңгейін кө­тереді. Тұжырымдаманың негізгі ере­желері 2025 жылға дейін іске асырылуы тиіс. Ал оның негізгі қағи­далары биыл орындалады. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжат қоғам талабына сай келеді жә­­­не халықтың тұрмыс сапасын жақ­сар­­­туға бағытталған ауқымды әрі маңызды өзгерістерді қамтиды деп санайды. Осыған орай, Пре­зидент Үкіметке тиісті ресурстарды бөле оты­­рып, егжей-тегжейлі сара­­ланған Іс-қи­­­мылдар жоспарын қабыл­дауды тап­сырды.

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЖАЛҒАСАДЫ

Сонымен қатар 2021-2025 жыл­дарға арналған жеке­ше­лен­діру жос­парының жобасы ұсы­нылды. Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмасына сәй­кес, толықтай немесе жартылай жеке бәсекелестік секторға өтетін ұйым­дардың саны 176-дан 736-ға дейін ұлғайды. Бәсекелестік ортаға 5 триллион теңге көлеміндегі активтердің берілуі мемлекеттің экономикаға араласуын 14 пайызға дейін қыс­қартуға мүмкіндік береді. Осы­ған орай, стратегиялық ин­весторлар тар­тылып, шағын және орта биз­нестің жеке­шелендірілетін компа­ния­лардың қызметіне қолжетім­ділігі сақталады және кеңейеді. Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту жұмыстары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мә­селеге егжей-тегжейлі тоқталды. Президент алдыңғы жеке­ше­лендіру кезіндегі нысандардың басым бөлігі біршама кейінге ше­герілген немесе мүлде алынып тас­­талған тәжірибені еске салды. – Жұмыстың жоспар бойынша жүруі аса маңызды. Бұл тұрғыда Үкіметтің ұстанымы қатаң болуы қажет. Жекешелендірудің соңы жеке монополиялардың пайда бо­луына әкеп соқтырмауы керек. Ондай жағдай қоғамның на­ра­зылығын тудырады. Жеке­ше­лен­діру үдерісі кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету қа­жет, – деді Мем­лекет басшысы. Осы реттФе Президент Үкі­метке нысандарды сатуға қоғамдық мо­ниторинг жүргізудің тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы IPO құралдарын мей­лінше кең пайдаланудың қажеттігін айта келіп, жеке­ше­лендіру мә­с­елесінде бұл тетікке басымдық беруді атап өтті. – «Халықтық IPO» бағдар­ламасын қайта жаңғыртып, ак­цияларды, ең алдымен жеке тұл­ғаларға, яғни Қазақстан азамат­тарына сату керек. Еліміздің әрбір азаматында ұлттық бай­лықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жиында Президенттің тап­сыр­масына сәйкес әзірленген жедел шаралар топтамасы тал­қыланды. Аталған шаралар шағын және орта бизнес субъектілері үшін төлем тетігін жеңілдету және ең­бекақы қорына салық жүк­темесін азайту, жаңа өндіріс компаниялары үшін ҚҚС бойынша мөл­шер­ле­мелерді 70 пайызға төмен­дету, «Бизнестің жол картасы» суб­си­дия­лау бағдар­ла­масына микро­қар­жы ұйымдарын қосу және басқа да жолдар арқылы эконо­миканың сапалы әрі тұрақты да­муын қам­тамасыз етуге бағыт­талған. Заңмен бекіткеннен кейін бұл нормалар осы жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асырылуы тиіс.

БИЫЛ ҰЛТТЫҚ САНАҚ ӨТЕДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесін айта келе, халық санағы тұрғын­дардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урба­низация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды талдау деректерді анықтап, тексерілген әрі дәйекті басқарушылық ше­шімдер қабыл­дауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Президент аталған шарадан мейлінше мол мағлұмат алу үшін сауалнаманың мазмұнына көңіл бөлу қажет екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы азаматтарға аса көп сауал қоймауды және санақты өткізудің оңтайлы жол­дарын пайдалануды, оның ішінде пан­демияның таралуына жол бермеуге байланысты шектеулерді ескере отырып, цифрлы техно­логияларды кең қолданған жөн деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­метке Премьер-Министрдің бі­рінші орынбасарының төра­ға­лығымен арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Аталған топ ұйымдастыру және негізгі мәселе­лерді шешумен, сондай-ақ дайын­­­дық жұмыстарын үйлес­тіріп, оны іске асырумен айна­лысады. Ұлттық санақ осы жылдың қа­зан айында өткізіліп, ал 2022 жылдың ортасына қарай Үкімет нақты мәліметтерді жариялауы тиіс.