Ресми мәліметке сенсек, Қазақстанда барлық жердің 62%-ы немесе 38 миллион гектары ұтымды пайдаланылмайды. Мұның сыртында тағы 2,2 миллион гектар жер мүлдем пайдаланусыз жатыр. Оның үлкен бөлігі кредит алу үшін банктер мен қаржылық институттарға кепілге қойылған, тиісінше, қарыз қайтарылмағанда мемлекеттің жері жеке қаржы құрылымдарының қолына көшеді. Мұның стратегиялық қаупі бар. Оның үстіне ауылдықтарға мал өсірейін десе, жер жетпеуде.
Жылда Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында үнемі көтерілетін парадоксты бір мәселе бар: ұлан-байтақ территорияға ие Қазақстанда егін не мал шаруашылығын жүргізуге жер тапшы. Ақылға сыймайтын осы түйткілді шешу үшін қаншама шешім қабылданды. Әкімдерге, прокурорларға және басқасына ұтымды немесе мүлдем қажетке жаратылмайтын жерлерді тартып алу тапсырылды, заң қайта жазылып, тиісті құзырлар берілді.Ақыры не болды?
Инвесторлардан, кәсіпкерлерден және ауылдықтардан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, кәсіп жүргізуге, табыс табуға жер сұраған өтініштер толастар емес. Әкімдердің де жауабы дайын: бос жатқан жер жоқ. Халық пен бизнес болса, бос жатқан жердің барын өз көзімен көріп отыр. Неге бермейді? Себебі іс жүзінде бос жатқан жердің құжат жүзінде «иесі бар». Содан мұндай әділетсіздікке шыдамаған жұрт ел басшылығының құлағын шулатады. Осы аптада, 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қ.Тоқаев бұл мәселені тағы да тілге тиек етті. Ол жайылымдар ауыл тұрғындарына қолжетімді болмай тұрғанына назар аудартты. Өйткені «жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр». Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. «Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99%-ы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін ол жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын! Оны ауыл тұрғындарына берген жөн», – деді Қ.Тоқаев. Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өткен жылдардағы «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ұтымды пайдаланылуын бақылау және цифрлық мониторингін енгізу туралы» тапсырмасына сәйкес, Supervision Technology «Жерлердің цифрлық мониторингі» (lands.qoldau.kz) сервисін әзірлеп шықты. Рас, бұл сервис жер қатынастары, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармаларының және бөлімдерінің қызметкерлеріне ғана қызмет көрсетеді. Бұл үшін олар электронды бланк толтырып, өтініш жіберуі керек. «Жер тағдыры – ел тағдыры» болғандықтан, оны халыққа да ашық, қолжетімді етсе, жөн болар еді. Аталған порталдың дерегіне жүгінсек, қазіргі кезде Қазақстанда қолданылатын 61 миллион 417 мың 586 гектар жайылымдық жердің 38 миллион 154,2 мың гектары немесе 62,12%-ы ұтымды пайдаланылмайды. Оңтайлы қолданылмайтын жайылымның үлкен үлесі Қызылорда облысында – жалпы ауқымы 1 млн 447,4 мың гектардың 1,2 миллионы немесе 87,55%-ы, Алматы облысында – 5 млн 795,8 мың гектардың 4,9 миллионы немесе 84,78%, Маңғыстау облысында – 3 млн 418,1 мың гектардың 2,6 миллионы немесе 77,49% және Солтүстік Қазақстан облысында – 894 мың 504,35 гектардың 664,8 мыңы немесе 74,32%. Өзге өңірлердің де оңып тұрғаны шамалы. Мысалы, аз деген Павлодар облысының өзінде 3 миллион 394,8 мың гектар жайылымның жартысына жуығы – 1,5 миллионы немесе 45,18%, Қарағанды облысында 11 миллион 826,2 мың гектардың 6,1 миллионы немесе 51,59%-ы, Қостанай облысында 3 миллион 671,7 мың гектардың 2,06 миллионы немесе 56,29%-ы ел игілігіне пайдаланылмай жатыр.Жерді беруден кері алу қиын
Әдебиетте «шөп қорыған ит» деген фразеологизм бар, яғни маяға жатып алған ит шөпті өзі жемейді, жейтінге бермейді. Яғни, ешкімді ресурсқа жолатпайды, сол тірлігін бедел санайды. Сол сияқты жүздеген мың гектарды иеленген, бірақ оның бәрін игеруге әлеуеті жетпейтін жеке тұлғалар мен компаниялар бар. Құжаттары толық, тірегі мықты олардың қолданбайтын жерлерін әкімдер тартып ала алмайды. Оның үстіне, оларды кәсіпкерлікті қолдауға арналған ұлттық заңнама қорғайды. Биыл Жер кодексіне қатысты кезінде жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталатыны мәлім. Осыған байланысты Президент Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жандандыратынын жариялады. Демек, ел Үкіметі сол комиссиямен бірлесіп, жерді не өзі игермейтін, не өзгеге бермейтін латифундистерден арылудың заңды жолдарын тапса, абзал. Ауылдың жағдайын жергілікті әкімнен артық кім біледі? Нақты бір ауылда кімнің жерді еміп, егін егіп, дала төсін төрт түлікке толтырып отырғанын, ал кімнің ауыл бизнесіне қыры жоғын байқатып, алған жерін арамшөпке жайлатқанын сол біледі, оны астанадағы министрлік қайдан білсін? Осы байламды негізге алған ел Парламенті жерге қатысты ауыл-аудан әкімдерінің құзырын күшейткен болатын. Өмір көрсеткендей, ауыл-аймақ әкімдері бұл түйткілдің түйінін тарқатуда әбжілдік пен іскерлік, пәрменділік пен тегеурін танытпады. Сондықтан енді барлық құзыр қайтадан орталыққа алынып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелуде. Өз кезегінде АШМ-нің байламынша, пайдаланылмайтын немесе жер заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мәжбүрлеп алып қоюдың қолданыстағы тетігі тым оралымсыз, ұзаққа созылады. «Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбау және ұтымсыз пайдалану фактісін дәлелдеу үшін бірнеше рет тексеру жүргізу қажет. Содан кейін, яғни екі жыл өтіп, үшінші жылы ғана сотқа жерді алып қою туралы талап арыз бере аламыз. 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес, инспектор заң бұзушыға «жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы» тапсыруы шарт. Ол үшін инспектор оған тексерудің және профилактикалық бақылаудың тағайындалғаны туралы актіні көрсетуі керек. Ондай актіге қол жеткізу де оңай емес. Көптеген меншік иелері мен жер пайдаланушылар тексеруге қатысудан бас тартып, бұл процедурадан басын ала қашады. Соның кесірінен әлгі тексеруді өткізудің өзі белгісіз уақытқа созылып кетеді», – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.Деректегі алшақтықтың астары неде?
Расында, қолданыстағы тетік пайдаланылмайтын жерді тез алып қоюға еш мүмкіндік бермейді. Кәсіпкерлерді рейдерлік шабуылдан қорғау үшін жерді мәжбүрлеп алып қою механизмі мен нормалары күрделендірілді. Мәселен, жергілікті әкім жайылымның не егістіктің ұзақ уақыт пайдаланылмай босқа жатқанын аңғарса, алдымен ол субъектіге тексеріс рәсімін ұйымдастыруы керек. Тексеріс тәмамдалған соң жер иесіне бұзушылықты жою жөнінде 1 жыл мерзімге нұсқама беріледі. 1 жылда ештеңе өзгермесе, қайтадан «бақылау тексерісі» жүргізілуі керек. Ол тексеріс қорытындысында жердің пайдаланылмайтыны расталса... тағы 1 жылға нұсқама беріледі. Яғни, тек 3-ші жылда ғана жер учаскесін алып қою туралы сотқа шағым бере алады. Сөйтіп, алып қоятын болар? Жоқ. Жерді алып қою тәжірибесін талдау көрсеткендей, ешкім де өз еркімен жермен қоштасқысы келмейді: көбінесе жер пайдаланушылар мемлекеттің талап-арыздарына қарсы апелляцияға шағымданады, дауласады. Ары қарай істі сот созбалаңға салады, үкімін жиі кешіктіреді. «Сондықтан қаптаған жосықсыз жер пайдаланушылардан жерін мәжбүрлеп алып қою фактілері өте сирек. Осыған байланысты жер учаскелері ондаған жылдар бойы пайдаланылмайды және айналымнан шығарылады, егістік жерлердің құнарлы қабаты жойылып, тозады. Арамшөп басады. Оларды кейін дақылдар егу үшін қалпына келтіру қиынға соғады. Мұның сыртында бұлар көрші жер телімдеріне де орны толмайтын зиян келтіреді. Өйткені олар өсімдік аурулары мен зиянкестердің даму ошағына айналады. Нәтижесінде бүгінде өз бизнесін ашқысы немесе қолда бар бизнесін кеңейткісі келетін адал фермерлер үшін елімізде қолайлы жер жоқ!» – деді АШМ мамандары. Осылайша, мәселе одан ары қордалануда. Оны шешу үшін АШМ жаңа заң жобасын әзірлеп шықты, онда жерді алып қою кезеңдерін қысқартуды ұсынады. Бұл заң қабылданса, инспектор бос жатқан жерге бармай-ақ, отандық «Жерді қашықтықтан зондтау спутнигі» арқылы алынған деректер негізінде тексеріс жүргізеді, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтайды. Жер пайдаланушыға анықталған бұзушылықты жою жөнінде хабарлама бағыттайды. 1 жыл өткесін, ЖҚЗ жерсерігі түсірген түсірілім арқылы қайталама мониторинг жүргізеді. Ары қарай сотқа беріп, сот арқылы тартып алады. Әкімдіктердің Үкіметте жолдаған мәліметтеріне жүгінсек, 2013 жылмен салыстырғанда алдыңғы жылы жергілікті атқарушы органдардың жерді пайдалану мен қорғау саласында жүргізген тексерулерінің саны 2,6 есеге азайған. БАҚ не блогер арқылы «бизнеске қысым жасап жатыр» деп дау-жанжал тудыруы мүмкін деп қорқып, әкімдер қаражаты да, мүмкіндігі де мол ірі жер иеленушілермен байланысқысы келмейді. «Бұл ретте анықталған бұзушылықтарды жою 4,5 есеге кеміп кетті. Бұдан бөлек, субъектілерді іріктеп-тексерулер саны қысқарды. Ал жер мәселелері бойынша шағым артуда: Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2018 жылы – 1 613, ал 2019 жылы 3 614 өтініш түсті», – дейді ведомство өкілдері. Осы орайда елімізде нақты қанша жердің пайдаланылмай жатқанына қатысты деректер де әртүрлі. Мысалы, Бас прокуратура Премьер-Министр кеңсесіне жолдаған заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс хатында «прокуратура органдарының ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлердің 9,6 миллион гектарын анықтағанын» мәлім етті. Ал облыстар мен қалалардың жерге жауапты атқарушы органдарының деректері бойынша республикада барлығы 2,2 миллион гектар жер ғана пайдаланылмай жатыр. Мұндай ала-құла ақпараттың ар жағында жүздеген мың гектар ұлан-ғайыр жерді астына басып, елге зиян келтіріп отырған қаншама латифундистің мүддесі жасырулы жатуы әбден мүмкін. Ендеше қазақ жеріне жалпыұлттық ревизия жасап, түгендеу қажеттей.