Бір айда 253 ара шақса...

Ара өнімдері арқылы емдеу саласын ғылымда «апитерапия» деп атайды. Саланың елімізде тәй-тәй басып дамып келе жатқанына 30 жылдай уақыт болған екен.

Ара өнімдерімен емдеу методикасын алғаш рет ғалым Мергенбай Алмабекұлы ойлап тапқан. Сала болашағы мен жетістіктері жайында ғалымның шәкірті Шахмарал Ағыбайұлымен сөйлестік.

– Ара өнімдері арқылы қалай емдейсіздер? Методикаларыңыз жө­нінде кеңінен түсіндіріп берсеңіз.

– Омартамен айналысса, тек бал алып сатады немесе балмен ға­на емдейді деген түсінік бар. Не­гізінде, бал ара балдан бөлек, 10 түр­лі өнім береді. Сол 10 түрлі өнім­ді осыдан 33 жыл бұрын жаса­ған методикамыз бойынша дәріге айналдырамыз. Адамның жасына, сал­мағына, бойына және маза­ла­ған ауруына байланысты, яғни ант­ропомертиялық өлшеміне сәй­кес ағзаға кезең-кезеңімен жібе­ре­міз. Кез келген адам 11 түрлі жүйе­ден құралған. Адам – кешенді түр­де жұмыс істеп тұрған био­ло­гия­лық субъект. Біз осы жүйелерді ем­демейміз, кезең-кезеңімен та­зартамыз. Адам ағзасына да толық тазару керек. Тұтынып жатқан ас, су, ауа арқылы да ағзада түрлі шлак, токсин жиналады. Ол жыл­дар бойы тек жинала береді. Әлем­дік медицина мамандары, Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір ауыздан келісімге келгенде, бар­лық диагноздың 82%-ы асқа­зан-ішек жолынан, әсіресе ас ішек­тегі мәселеден туындаған де­ген. Біз асқазан-ішек жолын та­за­лап болған соң оған ара өнімдері ар­қылы керекті дәрумен, макро, мик­роэлементтерді береміз. Дәрі са­палы, халыққа сенімді болу үшін өзі­міз омарта ұстаймыз.

– Сонда бұл ғылым елімізде қа­лай қалыптасты?

– Иә, әрине, ғылыми әрі заң­ды тұрғыда қалыптаспаған деп сен­бейтін адам көп. Апитерапияны ұс­тазым Мергенбай Алмабекұлы зерттеп, Қазақстанда іргатасын қа­­­­лаған. Ол кісі мектепті бітірген соң Кеңес кезіндегі Омарта­шы­лық­ты зерттеу институтына оқуға тү­седі. Бұл институт Ризан қала­сын­да 1953 жылы ашылған, бүгінге дейін ең ірі зерттеу институтының бірі саналады. Институтты тә­ма­м­да­ған соң ұстазымның қатарлас­тары бал сығып сатуды қолға алса, ұстазым ара өнімдерінен дәрі-дәр­мек жасауды ермек етеді. Осыдан 33 жыл бұрын алғашқы дәрілері­міз­дің рецебін дайындай бастайды. Оның хоббиіне айналғанымен, адам емдеп көрмейді. Кейін ұста­зым қатты ауырып қалады, мемле­кет­тік те, ақылы да емханалардың та­балдырығын тоздырады. Дәрі­гер­лер қолдан келгенді істедік, ар­ғы өмірге дайындала беріңіз деп қайтарады. Сол кезде ұстазым өз жа­саған дәрілерін ішіп, тәжірибе жүр­гізуді бастайды. Бір айдан кейін ауруынан еш белгі де қал­май­ды. Ауырып жүрген кезде оны та­нымай қалған жақындары қан­дай шипа тапқанын білгісі кеп сұ­рай жөнеледі. Кейін Мергенбай аға жақындарын емдеп, тәжірибе жа­сауды қолға алады, бұл тәсілін 2020 жылға дейін зерттей береді.

2020 жылы Қытайдан келген бір пациентіміз: «Бүгінге дейін дер­тіме ем таппай, қанша ел-жер ара­ладым. Сендер әлі «сарафан ра­дио» арқылы жұмыс істеп отыр­сыңдар. Методикаңды растайтын нақ­ты құжатың неге жоқ?» – деп ай­тады. 2020 жылы Астанада та­ғам­тану проблемалары институ­тын­да жұмыс істеп жүрдім. Сонда жетек­шім, институт директоры Ер­болат Даленов клиникалық зерт­теу жұмыстарын жүргізуге мүм­кіндік берді. Мергенбай аға сол кісінің ғылыми жетекшілігімен жұ­мыстарын зертханалық тексе­ріс­тен өткізеді. Клиникалық зерт­теу­ге 1 жастан 86 жасқа дейінгі адам­дар қатысты. Ғылыми тұр­ғы­дан методикамыз кез келген жас­т­ағы, кез келген жыныстағы адам­ға кері әсері жоғы дәлелденді. 2021 жылы 6 сәуірде Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне қарасты Ғылыми кеңестің мақұлдауын алдық. 

– Шетелдік тәжірибемен са­лыс­тырғанда, методиканың ерек­ше­лігі неде?

– Адамның жасы, салмағы, бойы, мазалаған диагнозына бай­ла­нысты арнайы дәрі дайындай­мыз. Ағзаға ауыр болмас үшін ке­зең-кезеңімен беріп, іштегі шлак­­­ты тазалаймыз. Бір жағынан, ағ­заны тазаласақ, екінші жағынан, қал­пына келтіру қатар жүреді. Адам ағзасы толық тазаланып бол­ған кезде инфарк, инсульттан да арылып шығады. Бір құрдасым Оңтүстік Кореяға барып, ем тап­пай келді, тіпті Мәскеуге, Иранға, Қы­тайға барған. Ол созылмалы буын ауруының бірі – Бехтерев ауруымен 17 жыл ауырып, дәрігер­лер енді емделмейді деген екен. Бізге келгенде, сәл болмағанда жа­ны шығып кете жаздайын деді. Бір­де ол сол аурумен ауырған адам­мен Астанадағы «Ханша­тыр­дың» алдында кездесіп қалады. Бех­теревпен ауырғандар бір-бірін жүріс-тұрысынан-ақ тани қояды, себебі қимыл-қозғалысы робот­ті­кін­дей қатып қалған, бұлшық еті тү­гелдей құрысып, мойнын да бұра ал­май, бүкіл денесімен бұрылып қа­райды. Сөйтіп, әлгі бұрын ауыр­ған кісі: «Сен Бехтеревпен ауы­ра­сың ба?» – деп сұраған екен. Ол ке­зінде, 24 жыл ауырып, бізге ке­ліп емделіп шыққан адам. Құ­дай­дың құдіреті, құрдасым сол кісіден біз­дің нөмірді алып, хабарласып ем­ге келді. 5 курстың 4 курсын ал­ған соң, жағдайы оңалып кетті. Жал­пы, адамдар енді жақсарып қал­ғанда, емді толық жалғас­тыр­май, келмей қоятыны қызық.

Тағы бір шенеунік ағамыз Гер­ма­ниядағы институттарға дейін ба­рып, жарты жыл емделеді. Одан Оңтүстік Кореядан Астанаға келіп, ал­тын инемен емдейтін про­фес­сор­дан 3 жыл ем алған. Уақыт өт­кен сайын денсаулығы құлдырай бас­таған. Сол кезде жетекшіміз: «жа­қында ғана клиникалық зерт­теу­ден өткен методикамыз бар, со­ған кел», – деп шақырады. Біз 3 жа­рым жылғы кері әсердің бәрін 3 ай­да жүйелі емнің нәтижесінде рет­теп бердік. Емнен кейін ауру­ха­­наға барып толығымен тек­серіл­генде, бас дәрігер еш ақау тап­па­ған. Ем алған ағамыз ризалығын біл­діріп, «әлемді қанша араласам да, мұндай ем көрмеппін» деп таң­ғал­ды. 

– Бұл методика арқылы ауыр ке­селдерді, мысалы рак ауруын да емдеуге бола ма?

– Сүйек рагымен ауырған нау­қас­ты өз көзіммен көрдім. Ауырған адам­ның өзі де дәрігер болып шық­ты. Елуден асқан тіс дәрігері екен, ол да шетелге барып ем тап­па­ған. Бізге келіп айығып кетті. Өк­пе рагы деген бар, бұл – рактың ең ауыр түрі. 1994 жылғы геолог жі­гіт бірде кезекті геологиялық зерт­теуге барады, әріптесі көлік­пен бір жерге барып келем деп ке­тіп қалады, сөйтсе, жолда көлігі бұ­зылып, жас бала айдалада бір тәу­лік қалып қояды. Оған қатты суық тигені сонша пневмонияға ай­налып, кейін өкпе рагына ұла­сып кетеді. Оңтүстік Корея дәрі­гер­лері уақытша ғана тоқтата ала­мыз, емделмейді дегенді кесіп айт­қан. Жігіт қатты қиналғанда, ме­шітке барып, дем салдырып алу­ды дұрыс көреді. Қызығы, ме­шіт­тің имамы да бұрын суық тиіп ауыр­ғанда, бізге келіп емделіпті. Құ­дай оңдап, жігіт те бір ай емнің нә­тижесінде жазылып шықты.

– Ара уында осыншама қасиет бар ма? Бізге әлі фантастика секілді көрінеді.

– Кез келген емнің негізі бола­ды, біздің негіз Құранның 16-сү­ре­сінен алынған. Сүренің аты – «Бал ара» сүресі. Бал араның өзі 16 хро­мосомадан тұрады. 69-аятта «Бал араларының қарындарынан түр­лі түсті сұйықтық шығады, сол сұйықтықтан адамға шипа бар» деп айтылады. Айтпақшы, қарын­дар­ы­нан деп көпше түрде берілген. Ара­ның анатомиясына қарасаңыз, екі қарыны болады. Бірінші қа­ры­ны ас қорытуға қатысса, ал екінші қа­рынға жиналып, секрециядан өт­кен өнім емдік мақсатта қолда­ны­лады. Араның уын у деп айтуға ті­лім бармайды. Негізінен, араның табиғатта 21 түрі бар, соның ішінде бал арасы ғана адам денсаулығына пай­далы. Қалған аралар шақса, адам­ға зиян тигізеді, тіпті өліп кетуі мүмкін. Жабайы қызыл ара­лар адам түгіл, малды шағып өлті­ріп тастайды. Бал араның уы бол­са, тұнып тұрған дәрумен. 1953 жы­лы іргетасы қаланған Омарта­шы­лық ғылыми институты бал ара уы­ның құрамындағы пайдалы эле­менттерді әлі зерттеп тауыса ал­май жатыр. Олар бүгінге дейін ара уынан Менделеев кестесіндегі 50-ге жуық элемент барын анық­та­ған, қалғанын ғалам­ша­рымызда тең­десі жоқ деп мойындаған. 

Жақында Екібастұздан пар­кин­сон ауруына шалдыққан бір жі­гіт хабарласты. Қытайға барып ем­делу үшін қор жинап жатқанда, біз барма деп едік, айтқан тілді ал­май, сол жаққа барып, екі-үш ап­­та жатады, одан пайда болмай, тағы да қор ұйымдастырып жа­тыр­мын деп хабарласты. Бізге келіп, екі айда жазылып кетті.

– Бал арасы шақса да, аллер­гия­сы бар адамдар оны көтере ал­май, анафилактикалық шок алатын жағ­дай көп. Бұл жағдайда не іс­тей­сіздер?

– Балдың өзіне анафилак­тика­шық шок ұстайтын ата орталы­ғы­мыз­ға келген. Яғни, араның уы емес, астан аллергиясы бар, құрма да жей алмайды, жесе, ауызынан кө­бік ағады да, құлайды. Ол миг­рень ауруы мазалағандықтан кел­ген. Шымкенттің ыстығында қа­лың тақия кисе де, басы бір жы­лымайды. Аллергиям бар деп ес­кертіп айтты, біз үндемей жұмы­сы­мызды істей бердік. Бір ай өтеді, миг­рень кетеді, ақсақалмен қош­та­сарда кішкентай шелек бал мен құр­ма сыйға тарттық. «Қазір дәм та­тыңыз, еш аллергия жоғына көз жет­кізесіз» дедік. Атаны көндіруге жарты сағаттай уақытымыз кетті, іштей кәлимәсін айтып, көзін жұмып, ауызына бір қасық балды са­лып жіберді. Қазір құлаймын деп күтіп отырды, еш әсер жоқ, кө­зін ақырындап ашады. Құрманы да байқап көреді, еш белгі бол­мады. 75 жастағы ақсақал сол жер­де оты­рып қуаныштан жылап жі­берді. Кей адамдарда ана­фи­­лактикалық шок алғанда, көзінің ішіне дейін қызарып кетеді. Оның бәрі адам­ның ас қорыту жүйесінде, бауы­рын­да орналасқан зиянкестерге жақ­пай жатуынан болады. Жақ­па­ған дүние ағзаға барғанда, ин­ток­сикация болып, ол қанға бірден өтіп, анафилактикалық шок, не ісіну болады. Адамға емес, зиянды микрофлораға жақпай жатыр. Біз осының бәрін тазартқанда, адам өз көзімен ішінен шыққан қоқыс­ты көріп таңғалады. Ағзаны та­зарт­­­­­қан кезде, зиянды заттар үл­кен дәрет, кіші дәреттен шығады, тер иісінен де біліне бастайды, адам күрделі жағдайда құсып жі­беруі де мүмкін. Қанмен де шыға­ру­ға болады, кей жағдайда хид­жа­ма жасаймыз, бірақ оған да ағзаны дайындау қажет. 

– Ара уымен емдеу үшін де дайын­дық керек болғаны ғой... Не­гізі­нен, бір адамға қанша араны шақ­тыруға болады?

– Алдымен байқап, сынап көре­міз, қарсы реакция жоғына көз жеткіземіз. Бір айлық курс ал­ған емделушіміз 3 арадан бастап 253 араға дейін шақтырды. Ол грек-рим күресінің шебері, Сид­ней Олимпиадасының қатысу­шы­сы, Қазақстанның 10 дүркін чем­пио­ны Рақымжан Әсембеков еді. Біз­ге келгенде, спорттан үзіліс алып қалған. Лондоннан келген қа­зақ бауырымыз одан бұрын 213 ара шақтырып, рекорд орнатып кеткен, өзі – хоккейші. Ра­қым­жан онда рекордты жаңартайын, 250-ге жет­кізейін деді, 250-ден кейін тағы 3-ті салды­рып алды. Ара уының еш зияны жоқ, еш­қан­дай артық реак­ция болмады, қан қысымы да тұрақты. Керісінше, спортқа қайта оралып, ісін жаңа қарқынмен бас­тады. 

Ең кішкентай па­циен­тіміз – 1 жасар Ай­ша қызымыз. Диагнозы – бі­рін­ші деңгейдегі есту қабілеті­нің төмендігі. Құжаты порталға жіберіліп, отаға дайындалып жат­қан. Отада баланың құлақ пердесін те­сіп, оған кішкентай аппарат ор­наластырады. Ең қиыны, бала өс­кен сайын, құлақ қуысы да өсе­ді, сондықтан жыл сайын ота жа­сап, апаратты да ауыстырып отыру қа­жет. Негізінен, адамның жасы не­ғұрлым кіші болған сайын та­зарту процесі де тез жүреді. 4 про­цедурадан кейін қыздың құлағы естіп кетті. 

Ара өнімінің бәрі – биология. Ғалымдар Мысыр пирамидаларын зерттегенде, бір құмыра бал тауып алады. Қанша ғасыр тұрған балды зерттесе, тұтынуға жарамды болып шыққан. Балдың ішінде арпа дәндері де бар екен, дәнді жуып, топыраққа салғанда, одан өнім өсіп шыққан. Бұл – қурамайтын ғасырлық өнімдер. 

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан

Айсұлу СЪЕЗХАН