– Осының бәрін неше адам атқарады? Ұжымның жұмысын қалай ұйымдастырасыз?
– Ұжымда 20-дан астам адам еңбек етеді. Күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелерді әп-сәтте іліп әкетіп, эфирге жоспарлап, тақырыпты бекіткен соң шығармашылық топ оны егжей-тегжейлі зерттеуге кіріседі. Алдымен тақырыпты жан-жақты сарапқа салып, иін қандырып илеп, өздері талқылап алады. Содан кейін ғана сценарий жоспары құрылады. Қандай мәселе көтерсек те, журналистика ережесіне сай бейтарап саясат ұстанамыз. Біздің темірқазықтай айнымас қағидамыз – осы. Шығармашылық топқа тақырыпты тереңдете зерттеп, мамандармен тең дәрежеде меңгеру керек деген талап қоямыз. Өйткені көрерменді өтірік шоумен, көпірген көбік сөзбен алдау мүмкін емес. Мысалы, көк жәшіктен күнделікті өмірде көзіңмен көріп жүрген проблемалар айтылса ғана «Не деп жауап берер екен?» деп елең ете қаламыз ғой. Ал өзімізге қатысты болмаса, басқа арнаға ауыстыра саламыз. Сондықтан әрдайым өзекті, қоғамда өткір талқыланып жатқан тақырыптарды табуға тырысамыз. Жалпы, «Ашық алаңды» эфирге шығаруға қатысатын шығармашылық қызметкерлердің 100 пайызы, ал техникалық топтың 80 пайызы – біздің компанияның жұмыскерлері.
– Кезінде бірнеше республикалық телеарнада қарапайым тілшіден бастап басшылық қызметтерге дейін атқарғаныңызды білеміз. Дегенмен бір күнде бәрін тастап, жеке компания жұмысымен айналысып кетуіңізге не түрткі болды?
– Жоқ, бұл «бір күнде» қабылданған шешім емес. Керісінше, талай жылғы тәжірибенің, продакшндармен қоян-қолтық жұмыс істеген еңбегімнің нәтижесі шығар. Аутсорсинг компаниялар ұйымдастырған бағдарламалар көбінесе тиянақты, сапалы, сәтті шығатынына көзім жетті. Өйткені тапсырыс беруші телеарна тарапынан нақты талап қойылады, екіжақты келісімшартпен жұмыс істеген соң продакшн да бар жауапкершілікті мойнына алады ғой. Бұл – телеарнада ғана емес, бизнестің барлық түрінде қолданылатын тиімді тәсіл. Ал өзім жүрек қалауымен таңдаған мамандығымды ешқашан тастаған емеспін.
Журналистикаға қадам басқаныма биыл тура 24 жыл болады екен. Еңбек жолымды «Хабар» арнасынан бастадым. 7-8 жыл жаңалықтар бөлімінің тілшісі, Жамбыл облысындағы меншікті тілші сияқты жұмыстарды істедім. 2006 жылы «Qazaqstan» ұлттық арнасына ауыстым. Бастапқыда тілшілік тіршілікті жалғастырып, біраз уақыт өткен соң жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы болдым. Одан кейін ақпараттық-сараптама бағдарламалар дирекциясында филиал жетекшісі, кейінірек директордың орынбасары болып оралдым. Сол уақыттарда Президент қатысуымен өткен телекөпірлер, тікелей эфирлердің басы-қасында жүріп, тәжірибемді толықтырдым. Журналисті шыңдайтын, тәрбиелейтін бүкіл кезеңнен өттім. Өзіңіз айтқандай «ұжым жұмысын ұршықтай үйіретін» продюсерлік қызметім елордаға қоныс аударған соң басталды. Осында жүріп телеарнаның мазмұнын байыту, бағдарлама жасау, эфир саясатын құру сияқты жұмыстарға араласа бастадым.
Кейінірек медиакеңістікке қажет өнімдер дайындайтын жеке компания ашып, өз алдымызға отау құрдық. Басында шағын продакшн едік, қазір бірте-бірте үлкен компанияға айналып келе жатырмыз.
– Бүгінге дейін қандай танымал бағдарламалар жасадыңыздар? Көрермен көңілінен шықты деп қай жобаларды айта аласыз?
– Ойлап отырсам, барлық жанрдағы жобаларды жасаған екенбіз. Деректі фильмдер, елге елеулі тұлғалар туралы және реалити хабарлар. Енді, міне, тікелей эфирдегі саяси-қоғамдық ток-шоу. Осылардың сәтті шығуы үшін бар күш жігерімізді салдық. Әсіресе, «Ғажайып Қазақстан» бағдарламасын айрықша атап өтер едім. Түсіру тобы шалғай ауылдарда жаратылысы ерекше жандармен тілдесіп, адам аяғы баспайтын тұмса табиғатты, жұмбаққа толы тылсым жерлерді таспаға тартты. 2019 жылы Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбеде тұңғыш рет ұйымдастырылған Орталық Азияның MediaCAMP Fest фестивалінде гран-при жеңіп алдық. Нақтырақ айтқанда, «Ғажайып Қазақстан» жобасының Серік Боданбаевқа арналған шығарылымы «Герои рядом» («Ерлер ел ішінде») аталымы бойынша 1-орынды иеленді. Бұдан бөлек «Ұлы дала ұлағаты», «Қаламгер» секілді телеөнімдерді дайындадық. Көрермендердің жүрегіне жол таба алған жобаларымыздың бірі «Ауылдастар» хабары дер едім. Бұл жобада біздің ұжым саяхатты немесе әсем табиғат көрсетуді көздеген жоқ. Ауыл адамдарының боямасыз өмірін суреттедік. Шалғай елді мекендерде өз кәсібін дөңгелетіп отырған ағайынның тұрмыс-тіршілігін сипаттадық. Ене мен келіннің, ата мен баланың татулығын, адами және отбасылық құндылықтарды дәріптедік. «Ауылдастар» хабарын ауылдағы ағайын әлі де күтеді деп сенімен айта аламын.
Қазір бар күш-жігерімізді «Ашық алаңға» жұмсап жатырмыз. Жоба өміршеңдігін көрсетті. Әзірге көрермен «Ашық алаңды» эфирден көргісі келеді. Сондықтан әлі эфирдеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арлан БАҒДАТҰЛЫ