Еуразияның қаржы қақпасында 350 компания тіркелді
Еуразияның қаржы қақпасында 350 компания тіркелді
117
оқылды

Аймақтағы ағылшын жалпы құқының қағидатымен жұмыс істейтін жалғыз қаржы орталығы «Астана» халықаралық қаржы орталығы жыл жоспарын артығымен орындады: өз алаңқайында 250 компанияны тіркеуді мақсат еткен еді, нәтижесінде әлемнің 35 елінен 350 компанияны тіркеді, – деп хабарлайды орталықтың баспасөз қызметі.

АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетовтың айтуынша: «АХҚО-ның негізгі мақсаты ұсынылатын қаржы құралдарының алуан түріне ие өтімді және теңдестірілген капитал нарығын дамыту. АХҚО – капиталға кең қолжетімділік және қаржы құралдары мен инвестициялық құралдардың алуан түрін ұсынатын осы өңірдегі бірден-бір платформа».

Орталықтың инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға сай үздіксіз жұмыс істеп тұр. Ал органдары мен ұйымдары толығымен құрылған (АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңес, Әкімшілік, Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитет, АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы(ХТО), АХҚО Биржасы (AIX)).

2018 жылдың шілдесінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қатысуымен АХҚО-ның ресми ашылуы өтті. Осы кезде АХҚО-ға тіркелген 55 компания болған. Ал қараша айында АХҚО Биржасында Елбасының қатысуымен «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» IPO-сы – сауда-саттық ресми түрде басталды.

Оң нәтижелі 2019!

2019 жылы АХҚО – бағыт-бағдары айқын, қадамы нық, нақты жоспары бар әсіресе инвестиция тартуда әлеуетін көрсете білген Қаржы орталығы ретінде өзін көрсетеді. Бұлай деудің себебі шілденің екісі күні АХҚО Соты мен Халықаралық Төрелік орталығының (ХТО) ғимаратын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде ашып берді. Естеріңізге салсақ, Сот Төрағасы Англия мен Уэльстің Жоғарғы Сотының бұрынғы Төрағасы Лорд Вульф. Ол ағылшын заңдылығы бойынша Ұлыбританияның біртуар тұлғасы. Халықаралық Төрелік Орталығының Төрайымы Барбара Доманн заң саласындағы айтулы тұлға.

2019 жылы АХҚО Сотының судьялар құрамы толықты. Бастапқы 9 судьяға үш жаңа судья тағайындалды: Лорд Ман, Алан Маклин және Чарльз Баннер. Сонымен қазір судьялардың жалпы саны 12. Бұған қоса Қытай, Гонконг, Ресей, Сингапур, Ұлыбритания және Америка Құрама Штаттарынан 7 жаңа төреші (арбитор) мен медиатор ХТО құрамына қосылды. Қазір 37 арбитр бар. Барлығы да өзін мойындатқан, жоғарғы деңгейдегі мамандар.

АХҚО-ның Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) инвестицияларды басқаруға және активтерді қорғауға арналған құқықтық нысан ретінде компанияларды тіркеуге алады және қызметпен айналысуға рұқсат беретін де, лицензиялайтын да осы орган. AFSA 2019 жылы 35 елден 350 компания тіркеді. Былтыр АХҚО басшылығы 2019 жылдың соңына дейін 250 компания тіркейміз деген еді. Мәліметтерге қарасақ бұл көрсеткіш әлде қайда көп. Яғни жоспар артығымен орындалды! Бұл АХҚО құзыретінің инвесторлар үшін тартымдылығы өскенін көрсетеді.

Жұмысын бастағанына 18 ай ғана болған АХҚО Биржасы (Astana International Exchange) да жақсы жаңалықтарымен қуантпақ. AIX-те алғашқы сауда-саттық «Қазатомөнеркәсіптің» IPO-сымен басталған еді. Содан кейін аталмыш кәсіпорын AIX пен Лондон биржасына SPO-ға шықты. Бұл сауда-саттықтан соң халықаралық инвесторлардан сұраныс көп болған. Нәтижесінде Лондон қор биржасына қарағанда AIX арқылы көп капитал келген.

Ал 2019 жылдың сәуірінде бірінші шетелдік эмитент Ресейлік ірі «Полиметалл» тау-кен компаниясы болды. Бұл компанияның жай акцияларына деген сұраныс болжамнан асып түскен. Инвесторлар сауда-саттықтың алғашқы күні 17,2 млн долларға «Полиметалл»-дың бағалы қағаздарын сатып алған.

Бүгінгі таңда AIX-те 23 эмитенттердің 36 шығарылымы бар. Оның ішінде «Қазатомөнеркәсі» АҚ, «Полиметалл» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, сондай-ақ ITI Funds биржалық инвестициялық қоры (ETF) бар.

АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетовтың айтуынша: «AIX арқылы 216 млн доллар акционерлік капитал тартылды. Қазақстан қор нарығына соңғы үш жылда тартылған акционерлік қаржыдан бірнеше есе үлкен».

Осылайша Қазақстан жаһандық инвесторлар сенетін қолайлы ортаны және реттеуші құрылымды қамтамасыз ете алатынын көрсетті.

АХҚО Қазақстанның еңбек нарығында қаржылық қызмет көрсету және активтерді басқару саласында сапалы әрі біліктілігі жоғары мамандардың болуына мүдделі. Сондықтан Үздіксіз кәсіби даму бюросы (BCPD) бүгінгі таңда АХҚО-да тіркелген компаниялар үшін білікті мамандардың кадрлық резервін жасақтады. Қатары 10 000 адам. Жалпы 2019 жылы BCPD арқылы 2 642 маман қайта даярлаудан өткен.

Сонымен 2019 жыл «Астана» халықаралық қаржы орталығы үшін, жалпы еліміз үшін табысты жыл болған сыңайлы. АХҚО алаңы арқылы елге 130 млн доллар инвестиция тартылған. Қазақстан астанасы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінің рейтингінде 1-орынға шығып, Қаржы орталықтарының жаһандық индексінде (GFCI 25) 102 орыннан 51-орынға көтерілді. Ал, «Белдеу және Жол» бастамасының аясында АХҚО «Жыл жобасы» мәртесіне ие.

АХҚО-ның әлеуеті орасан. Өйткені бұл біздің экономикамызды әртараптандыруға және модернизациялауға арналған тұтас институт.