Жаңа кодекс экологияны жақсарта ма?
Жаңа кодекс экологияны жақсарта ма?
214
оқылды

Қазақстан Үкіметі жаңа Эко­ло­гиялық кодекстің жоба­сын мақұлдады. Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар министрлігі әзірлеген жаңа заң жобасы жеті негізгі қа­ғи­дадан тұрады. Құжат 2030 жыл­ға дейін қоршаған ортаның са­пасын жақсартуға бағыт­тал­ған жаңаша меха­низмді негізге ала отырып жасалған.

Министр Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында түсіндір­гендей, Кодекс – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйы­мына кірген елдердің тәжірибесін ескере отырып әзірленген құжат. Сонымен экологиялық жағдайды жақсартады делінген Экологиялық кодекстің жеті қағидасы қандай?

Бірінші қағида – «ластаушы төлейді және түзетеді». Яғни, мем­лекет табиғатты пайдаланушыға экологиялық айыппұл төлеткенше, қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермейтін шаралар қолдануы керек. Бұдан бөлек, экологияға зиян келтірген ластаушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына кел­тіруге міндетті.

Екінші қағида – қоршаған ортаға әсерді бағалауға (ҚОӘБ) жаңа тұрғыдан қарау. Осы қағидаға сәйкес, ҚОӘБ процедурасынан өту талабы өз үлесіне шығарылатын зиянды заттардың 80% келетін «бірінші санаттағы» 2,6 мың кәсіпорынға (бұрын мұндай талап 19 мың кәсіпорынға қолданылған еді) қатысты болады.

Үшінші қағида – экологиялық жағдайды жақсарту үшін қол­жетімді технологиялар үздігін (ҚТҮ) енгізу қажет. ҚТҮ енгізген кәсіпорын эмиссия төлемінен босатылады. Ал ҚТҮ-ға көшпейтін болса, эмиссия көбейеді.

Төртінші қағида – кәсіпорын­ның эмиссия төлемдері 100% көлемінде экологиялық шараларға жұмсалатын болады. Айта кетейік, қолданыстағы заңнама қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлем­дерден алынған қаражатты эколо­гиялық шараларға жұмсауды талап етпейтін. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаны қорғауға 0-ден 400% -ға дейін, орташа есеппен 45% бөліп келген. Енді талап өзгереді. «Ең бастысы, бұл жүйені тек тыйым деп емес, ынталандыру тетігі ретінде түсіну керек», – деп атап өтті Мырзағалиев.

Бесінші қағида – зиянды зат­тардың шығарылуына мони­торинг жасаудың автоматтан­ды­рыл­ған жүйесін құру. «Эколо­гиялық кодекс жобасында I-санаттағы нысандар үшін шы­ғарылған және төгілген зиянды заттардың сандық және сапалық құрамы туралы уақытылы және анықталған ақ­паратты алу мақ­сатында мәлі­меттерді өкілетті органға жіберетін өндірістік эко­логиялық мони­торингтің міндетті түрде авто­мат­тан­дырылуы қарас­тырылған», – деді министр.

Алыншы қағидада экология­лық бақылауды күшейту – Кәсіп­керлік кодекске халықтың өмір сүру жағдайына тікелей әсер ететін фактілерді тексеру тұрғысынан өзгерістер енгізу ұсынылды. Министр түсіндіргендей, алтыншы қағида қоршаған ортаға теріс әсер ету фактілеріне жедел ден қоюға бағытталған. Енді экологиялық құқықбұзушылық үшін әкімшілік айыппұлдар 10 есе артпақ.

Жетінші қағида – өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқару­ды жетілдіру. «Рұқсат етілмеген қоқыс полигондарының санын азайту мақсатында қалдықтарды өң­деумен және көмумен айналы­сатын кәсіпорындардың қызметін лицензиялау және қалдықтарды жинау ұйымдарын хабардар ету тәртібі енгізіледі», – деді Мырзағалиев.

Шынына келгенде, Қазақ­станда Экологиялық Кодексті жаңартудың уақыты әлдеқашан келген. Өйткені еліміздің эколо­гия­лық ахуалы жылдан-жылға төмендеп, қоршаған ортаға әсері де анық байқала бастағаны жа­сырын емес. 2018 жылы эколо­гиялық таза елдер рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 101-орында болған. Аталған рей­тингті АҚШ-тың Йель универ­си­тетінің жанындағы экологиялық саясат және құқық орталығы жа­сайды. Екі жылда бір рет жаңарып отыратын экологиялық тиімділік индексі 10 санат бойынша 22 көр­сеткіш негізінде түзіледі. 180 мем­лекеттің ішінде 101-орын алу аса қуантатын көрсеткіш емес. Себебі аталған рейтингте Ресей – 52, Беларусь – 44, Түркіменстан 38-орындарда тұр. Ал қырғыз аға­йын бізден екі сатыға жоғарылап, 99-орынға тұрақтапты.

Осылайша, Қазақстанның шикі­заттық бағыттағы экономи­касы экологияның да сорына ай­на­лып отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 200 миллион текше метрге дейін қауіпті қалдық­тар жинақталып қалған. Бұл көр­сеткіш жалпы радиациялық жағ­дайға әсер етіп, халықтың денсау­лығына қауіп төндіруі әбден мүм­кін. Эколог мамандар респуб­лика­дағы 118 карьер мен шахтаның ау­мағында 237 миллион тонна ра­диоак­тивті қалдықтар барын айтып дабыл қағуда. Мұнай ұң­ғымалары бұрғыланған жерлерде радиоактивті барий мен торий бар. Осыған қара­мастан Қазақстанда әлі де радиоак­тивті қалдықтарды реттеудің норма­тивтік-құқықтық базасы жоқ. Қа­зіргі уақытта елде тұр­мыстық қал­дық­тардың тек 2% ғана қайта өңделеді, қалғаны полигон­дарға жіберіледі. Еуропа мемлекет­терінде қалдықты өңдеу жолға қойылған, қатты қалдық­тардың 38% ғана полигондарға жіберіліп, қалғаны қайта өңделіп шығады.

Дегенмен еліміздің экология мәселесімен тұтас бір министрлік айналысқалы бері қолға алынған жұмыстарды да айта кеткен жөн. Бүгінгі күні республикамызда тұрмыстық қалдықты қайта өң­дейтін кешен саны 170-ке жеткен. Қалдықты кәдеге жарату 11,5%-ке ұлғайды. Елуге жуық қала мен аудан орталықтары және 27 ауылда қоқысты сұрыптау жүйесі ен­гізілген. Алайда бұл аз. Жылдар бойы тонналап үйілген тұрмыстық қалдықтың көзін жою немесе кәдеге жарату әзір мүмкін емес.

Экология, геология және та­биғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, ең ластанған қалалардың қатарына Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Риддер кіреді. Ауаға шығарындылар көлемі жөнінен (56%) Қарағанды мен Павлодар облыстары және Өскемен қаласы көш бастайды. Бұдан бөлек, Ақтөбе мен Атырау облыстарының өндірістік қалдық­тар жөнінен өзіндік проблемалары жетерлік. Каспий теңізі және оған іргелес жатқан аумақтар эколо­гиялық апат аймағына айналу қаупі де жоқ емес. Өйткені мұ­найдың ластануы, Каспий теңізін­дегі мұнай қабықшалары судың булану жылдамдығын бірнеше есе төмендетеді. ХХ ғасырдың басында Каспийдегі итбалықтар саны 1 миллионнан асса, қазіргі дерек­көздерде олардың саны 200 мыңға еркін жетпейді. Одан бөлек, соңғы он жылда бекіре тұқымдас ба­лықтар 40-50 есе азайып кеткен. Осылайша, елі­міздің бір­қатар аймақтарында тұрғын­дар­дың өмір сүру ұзақтығын тө­мен­дететін, қауіпті аурулардың да­муына ықпал ететін күрделі эколо­гиялық жағдай қалыптасуда.

Үкімет отырысында саладағы қордаланған мәселелермен күрес туралы баяндаған министр мем­лекеттік экологиялық бақылау жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Биылғы 11 айда 2 мыңға жуық тексеріс болып, 4 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Ауаны ластайтын кәсіпорындардың жұ­мысын тоқтату туралы 337 ма­териал сотқа жіберілген. Тек­серістің нәтижесінде мемлекет пай­дасына 12 млрд теңгеден астам қаржы өндіріліпті. Әйтсе де, айыппұл салу оңай, бүгінгі күні «ластанған ауаны қалай таза­лаймыз?» деген мәселе туындауда. Бұл орайда министрлік өңірлерде жасыл белдеулерді көбейтуді ұсынып отыр. Сондай-ақ өрт немесе құрғақшылық салдарынан жойылып кеткен ормандарды қалыпқа келтіру жоспары бар. «Қазіргі таңда республикадағы орманды жерлер 4,7%-ті құрайды. 2030 жылға қарай көрсеткішті 5%-ке жеткізу – мақсатымыз. Биыл 174 мың гектар аумақта 628 орман өрті тіркелді. Ол өткен жылдан 2,2 есе аз. Осы 57 мың гектарға ағаш егілді. Проблема көп. Жаңа эко­логия­лық кодекс жобасы Мә­жілісте қабылданса, ауаны ластап, заңды бұзып отырғандарға талап күшейеді», – деді М.Мырзағалиев.

Сонымен бірге министр елі­міздегі үлкен проблема – қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің төмен деңгейі (14%) ту­ралы да мәлімдеді. Осыған бай­ланысты министрлік қалдықтарды жағу нәтижесінде пайда болатын электр энергиясын сатуды көз­дейтін «Қалдықтарды энергияға дейін» тетігін енгізуді ұсынып отыр. Бұл механизм 2025 жылға қа­рай қалдықтардың көлемін 30% -ға дейін төмендетіп, жеке ин­вес­тицияларды тартады.