УЕФА рейтингінде төртіншіміз
УЕФА рейтингінде төртіншіміз
143
оқылды

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА түзген рейтингте 4-орын иеленді. Ал футбол құрамасы 2019 жылды ФИФА рейтингінде 118-орынмен аяқтады. Орын санын анықтауға ЕУРО-2020 іріктеу кезеңі мен осы жылы өткен түрлі турнир әсер етті.

Әр сала жылды қорытындылап, есеп бе­ріп жатыр. Түрлі рейтинг түзіліп, жеңіс пен жеңі­лістің себеп-салдары сарапталды. Осыған бай­ланысты УЕФА мен ФИФА рейтинг жаңартып, 2019 жылдың үздік құрамаларын анықтады. Футзалдан Қазақстан құрамасы маусымды рей­тинг бойынша 4-орынмен аяқтады. Жаңартылған рейтинг көрсеткендей, футзалдан құрама 2 074 ұпай жинап, өткен жылға қарағанда бір сатыға жо­ғарылады. 2018 жылы ұлттық құрама 2 674 ұпай­мен 5-орынға тұрақтаған.

Испания құрамасы УЕФА рейтингінде 2 112 ұпай еншілеп, көш бастады. Ал 2 099 ұпай жи­на­ған Ресей екінші орыннан көрінді. 2018 жылы көр­шілеріміз 2 765 ұпаймен 3-орынға табан тіре­ген еді. Биыл 2 088 ұпаймен Португалия құрама ко­мандасы үздік үштікті түйіндеді

Михал Билек баптайтын футболдан Қа­зақ­стан құра­масы 2019 жылдың ЕУРО-2020 ірік­теу турнирінде өнер көрсетті. I тобында өнер көрсеткен ұлттық құрама 10 ойында 10 ұпай жинады. Әрине, мұндай көрсеткішпен үздік 100 құраманың қатарына кіру мүмкін емес. ФИФА рейтингінде Қазақстан 1 155 ұпаймен 118 орын алды. «Кемедегінің жаны бір» демекші, I тобында Қазақстан құрамасымен бірге доп теп­кен Ресейге 1 470 ұпаймен 38-орын берілді. Шот­ландия 1 422 ұпаймен – 50-орын, Кипр 1 251 ұпаймен – 95-орын, ал Сан-Мариноға 824 ұпай­мен 209-орын бұйырды.

ФИФА түзілімі бойынша 1 765 ұпай жиған Бель­гия үздік атанды. 1 733 ұпай алған Франция 2 орын алса, Бразилия 1 712 ұпай жинады. 2016 жылғы Еуропа чемпионы – Португалия құра­масы 1 639 ұпаймен 7-орыннан көрінді. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болған Хор­ватия 1 642 ұпаймен 6-орында тұр. Латын Аме­рикасының үздіктері – Аргентина, Уругвай мен Колумбия үздік ондыққа кірді.

Жоғарыдағы рейтинг көрсеткендей, фут­зал­­дан алда болсақ та, футбол көшінде ілі­ніп-са­лы­нып жүрміз. Іргедегі қырғыз елі түзілім­де 96-орында тұрса, Өзбекстан 85-орынға жай­ғасты. Түбі бір түркіміз деген Түркия (29) мен Әзірбайжан (114) да доп тебуден құр алақан еме­сін көрсетті. Футболды дамытуға ден қойып, қаржы бөлінсе де, аяқ допшыларымыз Еуропа «шыңын» бағындыра алмай жүр. 2020 жылдың жазында ЕУРО-2020 турнирі өтеді. Рейтингте 38-орын алған Ресей турнирдің топтық кезеңінде бақ сынайды. Ал біз футболдан кезекті турнирді теледидардан тамашалаймыз.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ