Рауан Кенжеханұлы: Дамыған ел талантты іздейді
Рауан Кенжеханұлы: Дамыған ел талантты іздейді
753
оқылды
AGORA қоғамдық сұхбат жобасының кезекті қонағы – «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­ма­сы аясында жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі – «100 жаңа оқулық». Аталған жобада әзірге оқу орындары гума­ни­тар­лық білімнің түрлі бағыттары бойынша 47 оқулыққа қол жет­кізіп үлгерді. Соңғы кездері «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының бюджетіне қатысты түрлі дақпырт айтыла бас­тады. Қордың жұмысына сын тағып жатқандар да бар. Мұн­дай күмән қайдан пайда болды? Көкейдегі көп сауалға қоғам­дық сұхбатта көз жеткіздік.

Айқын: Рауан Кежеханұлы, сіз 2011 жылы «жыл википедисі» атан­дыңыз. Бұл атақ қандай жағдайда бе­ріледі?

Рауан Кенжеханұлы: 2011 жы­­лы Викимания деп аталатын кон­­ференция өтті. Бұл – бүкіл дү­­ниежүзіндегі википедияны жа­сай­тын адамдардың конферен­ция­сы. Конференцияға жиыл­ған қауым әртүрлі тілдегі ви­ки­педияның да­му барысын ортаға салады. Оны ви­кипедияның негізін қа­лау­шы Джимми Уэйлстің өзі жүр­гі­­­зеді. Википедия басшысы та­ғайын­даған жыл сайын берілетін «Жыл википедисі» деген сыйлық бар. Шын мәнінде, сол жылы қа­зақ википедиясы өте қарқынды жыл­­дамдықпен   дамыды. Қор 7­000 мақаладан 100 мың мақалаға дейін көбейді. Одан бөлек, ма­қа­ла жазатын адамдардың қауым­дас­тығы өсті. Бұл ақпараттың бә­рі конференцияда сөз болды. Қа­зақ википедиясының дамуы ерекше сөз болып, арнайы сый­лық­­ты маған тапсырды. Бұл сый же­ке маған емес, бүкіл қазақ ви­ки­педиясын дамытуға үлес қос­қан қауымдастыққа берілді деп ой­лаймын. Әрі сыйлық қазақ ви­кипедиясының дамығанын көр­сетті деп айтуымызға болады. Қа­зір бұл сайтта 225 мыңға жуық ма­қала бар. Оны тұрақты түрде өң­деп, дамытып отыру үшін бес жүз­дей адам қызмет көрсетеді. Ай сайын қазақ википедиясының 20 миллион беті қаралады. Мұн­дай көп қаралатын қазақша бас­қа сайт бар ма, жоқ па, оны біл­меймін. Менің ойымша, ең көп қа­ралатын қазақша сайттың бірі – осы. Бұл біз үшін неге маңызды? Өйткені википедия дегеніміз – энциклопедия емес. Дүниежүзінде алты мыңдай тіл бар деп айтылып жүр. Сол алты мың тілдің кейбірі азайып, «құрып кетті, өліп жа­тыр» деген де пікірлер бар. Бірақ нақ­ты қанша тіл қалды, сол тіл­де сөйлейтін адамдар қанша, тіл­де­сетіндер ше? Нақты мәлімет жоқ. Ал википедия соған нақты жауап беретін орын. Өйткені оны жасап отырған редакция не бол­маса мемлекет емес. Оның ав­торы – сол тілде сөйлейтін қауым­дастық өкілдері. Википедия тіліне қарасаңыз, бас-аяғы – 285 тіл. Демек, қазір дүниежүзінде шын мәнінде, тірі 285 тіл қалған. Сол тілдердің арасында қазақ ті­лі қаншалықты маңызға ие? Біз википедия арқылы осыны көр­сеткіміз келді. Қазір қазақ ви­кипедиясына жазылушылар са­ны артты. Мақалалар саны бойын­ша 35-орында тұрмыз. Ең маңыздысы, түрік тілінен кейінгі екін­ші қатарда қазақ тілі тұр. Одан бө­лек, мақалалардың тереңдігі, са­пасы да маңызды рөл атқарады.

Айқын: 2020 жыл – Волонтер жы­лы. Википедияны дамыту – ерік­тілер атқаратын жұмыс. Волон­тер жылы аясында атқарылатын қан­дай жоба бар?

Рауан Кенжеханұлы: Қа­зір тікелей википедиямен ай­на­­­­лы­сып, қауымдастықты кү­шей­ту үшін нақты іс-шаралар ат­қа­ры­лып жатқан жоқ. Қазір бізге ха­барласатындар өте көп. Шын мә­нін­де, бұл өз бетінше дамып отыр­ған жобалардың бірі. Айына ке­мінде бес рет кіріп, википедияны ре­дакциялап отырады. Тілді да­мытатын платформадан бөлек, мұ­ның тағы бір ерекшелігі бар: ол – дүниежүзіндегі ең көп та­ра­латын 10 сайттың ішіндегі ком­мерциялық емес жалғыз жо­ба. Ақша таппайтын, ешкім қаржыландырмайтын, тегін жұмыс істейтін сайт. Бірақ бұл қалай өмір сүреді? Оған қарапайым қолданушылар жарна береді. Жыл сайын википедия 70 миллиондай жарна жинайды. Соның 80 пайы­зы 5 долларға дейінгі жеке адам­дардың енгізген ақшалары. Бұл жоба – барлық адамзат пай­да­ланатын білімнің ортақ ресу­рсы. Бұл адамдардың тілді дамытуға деген ниетін көрсетеді. Одан бөлек тағы бір жоба бар. Ол – kitap.kz. Бұл – онлайн-кітапхана. Бұл да коммерциялық емес жоба. Он­лайн-кітапханада 15 мыңдай кітап тұр. Оның 500 шақтысы – аудио кітап. Барлығы да тегін. Соңғы бес-алты жыл бойы жан-жақтан қа­ра­жат тауып, өзіміз дамытып отыр­дық. Менің бір ғана арманым бар: осындай кітапхананы пай­да­ланатын қазақтілді орта тәжіри­бесімен өзімен-өзі өмір сүріп кетсе деймін.

Айқын: «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында «100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. «Ұлт­тық аударма бюросы» осы не­­­гізде құрылғаны белгілі. Бұл игі істің басы-қасында сіздің жүр­ге­­ніңізді жақсы білеміз. Жалпы, осы жүз кітаптың тізімін кім анық­тады, қандай критерийлерге сүйендіңіздер?

Рауан Кенжеханұлы: Әуелі Бі­лім министрлігімен және осы жо­баға жауапты жұмыс тобымен кез­дестік. Жұмыс тобының негізгі құ­рамы – оқытушылар, ЖОО же­тек­шілері болды. Еліміздегі бүкіл жоғары оқу орындарына арнайы хат жіберіп, сауал жолдадық. «Оқу орнына қандай оқулықтар қа­жет? Қай оқулықты аударған дұ­рыс?» деген сұрақтарға жауап із­­дедік. Бұл гуманитарлық бағыт болғандықтан, гуманитарлық оқу орны мұғалімдері өз ұсы­ныс­тарын берді. Жауап бары­сын­­да жалпы саны 800-ден аса оқулықтың аты аталды. Ағыл­шын тілінде оқи алатын мұ­ға­лімдер студенттерге өздері оқы­тып жүрген оқулықтарын да ұсынды. Жұмыс тобы бірлесе оты­рып, негізгі оқулықтарды ірік­теуге кірістік. Ең бірінші, бұл оқулықтардың танымалдығына мән бердік. Екіншіден, олар кемінде үш рет қайта басылып шығуы тиіс. Бұл неге маңызды? Өйт­кені бұл оқулық тұрақты түр­де жаңарып отырады деген сөз. Ары ең соңғы басылымның шыққанына үш жыл болуы шарт. Бұл осы оқулыққа сұраныстың бар екенін көрсетеді. Әрі оқулық жекелеген бағытты насихаттап кетпейді. Әрине, ондай бағыттағы монографиялар бар. Бірақ ол оқулық емес. Ал оқулық бейтарап болуы тиіс. Осындай талаптардың негізінде дүниежүзіндегі ең үз­дік оқулықтарды тауып, олар­дың авторлық рұқсатын алып, Қа­зақ­стандағы ең жақсы аудармашы ма­мандарды тарта отырып, аударма жұмысын бастап кеттік. Оның нә­тижесі – әзірге 47 оқулық.

Айқын: 47 оқулық қазақ тіліне аударылды. Негізінен жоғары оқу орындарына таратылды. Бұл аударма кітаптар ЖОО-ның оқу бағдарламасына енгізілді ме? Әлде, қосымша дереккөз ретінде пай­далана ма?

Рауан Кенжеханұлы: Оқу бағ­дарламаларына еніп жатыр. Бір­сыпырасы міндетті курстар ретінде ен­гізілген. Әлеуметтану, дүниежүзі тарихы, философия, психология, менеджмент, маркетинг сияқты күнделікті бағдарламада бар пән­дер оқу бағдарламасына бір­ден еніп кетті. Жекелеген оқу­лық­тар негізінде кафедралар ар­найы курстар жасап отыр. 100 оқу­лықтың барлығы бірдей оқу бағ­дарламасына енеді деп айтуға болмайды. Жалпы, гуманитарлық ба­ғыт бойынша оқытушылардың ма­териалдарының көлемін арт­тырады. Бұл оқулықтар студенттер үшін ғана емес, білімге құштар қауым­ның өз бетінше білім алуы­на, деңгейін көтеруіне мүм­­­кін­дік беретін оқу құралы. Қа­зір аударылып таратылған 47 оқу­лықтың 15-і анық осы уақытқа дейін оқытылып келе жатқан пән­дер бойынша бағдарламада бар. Қалған оқулықтар – қосымша әдебиет және арнаулы курстар бойынша өткізіліп жүр.

Рауан 1.JPG

Айқын: Мұндай ірі көлемдегі гу­манитарлық жобалар мемлекеттің қолдауы арқылы іске асырылады. Мемлекеттік қаражат бөлінген жерде дау болатыны сөзсіз. Кейбір блогерлер тарапынан айыптаулар да айтылып жатыр. Осы айыптауларға байланысты Алматыда арнайы бас­пасөз мәслихатын өткіздіңіз. Бас­­пасөз мәслихатында «Біз еш­қан­дай пайда көрмедік, ары бұл пай­да табатын ұйым емес» деген едіңіз. «18 млрд теңгеге мемлекеттік тапсырыс берілген» деген ақпарат қай­дан шықты? Сонда осыншама қа­ражаттан ұйымыңыз еш пайда көр­ген жоқ па?

Рауан Кенжеханұлы: Бұл айып­­тауларға байланысты анық-қанығын айту үшін ар­найы баспасөз мәслихатын ұйым­­­­дастырғанымыз рас. Бірін­ші­ден, барлық жобаны қосып есеп­тегеннің өзінде 18 млрд тең­ге жоқ. Бөлінген сома бұдан әл­­­деқайда төмен. Оның бәрін же­­ке-жеке айтып, көпшілікке тү­­­сіндірдім. Оны екі-үшке кө­бей­т­се де, бұл сома шықпайды. «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы ая­­сында жүзеге асқан «100 жаңа оқулық» жобасына бұған дейін де атқарылып келген, әлі де атқарылып жатқан кейбір коммерциялық жобаларды да қосып жіберген болуы керек. Бірақ олар­дың бәрін қосқан күннің өзін­де ол сома шықпас еді. Пайда тапты ма, жоқ па деген сауалға ке­лер болсақ, бізде заңда түрлі-түр­лі ұйымдардың формалары жа­зылған. Коммерциялық ұйым­дар және коммерциялық емес қо­ғам­дық ұйымдар болады. «Ұлттық аударма бюросы» – қоғамдық қор. Бұл коммерциялық ұйым емес. «Ұлттық аударма бюросын» үкі­­­меттік емес ұйым негізінде құру туралы бастама кезінде ашық жа­рияланды. Егер біз жұ­мыс бары­сында шетелдік әріп­тес­тер­мен, авторлармен келіссөз жүр­гізе отырып, белгілі бір ақ­ша­ны үнемдей алсақ, ол қордың ішін­де қалады. Ол ақша қордың Жар­ғы­сын­да жазылған жобаларға, яғни кітап аударуға, болмаса басқа да бі­лім бағытындағы жобаларды іс­ке асыруға жұмсалады. Бірақ ме­неджерлерге бонус ретінде бе­ріл­­мейді. Қоғамдық қорда жұмыс істейтін адамдар тек айлық алады. Бол­маса, аударма, редактура, кор­ректура жасаған мамандар күн­делікті жұмысы үшін қаламақы ала­ды. Оның өзінде арнайы келі­сімшарт жасалады.

Айқын: Сіздің идеяңыз арқылы электронды білім беру жобасы жү­зеге асты. Бұл идеяны кезінде сы­на­ғандар да өте көп. E-learning заманауи қажеттіліктен туған білім беру методикасы. Бірақ бұл жоба аяқсыз қалған секілді. Неге?

Рауан Кенжеханұлы: Бұл – бүкіл әлем­де дамып жатқан жобалардың бірі. Ұнасын-ұнамасын, жасайық-жасамайық, индустрия алға қарай да­мып кете береді. Бұл идеяны біз өзіміз жасамасақ, күні ертең бас­қа біреу алып келуі мүмкін. Көр­ші елдер немесе еуропалықтар елі­мізге енгізіп жатса да таңғал­май­мын. Бұған қарсы тұру мүм­кін емес. Өйткені бәріміздің қо­лы­мызда неше түрлі гаджет, үйі­­­мізде компьютер бар. Көпшілігі ин­тер­нет­ке қосылған. Интернеттің де жыл өткен сайын жылдамдығы артып, бағасы төмендеп келеді. Осы технологияның барлығы бі­лім беру бағытында жұмыс істеуі тиіс. Бірақ оны қалай жұмыс іс­тет­кіземіз? Балалар гаджеттің кө­­мегімен білім алу көкжиегін кеңей­те ала ма? E-learning – осын­­дай қажеттіліктен туған жоба. Бұл жоба осыдан 10 жыл бұрын басталған. Бірақ ол кез­де индустрия кереметтей да­мы­ма­ған еді. Оны өркендете алатын же­келеген компаниялар да бол­ған жоқ. Мұны жүргізу үшін ин­дустрияның арнайы күші болуы керек. «Жекеменшік компаниялар көбейсін. Мұндай компаниялар көбейсе, бәсекелестік те көбейеді. Бә­секелестік ұлғайған кезде сапа ар­тады. Әрі мемлекетке бұл жо­ба­ға көп ақша шығарудың да қа­­жеті болмай қалады» деген едік. Өйткені контент құрастыру өте қымбат тұрады. Жыл сайын тех­­нология жаңарып отыр. Егер бұл жобаны мемлекет қолға ала­тын болса, оған қайта-қайта қыруар қаржы салып отыруы ке­­рек. Біздің ұсынған моделіміз – «Индустрияны ашыңыздар. Жекелеген компаниялар жасасын, шетелдік компанияға да нарық ашық болсын» дедік. Содан жұмыс басталып кетті. Ал министрліктің жасаған контенті ескіріп қалды. Ол 2012-2013 жылдары жүзеге асты. Ол контент бар. Индустрия күшейгеннен кейін министрлік оны ары қарай жалғастырған жоқ. Ал мемлекеттік E-learning жобалар туралы пікір айта алмаймын. Өйт­кені оған жауапты мамандар бар. Бұл сұраққа олар жауап беретін бо­лар.

Айқын: «Қазақстанның ашық уни­верситеті» – ерекше қызық жо­­балардың бірі. Өте қызықты та­қы­рыптар бар. Бір ғана кемшілігі бар: баяндалатын тақырып та, баян­­даушы да монотонды дауыспен оқитындықтан, өз тыңдарманын еліте алмайды. Сондықтан көпшілігі тартымсыз. Бәлкім, жобаны бастар алдында лекторларға шешендік өнерді үйрету керек пе еді?

Рауан Кенжеханұлы: Біз бұл жо­ба бойынша әр пәнді оқи алатын адамдарды іздедік. Әрі сол саланың мамандарын табу­ға тырыстық. Әр студент үйінде оты­­рып, компьютерінен тыңдай ала­­тын ерекше дүние жасай ала­мыз ба деп ойладық. Маманға қойы­латып талап – ол өз пәнін же­тік меңгеруі тиіс. «Ашық универ­си­­тетте» лекцияны белгілі бір дик­­­тор оқитын болса, онда ол ау­ди­торияны алдау болып шығады. Ол ең алдымен өз пәнін жақсы мең­герген білікті маман болғаны жөн. Оның ғылыми дәрежесі, оқы­­­­тушы ретінде тәжірибесі бол­са дедік. Сол мамандардың ара­сында камера алдында сөйлей ал­­­майтындары да бар. Сондықтан баяндаушының лекциясы ұнамай қалған болуы керек. Өйткені әртүрлі эмоция болады. Дегенмен қа­­зірдің өзінде 150-дей курс бар. Әр курс 25 лекциядан тұрады.

Айқын: Қаралымы қандай?

Рауан Кенжеханұлы: Қаралымы соншалықты көп емес. Жұмыс енді басталып жатыр. Бұл күйінде қал­майды, әлі жетілдіре түседі. Қашықтықтан оқытудың өзіндік әдістемесі, методикасы бар. Сон­дықтан кемшіліктер түзеліп, дами түседі.

жоба-1.JPG

Айқын: Биыл «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры қазақтың алпыс ақын-жазушысының ан­то­логиясын БҰҰ-ның алты тіліне ау­дарды. Бұл жобаға байланысты тізімге енбей қалған қаламгерлердің тарапынан өкпе-реніштер айтылып жатыр. Жазушылар одағы тізімді «Ұлттық аударма бюросы» жаса­ға­нын айтады. Шын мәнінде, іріктеу қалай жүргізілді?

Рауан Кенжеханұлы: Бірін­ші­ден, бұл «Рухани жаңғыру» бағ­­­дар­ламасы аясында қолға алын­ған «Жаһандағы қазіргі қазақ мә­дениеті» жобасының жемісі. Елі­мізде тұңғыш рет қазақтың алпыс қа­ламгерінің, яғни отыз ақын, отыз жазушысының шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне аударылды. Олар: ағылшын, испан, араб, қы­тай, француз, орыс тілдері. Осы тілдердегі ең мықты, ең танымал бас­палармен жұмыс істедік. Ағыл­шын тілінде Британ кеңесі мен Кембридж университетінің бас­пасы, испан тілінде Сервантес инс­титуты мен Визор баспасы, орыс тілінде Горький атындағы әде­биет институты мен Мәскеу мем­лекеттік университетінің бас­пасы, қытай тілінде Ұлттар бас­пасы, араб тілінде Мысырдың ұлт­тық мәдениет пен білім орта­лы­ғы, француз тілінде Париждің мә­дени бірлестігі мен Мишель де Моль баспасымен бірлесе жұ­мыс атқардық. Өйткені бұл жо­баның жауапкершілігі өте үлкен әрі сапасын да қамтамасыз ету басты мақсат болды. Әдеби аудар­ма академиялық аудармадан да қиын. Өйткені өлең, көркем шы­­­ғарма аударылуы керек. Өлең­нің, көркем шығарманың маз­мұ­нын сол қалпында көркем жет­кізе білу шын дарынның, яғни кәсіби аудармашының ғана қолынан келеді. Мұны айтып отырған себебім, тағы бір баспа ау­дарма жұмысымен айналысып, қаламгердің шығармаларын бес тілге аударған екен. Оның са­па­сына қатысты сын пікір көп айтылды. Ол аударманы кім жаса­ғанын білмеймін, сапасына да жауап бере алмаймын. Ал «Ұлттық аударма бюросы» жасаған дүниеге басыммен жауап беретінім анық. Ті­зімге келер болсақ, Жазушылар одағында 800-ге жуық мүше бар. Ешқайсысы өзін басқадан кем санамайды. Барлығы да өте да­рын­­ды, талантты қаламгерлер. «Біз бұл жобаның техникалық опе­раторымыз. «Бізге тізім бе­ріңіз­дер, аудармасына біз жауап бе­реміз» дедік. Тізім бірнеше рет өзгерді. Түптеп келгенде Ау­дар­ма бюросы ретінде біздің тізім жасауға құқығымыз жоқ. «Бір қаламгер кіреді, екінші бір қаламгер кірмейді» деп айта алмаймын. Ал тізімді анықтап, жобасын берген – Жазушылар одағы. Біздің жұмыс шығарманы сапалы аударып шығару болды. Антология алты тілге сапалы аударылды деп ойлаймын. Өйткені әзірге оқырмандар тарапынан сын айтылған жоқ. Антология ағыл­шын тілінде сөйлейтін 17 ел­ге, француз тілінде сөйлейтін 22 елге кетті. Сол елдердің ең үлкен кітапханалары, ең үлкен оқу орталықтары, әде­би ор­та­лық­тарына таралды. Бар­лығын санағанда 93 мемлекеттегі 23 мың адреске жетті. Әзірге нәтижесі жа­ман емес. Антологияға байланысты жан-жақтан арнайы хаттар да келіп жатыр. Францияның президенті Макроннан хат алдық. Ол хатында: «Ел мен елді жақындастыратын – рухани жобалар» деген екен. Бұл – саясаткердің жауабы. Техас шта­тындағы бір университеттен хат келді. Олар «Антологияны уни­вер­ситеттің әдеби үйірмесіне бердік» деп жазады. Не болмаса, Қазақстан туралы ешқашан естімеген Латын Америкасындағы кей елдер анто­логияны алып, біздің елімізді та­нып жатыр. Керемет емес пе? Әуел­де бұл идея өте әдемі көрінгені рас. Ешкім керек емес деген сөз айтқан жоқ. Бәрі жасалып біт­кеннен кейін «осындай дүние қа­жет пе еді?» деген де сөздерді ес­тіп қаламыз. Біз үлкен елдің қа­тарында болғымыз келсе, олар секілді жұмыс істей білуіміз қажет. Мәдениетімізді жоғары деңгейде таныстыра білген жөн.

Айқын: «Ұлттық аударма бюро­сы» Хараридің «Адамзаттың қыс­қа­ша тарихы» жинағын қазақша ау­дарды. Бұл жинаққа қатысты да әлеуметтік желіде бірқатар сы­ни пікірлер айтылды. Харари шы­ғармалары «100 жаңа оқулық» жо­басы аясында іске асырылып отыр ма? Неге таңдау Харариге түсті?

Рауан Кенжеханұлы: Юваль Ной Харари Оксфордтың тарих фа­культетін бітірген тарихшы маман. Өзінің сөзіне қарасақ, сол жерде жүрген студенттеріне ар­нап, «Адамзаттың қысқаша та­рихы» деген лекцияларын жа­зады. Оны студенттер ерекше қа­былдап, бір баспаға беріп жі­бе­реді. Сосын баспа бұл дүниені жа­рыққа шығарады. Кейін бұл кі­тапқа оқырман тарапынан жақсы пікірлер айтыла бастады. 2014 жылы ағылшын тілінде жа­рық көрді. Билл Гейтс: «Егер адам тұрмайтын аралға кетер бол­сам, осы кітапты алып кетер едім» деп жазады. Қазір кез кел­ген мем­ле­кет­тің ең үлкен кі­тап­­хана­сы­на кірер болсаңыз, Ха­раридің кі­таптарын көресіз. Бірін­ші кітабы – «Сапиенс: Адамзаттың қысқаша тарихы», екіншісі – «Болашақтың қысқаша тарихы», үшіншісі – «ХХІ ғасырға 21 сабақ» деп аталады. Үшеуі де он шақты тілге аударылып, миллиондаған таралыммен тарады. Бүкіл әлем оқып, талқылап жатқан кітапты неге біз қазақ тілінде таратпасқа?! Қа­зақ тіліндегі оқырмандар сол идеяларды әлеммен бірге тал­қы­ласа, айып па? Ол қандай көз­қа­рас­тағы адам? Кіммен тұрып жа­тыр? Ол бізді қызықтырмауы тиіс. Ары бұл аударманың «100 жаңа оқулық» жобасына еш қатысы жоқ.

Айқын: Қазір life long learning деген тренд бар. Яғни, өмір бойы оқып үйрену. Алайда біздің отандық еңбек нарығы маманның осылай тұрақты дамуын өз дәрежесінде бағалай ма? Оның жалақысы, қыз­меті сәйкесінше өсе ме?

Рауан Кенжеханұлы: Біз осыған табиғи түрде келе жатырмыз. Біздің нарықты реттейтін заңдарымыз да, институттарымыз да мұны рет­тей алмайды. Контент көбейіп жа­тыр. Өмірдің динамикасы да қат­ты өзгеріп кетті. Мәселен, мен кәсіпкер де, мемлекеттік қыз­меткер де, журналист те бол­дым. Қоғамдық жұмыспен де айналыстым. Мұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты нәрсе. Кейде траекторияны өзгертуге тура келеді. Бұл тұрақсыздықтың белгісі емес. Сыртқы орта сізді осы­ған итермелейді. Қандай жақ­сы маман болсаңыз да, сізді нарық өзі көтермелейді. Алдағы бес жылдан кейін біз білмейтін басқа мамандықтар пайда болуы мүмкін. Сондықтан біліктілікті жиі арттырып отырған дұрыс. Мұның пайдасы болмаса, зияны жоқ. Әр он жыл сайын адам жаңа тіл үйренуі керек.

Айқын: PISA-2018 жылдың нәтижесі шықты. Қазақстан үш жыл бұрынғы 42-орыннан 69-орынға бір-ақ құлады. Өте қауіпті жағдай. Бір буын сауатсыз болып бара жатыр. Мұның себебі неде, қалай алдын алуға болады?

Рауан Кенжеханұлы: Себебін айта берсек, өте көп. Білім сала­сындағы проблеманың шын масш­табын айтуымыз керек. Біз кейде ұсақ дүниелерге кетіп қаламыз. Онда біз үш ауысым емес, екі ауысым емес, бір ауысымда білім беруіміз қажет. Сонда ол баламен жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Иін тіресіп, орын таппай, үш ауы­сыммен оқытып жүрген шақта білімнің сапасы туралы әңгіме айту қиын. Ол үшін қосымша үш мың мектеп салынуы қажет. Үш мың мектеп салынуы үшін 40-50 триллион ақша керек. Ондай қа­ра­жатты қазір бізге ешкім бере қоймайды. Сондықтан кәсіп­керлерді, халықаралық ұйымдарды тартып, жан басына шағып, қаржыландыруды қамтамасыз ету керек. Бұған бүкіл қоғам болып араласып, кіріскен жөн. Дүниежүзі екі-ақ нәрсе үшін таласады: ка­питал және талант. Дамушы ел­дерге капитал қажет, дамыған ел­дер талантты адамды іздейді.

Дайындаған Г.ТҰРҒАНБАЙ https://youtu.be/8w4ydB-d3ko