Шымкентте сұйылтылған газдың аса ірі көлемдегі экономикалық контрабандасы мен заңсыз тасымалдау дерегі анықталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік таратқан ақпаратқа сүйенсек, Шымкент қаласының екі тұрғыны 2017-2020 жылдар аралығында жалған құжат жасай отырып, Тәжікстан мен Ауғанстан аумағына 700 тоннадан астам сұйылтылған газды заңсыз тасымалдаған және экспорттаған. «Шымкент қаласының Абай аудандық соты іс бойынша екі айыпталушыны үш жылға бас бостандығынан айырды (ҚР ҚК-нің 234-б. 2-б. 1) және 4-тармақтары, 197-б. 4-б. 2-тармағы). Мемлекет кірісіне жалпы сомасы 110 млн теңге болатын 720,8 тонна сұйылтылған газ бағытталды», – делінген хабарламада. Есте болса, осыдан үш-төрт күн бұрын Шымкент қаласында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жалған есепке алу-бақылау маркасы бар алкоголь өнімін дайындайтын астыртын цех қызметінің жолы кесілген еді. Өндірілген өнім Шымкент қаласының аумағында сатылып келген. Тексеру кезінде «Русская на бруньках» және «Березовая» маркалы 2 мың бөтелкеден астам алкоголь өнімі, 160 литр спирт, 10 мыңнан астам марка, сұйықты араластыруға арналған сорғы, алкогольге арналған 140 бос қорап және 80-нен астам бос бөтелке, 400-ден астам қақпақ тәркіленді. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 233-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. Қазіргі уақытта тиісті сараптама мен тергеу амалы жүргізіліп жатыр.Тұмар МЫРЗА