Өзбекстан газ экспортын шектейді
Өзбекстан газ экспортын шектейді
215
оқылды

Өзбекстан 2025 жылға қарай табиғи газ экспортын азайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Өзбекстан пре­мьер-министрі Абдолла Ари­­пов мәлімдеді. «2025 жыл­ға қарай табиғи газдың экс­порты азайтылады, оның есе­сіне ел ішінде шикізатты то­лықтай қайта өңдеу жүр­гізіліп, өнді­ріс­ті кеңейту бойын­ша шара­лар жаса­ла­ды», – деді Арипов.

Оған қоса, үкімет 2030 жылға қарай электр қуатын өндіруді екі есе­ге, мұнай өнімдерін 1,8 есеге, та­биғи газ өндірісін 1,2 есеге, кө­­мір өндірісін 3,3 есеге арттыру мін­­деттемесін алған.

Өзбекстан – Орталық Азия­да­ғы табиғи газ қорына бай мем­ле­кеттің бірі. Дегенмен елдегі бар­лан­ған көгілдір отын қоры туралы дерек әртүрлі кездеседі. Мәселен, British Petroleum (BP) компаниясы Өзбекстан аумағында барланған газ қоры шамамен 600 млрд текше метр болса, мұнай 100 млн тонна көлемінде деп болжайды. Ал мем­ле­кеттік «Өзбекмұнайгаз» ком­па­ниясының есебінде мұнай қоры 132 млрд тонна, газ 4 трлн текше метр көлемінде.

– Бір анығы, Өзбекстан осы уа­қытқа дейін газ экспорттаушы елдердің алдыңғы легінде келе­ді. Ресми мәлімет бойынша, Өзбек­стан сыртқа 2018 жылы 13 млрд тек­ше метр газ шығарса, 2019 жы­лы көрсеткіш көлемі 15 млрд тек­ше метрден асқан. Осы 15 млрд тек­ше метр отынның жартысынан кө­бін (8 млрд текше метр) Қытайға сат­са, 4,5 млрд – Ресейге, 2,5 млрд – Қазақстанға, қалған 550 млн тек­ше метр газ Орталық Азияның өзге елдеріне экспортталыпты.

Иә, жоғарыда келтіргеніміздей, Өзбекстан көгілдір отынын негіз­гі импорттаушы мемлекет – Қы­тай. ҚХР – жалғыз өзбек газын емес, тұ­тас Орталық Азияның жер­­асты бай­лығын сатып алуға да­йын тұр­­ған мемлекет. Синьхуа агент­ті­­гінің мәліметінше, 2009 жылы «Ор­талық Азия – Қытай» газ құ­бы­ры пайдалануға берілгеннен бас­тап, он жыл ішінде Бейжің бұл аймақтан 294,6 мииллиард тек­­ше метр газ тасымалдапты. Был­тырдың өзінде Түркіменстан, Өз­бекстан және Қазақстан мем­ле­к­еттері Қытайға 47,9 млрд текше метр­ден астам (көп бөлігі Ашхабад экспортына тиесілі) көгілдір отын сатқан екен.

Айта кету керек, «Орталық Азия – Қытай» құбыры арқылы жет­кізілетін көлем ҚХР-да тұты­ны­латын газдың 15-20%-ын ғана құрайды. Егер Қытай мемлекеті негізгі энергия көзі – көмірден бас тартып, газға ауысатын болса, ішкі тұтыну жылына 700 млрд текше метрге жетеді деп күтіліп отыр.

Сонда, шығыстағы алып көр­ші­міз, Орталық Азия елдеріне ор­тақ нарық көзі тарапынан осын­дай сұраныс туып тұрған кез­де Өз­б­екстаннның «экспортты азай­та­мыз» деуінде не гәп бар?

Былтырғы шілде айында «Өз­бек­­мұнайгаз» компаниясының тө­­рағасы Баходир Сидиков елде өн­дірілген газ көлемі не се­беп­ті тұр­ғындар мен бизнестің сұра­ны­сын жаба алмай отырғанын түс­індірген. «Біріншіден, біз бар­лау жұмысы мен кен орын­­да­рын қайта өңдеу ісін қаржы­лан­ды­руға толық көңіл бөлмей келдік. Осы себептен, өнім өндіру көлемін арттыруда көптеген проблемамен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұған қоса, біздегі көптеген кен орын­дары күрделі жағдайда. Сондықтан ішкі нарықты газбен толық жаб­дық­тау ісінде жұмыстар ақсап тұр», – деп атап көрсетті ол.

 

Негізгі бағыт – ішкі нарық

Иә, экономикасы негізінен ши­кі­заттық бағытқа негізделген елдерде өнімді ең алдымен сырт­қа сату ісі алғашқы орынға қойы­ла­ты­ны рас. Әсіресе, пост-кеңестік мем­лекеттердің арасындағы газ экс­порттаушы елдердің бәріне тән проблема – өз тұрғындарына таби­ғи отынның толық жетпеуі. Мысалы, әлемдік газ саудасын қыздырып, өз мүддесін өткізуде энер­горесурсын көлденең тар­та­­тын Ресей Федерациясы хал­қын көгілдір отынмен толық қам­­туға қол жеткізе алған жоқ. Novayagazeta.ru порталының дере­­гінше, газдың мол қоры бар делі­­нетін Сібір жеріндегі Үркіт облы­сы­ның тұрғындары 8% көлемінде ғана жабдықталған. Сол секілді, Буриятия – 13%, Новосібір облысы – 29%, Якутия 33% көлемінде болса, Краснаярск аймағы мен Мур­манск облысы 0% деңгейінде. Әрине, сібірдегі шашырай орна­лас­қан халықты жаппай қамту үл­кен қаржыны қажет ететіні анық. Десе де, Ресей­дің «Сібір күші», «Солтүстік ағын», «Түрік ағыны» се­кілді экс­порттық газ құбыр­­ла­рына 6 трил­лион рубль инвес­ти­­ция салып жат­қанын есепке алса­ңыз, мәсе­ле қар­жыда емесін де түсінуге бола­тын­дай.

Жә, жабдықтау ісінде біздің елде де көрсеткіш мәз емесін бі­ле­­м­із. Әрине, Ресей мен Өзбек­стан­­ға қарағанда газ қорымыз аз (шамамен 3,7 трлн текше метр) еке­н­і белгілі. Десе де, ел тұр­ғын­да­­­рын газбен қамтамасыз етуде 49%-дан енді асқанымыз рас. 2019 жыл­­дың маусым айында сол кез­де­гі Энер­гетика министрі Қа­нат Бозым­баев Қазақстанда 9 млн адам­ның газга қолы жеткенін мә­лім­­д­еді. 2021 жылға дейін тағы 13 ай­­­маққа газ құбыры жеткізіледі. Сол­түстікке тартылған «Сарыарқа» газ құбыры ел астанасынан бөлек, жол бойындағы 171 елді мекенді кө­­­гілдір отынмен жарылқайды деп күтілуде.

Бұл тұрғыда өзбектің көрсет­кі­ші көш ілгері. БҰҰ-ның 2015 жыл­ғы есебіне қарасақ, Өзбек­стан­дағы қалалық жерлер 87,5%, ал ауылдық аумақтардың 72,1% газбен жабдық­тал­ғаны айтылыпты. Алайда 2019 жылы республикадағы халықты көгіл­дір отынмен қамтамасыз ету жүйесінде бірнеше рет кідіріс бол­­ған. Үкімет басшысы Абдолла Ари­пов оның себебін елдегі «энер­­горесурстарға сұраныс оны өн­діру көрсеткішінен асып ке­тіп жатқанымен» түсіндіреді. Осы­­­ған орай, Өзбекстан үкіметі биыл­­д­ан бастап, үш жыл ішін­де ре­с­публикадағы барлық энер­го­­ре­сурс тұтынушыларына газ есеп­теуіш құралдарын орнатуды жос­парлап отыр. Бұл тұтынушы мен жеткізушінің арасындағы ай­­қындыққа, өнімді тиімді пай­да­лануға жол ашады.  

Кейбір дерек көздері Өзбек­стандағы ішкі тұтыну көлемі тәу­лі­гіне 1 млн текше метрге жеткенін айтады. Республикадағы бір жылғы газ өндірісі шамамен 61 млрд тек­ше метр екенін есепке алсақ, жо­­ғарыдағы тәуліктік көрсеткіш өте жоғары. Демек, сұраныстың өсуі ел экономикасының жан­да­нуы­ның белгісі деген сөз.   


Бауыржан.JPG  Бауыржан БАЗАР