Президент Қ.Тоқаевтың 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру керек екені айтылып еді. Президентке тікелей бағынатын агенттік құрылған 3-4 айдың көлемінде реформалауға қатысты негізгі іс-шараларды дайындап үлгерді.
Біз Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасы Қайрат Келімбетовтен реформалардың қашан қабылданатынын, оның нәтижесі қалай болатынын, жалпы елдің реформалардан не күтетіні туралы сұрап білдік.
– Қайрат Нематұлы, дәл осындай агенттікті осыдан 20 шақты жыл бұрын басқарғаныңыз есімізде. Жалпы, агенттікті қайтадан құру реформалар жасауға сұраныс туып тұр деген сөз бе? – Иә, дәл айтып отырсыз. Алғаш рет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру кезеңі 1997-1998 жылдармен сәйкес келген. Өзіңіздің де есіңізде болар, ол кезде нарықтық экономикаға енді көшіп бастағанбыз. Елдің ары қарайғы стратегиясын айқындау маңызды еді. Дәл сол уақытта Елбасы Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясын айқындап, «Қазақстан–2030» Стратегиясын қабылдағанбыз. Ол құжаттағы көрсетілген көрсеткіштерге мерзімінен бұрын қол жеткіздік деп айтуға негіз бар, сондықтан 2012 жылы Елбасы «Қазақстан–2050» құжатын дайындауды тапсырған. Мақсат – дамыған 30 елдің қатарына кіру немесе қарапайым тілмен айтсақ, біздің азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін сол дамыған елдердің деңгейіне жеткізу. Бұл, әрине өте салмақты мақсат. Жалпы, Қазақстанда қолға алынған әр стратегияны сол кезеңнің мәселелеріне жауап ретінде қарастырған жөн. 2015 жылы «Ұлт Жоспары» немесе «Бес институционалдық реформа» мен «100 нақты қадам» қабылданды. Оның мақсаты – заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастыру, заңның үстемдік құруы, экономиканы әртараптандыру. Бұл қадамдар 2008-2009 жылғы әлемдік дағдарысқа, 2014-2015 жылдардағы шикізат құнының төмендеуіне қатысты қолға алынған шаралар еді. Қазір әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр – жаңа технологиялар, цифрландыруды төртінші өнеркәсіптік революцияға теңеуде. Мұның үстіне, коронадағдарыс дейміз, коронавирустың кесірінен әлем елдері өз экономикасындағы үрдістерді қайтадан қарастыра бастады. Әлеуметтік сала, білім, денсаулық сақтау салаларындағы олқылықтар көріне бастады. Президент Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік аппараттың барынша икемді болуын, сіресіп қалмауы қажеттігіне баса назар аударды. Анығырақ айтсақ, мемлекеттік аппарат қазақстандықтардың мұқтаждығына сай болуға тиіс. Осы өзгерістерді жүзеге асыру үшін басқару жүйесі – Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес құрылды. Кеңесті Президенттің өзі басқарады. Кеңестің мақсаты мемлекеттік органдардағы өзгерістердің координациясымен айналысу. Құрамында Қазақстан Премьер-Министрі, Президент Әкімшілігі төрағасы мен оның орынбасары, Ұлттық банк төрағасы мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы бар. Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін сол кеңестің жұмыс органы десек болады. Қазір агенттік осы өзгерістің барлығының жүйелі түрде мемлекеттік аппараттың тиімділігі тұрғысынан жүргізілуін қамтамасыз етпек. Ал мемлекеттік аппараттың тиімділігі дегенімізді Қазақстан азаматтарының әл-ахуалын оларға көрсетілетін мемлекеттік қызмет арқылы жақсарту деп түсінгеніміз абзал. – Реформаларды дайындаумен агенттік айналыса ма және ол реформалар қай бағытта жүргізілмек? – Шын мәнінде, реформаларды дайындауға әр мемлекеттік орган жауапты. Президенттің басқаруымен Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес құрылды. Ол кеңестің құрамында 6 топ бар, яғни 6 кеңестік топтың дайындаған құжаттарымен жұмыс істейді. Солар туралы азырақ тарқатып өтейін: олар макроэкономика саласы, экономиканы әртараптандыру саласы, бизнесті реттеу саласы мен әлеуметтік саясат саласы, сот және құқық қорғау органдарын реформалау саласында жұмыс істейді және кәсіби Үкімет реформалары тобы бар. Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі сол кеңестің жұмыс органы десек болады. Ол реформаларды үйлестірумен, баға берумен, қадағалаумен айналысады. – Енді жаңа айтып өткен жұмыс топтарына кеңірек тоқталсаңыз. – Макроэкономика туралы айтсақ, Қазақстан пандемиямен лайықты түрде күрес жүргізді деп айта аламыз, Ұлттық қордың көмегіне жүгіндік. Өздеріңіз де куә болдыңыздар, пандемия экономикаға жан-жақтан қысым көрсетті. Бір жағынан жаһандық экономиканың қарқыны бәсеңдеді. 2020 жылы әлемдік жалпы ішкі өнім 4 пайызға төмендеді. Екінші жағынан шектеу шаралары мемлекеттердің бюджетіне, кірісінің азайып, шығысының ұлғаюына әсер етті. Пандемия кезінде, сонымен қатар денсаулық сақтау және білім беру жүйелері үлкен қысымды бастан өткерді. Алайда Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы тиісті шараларды жүйелі түрде жүзеге асырды. Мәселен 4,5 миллионнан астам адамға айына 42 500 теңге әлеуметтік төлемді беру үшін 450 млрд теңге жұмсалды. Қанша сын айтылса да, мұндай көмекті посткеңестік елдердің ішінде халқына Қазақстан ғана көрсеткенін атап өту керек. Бұл көмекке Ұлттық қордың үлесі зор болды. Ал ендігі мәселе Ұлттық қордың ары қарайғы құрылымы қалай болуы керек, бюджеттік және фискалдық саясат қалай жұмыс істеуі керек? Міне, макроэкономикалық топ осы шаруаларға қатысты іс атқарады. Экономиканы әртараптандыру тобы мұнайдан тыс экономикалық секторларды құрылымдауды, жаңа жұмыс орындарын ашатын салаларды қарастырады, оның ішінде, әрине туризм, агросектор салалары бар. Бизнес қауымдастық үшін қандай қажетті жағдай жасау керек екенін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге шешеміз, орта және шағын бизнесті қалай ынталандырамыз, бизнес реттеу қалай болуы керек екенін бизнес реттеуге қатысты жұмыс тобы қарастырады. Әлеуметтік саланың аса маңызды екенін бәріміз білеміз. Бұл ретте Әлеуметтік кодекс бойынша жұмыс басталды. Сот және құқық қорғау салаларын реформалау тобы Президент Жолдауын даярлау кезінде-ақ жұмысқа кіріскен, жақсы жетістіктері де бар. Жақын арада реформаларды жариялай бастауы тиіс. Осы топтардың қай-қайсысы өз шешімдерін сарапшылардың зерттеулеріне сай, олармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы қабылдайды. Академиялық топтармен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен бірлесіп, іс атқаруда. – Жоғарғы кеңестің жиыны қаңтардың соңғы жұмыс күнінде, өткен жұмада болды. Қоғамға қандай реформаны жарияламақшысыздар? – Әлгінде айтқанымдай, біз «Қазақстан–2050» стратегиясы аясында әр қазақстандықтың әл-ауқатының барынша жақсаруына мүдделіміз. Осы стратегияны және оның шеңберінде қалыптасқан институционалды реформаларды жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен бағдарламалық құжаттардың барынша икемді архитектурасын дайындадық. Мемлекеттік аппараттың бүкіл қажырын бір бағытқа топтастыру үшін жалпыұлттық басымдықтар айқындалды. Ол басымдықтар бойынша мемлекет дамуының 2025 жылға дейінгі, 2030 жылға дейінгі даму жоспары нақтыланады. Қазір 10 басымдық айқындалды. Оларды шартты түрде 3 деңгейге бөліп түсіндірейін: Құжаттардың бірінші деңгейі – 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары, Аймақтық даму жоспары, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы. Бұл құжаттар орталық және аймақтық деңгейдегі мемлекеттік аппараттың мақсаты мен міндеттерін айқындайды. 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын алмастырады десек болады. Мұнда Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы енгізілген. Аймақтық даму жоспары Ұлттық даму жоспарымен бірлесіп, аймақтардың әрқайсының ерекшелігіне қарай олардың дамуына қажетті жағдай жасауды алға қояды. Құжаттардың екінші деңгейі – аймақаралық немесе салааралық мақсаттардың жүзеге асыру саясатын айқындайды. Ең алдымен, бұлар салалардың даму концепциялары, ол жерде экономиканың әр саласындағы мемлекеттік органдардың мақсаты қатаң реттеледі. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, мемлекеттік бағдарламаларды алмастыратын ұлттық жобалар. Бұл жобаларда әлемнің мемлекеттік және корпоративтік салаларында өзінің қажеттілігін дәлелдеген элементтер енгізіліп қана қоймай, қорытындысына жауап беретін нақты жауапкершілікке ие қызметкерлер белгіленеді. Ал үшінші деңгейдегі құжаттар – аймақтардың даму жоспарлары, мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік ұйымдардың даму жоспарлары. Жалпыұлттық басымдықтар мен ұлттық жоспарлар Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітіледі. – Ұлттық жобалардың мемлекеттік бағдарламалардан не айырмашылығы бар? – Ұлттық жобалардағы шаралар барынша түсінікті және қол жеткізетін жетістіктер барынша айқын көрсетілген. Әр ұлттық жоба мынадай критерийлерге сай болуға тиіс: айқындалған мақсаты мен оның қорытындысы анық көрсетілуі керек, оның кезеңдері, мүмкіндіктері, қанша қаражатты қажет ететіні және оған кімнің жеке жауапты екені анық көрсетіледі. Әр ұлттық жобаның жүзеге асырылу кезеңдері бағалаудан өтуі тиіс. Бағалаумен Үкімет жанындағы Ұлттық жобалық офис, біздің агенттік жанындағы Талдау офисі (Ұлттық Статистика бюросымен бірлесіп) және Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанындағы Цифрлық трансформация офисі айналысады әрі Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы ұлттық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған республикалық бюджет қаржысының қалай жұмсалуын Есеп комитеті қадағалайды. 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін жаңа ұлттық жобаларды құруға және мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға айналдыру бойынша жұмыстың бәрі аяқталуы керек. – Ал ұлттық жобаларды қаржыландыру принципі өзгере ме? – Иә, бюджет лимиті жобалар мен басымдықтарға қатысты бөлінеді. Әрі біз pay-for-results «қорытынды үшін төле» деген жүйені ұсынып отырмыз. Жобаның әр кезеңі оған дейінгі кезеңде қол жеткізген жетістігіне сай қаржыландырылады. – Азаматтар реформаның жүзеге асырылып жатқанын қалай бақылай алады? – Реформаның негізгі құндылығы – оның адамға, елдің әр азаматына сай жасалынатыны. Егер әр қазақстандықтың жағдайын жақсартпаса, ол реформаларды өткізудің еш қажеті де жоқ шығар. Біз реформалаудағы қоғамдық бақылау – цифрландыру құралдарын пайдалану арқылы атқарылуы керек деп есептейміз. Барлық жоба Data Driven Government платформасы арқылы жүзеге асырылады. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынатын бұл платформада қоғам ұлттық жобалардың қалай жүзеге асып жатқанын көріп отырады әрі бағалау мүмкіндігіне ие. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» принциптеріне сай әр қазақстандық бүкіл цифрлық ақпаратқа қол жеткізе алады. Реформа жүргізуші органдар да осы құралдардың арқасында қоғаммен байланысын күшейте түседі.Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН