2020 жылғы «Жаһандық инновациялық индекс» рейтингісінде Қазақстан 77-орынға ие болды. Дамыған елдер туралы айтпағанда, біз Ресей мен Беларусьтен айтарлықтай артта қалып, Армениядан, Моңғолиядан, Ямайка және Панамадан да төменгі орынға түстік.
Ал өзіміздің статистикалық деректерімізге сүйенсек, 2019 жылы біздегі инновациялық өнім көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің небәрі 1,6%-ын құраған, осы көрсеткіш бойынша біз Ресейден 8 есе, дамыған елдерден 20-30 есе артта қалып отырмыз. Неге бұлай? Басты себеп – ғылымды қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Сонымен бірге, біздің шетелдік әріптестеріміз былай дейді: «Сіздер үнемі ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру нысанын өзгертумен айналысасыздар, ал дұрысында, жүйенің мазмұнын өзгерту қажет. Өзгерістерді ғылыми зерттеулердің жаңа әдістерін меңгерген заманауи ғылыми кадрларды даярлаудан бастау керек. Егер сіздер бұған қол жеткізсеңіздер, өте тиімді ғылыми әзірлемелерге ие боласыздар. Сол уақытта бизнестің өзі оларды коммерцияландыруға кезекке тұрады». Бұл бағытта біз не тындырдық? Біз ғалымдарды дайындаудың ескі кеңестік жүйесін жойдық, бірақ оның орнына жетілдірілген жаңаша жүйені құра алмадық. Технологиялық тұрғыдан дамыған елдер, оның ішінде Қытай, инновацияларды құрудың және заманауи ғылыми кадрларды даярлаудың ең қысқа жолы зерттеу университетінің моделі болып саналатынын дәлелдеді және бүгінде көршілеріміздің қандай ғылыми серпіліс жасағанын көріп отырмыз. Аталған елдің университеттерінде, негізінен, экономиканың неғұрлым өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ірі пәнаралық ғылыми бағдарламалар жүзеге асырылады. Өзіндік ғылыми мектебі қалыптаспаған зерттеулердің бағыттары бойынша жобаларға жетекші шетелдік ғалымдар тартылады. Нәтижесінде, мультипликативті нәтижелерге, яғни өндіріске қажет инновацияларға, жаңа білім трансфертіне, заманауи зерттеу әдістерін меңгерген жас ғалымдарды даярлауға, ЖОО үшін жаңа білім беру бағдарламаларына қол жеткізіледі.Шын мәнінде, біз бүгінге дейін әлемдік ғылыми және білім беру кеңістігімен біріге алмадық. Бізде құрылған бірнеше ғылыми-зерттеу университеттерінің жұмыс істеу мазмұны емес, тек маңдайшасындағы жазуы өзгерді.
Ал біз өзіміздің көптеген реформаларымызбен ғылым мен жоғары білім беруде, осындай басты жүйелі өзгерістерді іс жүзінде қалыптастыра алмадық. Шын мәнінде, біз бүгінгі күнге дейін әлемдік ғылыми және білім беру кеңістігімен біріге алмадық. Бізде құрылған бірнеше ғылыми-зерттеу университеттерінің жұмыс істеу мазмұны емес, тек маңдайшасындағы жазуы өзгерді. Ал салалық министрліктер, тіпті басқа жолмен жүр. Олар өзіне бағынышты университеттердің ғылыми әлеуетін нығайтудың орнына, олардың үстінен неше түрлі әкімшілік құрылымдарды ойлап тапты. Мұндай жүйе ешбір дамыған елде жоқ. Осыдан-ақ Қазақстанның Жаһандық инновациялық рейтингте артта қалуының және еліміздегі инновациялық өндірістердің төменгі үлесінің себебі мен салдарын түсінуге болады. Бұл көрсеткіш ғылымның бүгінгі жай-күйін ашық көрсетіп тұр. Аталған маңызды саланы басқарудың енжарлығына қарағанда, жақын арада технологиялық серпіліс жасап, кәсіпорындарымыздағы еңбек өнімділігін едәуір арттыра алатынымызға үлкен күмән бар. Сондықтан экономикамызды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін жүйелі өзгерістер жүргізу қажеті анық. Ең бастысы, ғылым саласын басқаруда менеджер ғана емес, әлемде жинақталған үздік тәжірибені пайдалана алатын, ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи жүйесін біздің жағдайымызға бейімдей алатын, елде сапалы ғылыми әлеуетті қалыптастыруды қамтамасыз ететін танымал ғалымның болуы да маңызды.Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты