Қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде Шымкент қаласындағы дендросаябақта өзіне қол жұмсамақ болған бозбаланы полиция қызметкерлері аман алып қалды.
Махаббат үшін өзіне қол салуға бола ма?
Оқиғаның алдын алған полицейлерге хабарламаны бозбаланың досы жеткізеді. Мүмкін жолдасының әрекетіне қарсы шықса да , оны көндіре алмағандықтан полицейлерден көмек сұраған болар. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары жігітті саябақтағы самалжайлардың (беседка) бірінен кезіктіреді. Алайда жақын барып сөйлеспекші болғанда жас жігіт самалжай қоршауына мініп, мойнына жіп іліп секіреді. Полиция қызметкерлері жедел қимылдап, жіпті үзіп, бозбаланы аман алып қалады. Кейін белгілі болғанындай бозбала бұл қадамға сүйген қызымен болған жанжалдың салдарынан барыпты. Жап-жас жігіттің бұл әрекеті көпке дейін көңілден кетпей қойды. Болашағымызды сеніп тапсырар ер-азаматтардың өмірге жауапкершілікпен қарамайтыны көңіл құлазытты. Әйтпесе, айдың күннің аманында қыз үшін шыбын жанын қия салу қай ата-бабамызда бар еді? Мүмкін бозбаланың жан күйзелісін түсінбейтін шығармыз.Суицид жасайтындардың 60-70 пайызы – ерлер
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жариялаған мәліметке сүйенсек, Түркістан облысында былтыр өзіне қол салу бойынша тіркелген 281 оқиғаның 203-ін ер-азаматтар жасаған. Қалған 78-і – әйелдер. Ал Шымкент қаласында 2020 жылы болған 128 суицидтің 83-ін ерлер жасаса, 45 суицидке әйелдер барыпты. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, айырмашылық жер мен көктей. Өзіне қол салатындардың 60-70 пайызға жуығы ер-азаматтар екен. Демек, өмірде кездесетін қиындыққа төзбейтін де жігіттер болып отыр. Қоғамда суицидке ұмтылатындар негізінен толық емес отбасында өскендер және дау-жанжалы көп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүшелері барады деген түсінік қалыптасқан. Алайда бүгінде мамандар бұған тұрмыстық жағдай ғана әсер етпейтінін айтады. Мінез-құлықтан немесе кеселдің кесірінен суицид жасайтындар да болады.Көш бастап тұрған Түркістан ба, Шымкент пе?
Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының мамандары суицидтің негізгі себебі тұрмыстық зорлық-зомбылық, ата-аналардың балаларға жеткілікті көңіл бөлмеуі екенін айтады. Айта кетейік, Түркістан облысы 2019 жылдың қорытындысында жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша республикада көш бастап тұрған. Сол жылы өз-өзіне қол жұмсаған 76 жасөспірімнің 32-сі өмірден өткен. Ал 2018 жылы облыста тіркелген 106 суицид оқиғасының 42-сі адам өлімімен аяқталған. Былтыр 51 бала өмірімен қоштасқысы келген, 21-ін ажалдан арашалаудың сәті түсті. Демек, былтыр облыста 30 жасөспірім өмірімен қоштасып үлгерді деген сөз. Түркістан облысының Шымкент қаласынан бөлініп, өз алдына өңір болғанына 3 жылға жуықтаса да, өмір салты бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста. Бүгінде миллион тұрғыны бар Шымкент қаласының өзінде 9 бала өзіне қастандық жасап, 3-еуі аман қалды, 6-уы өмірден озды. Қалай болғанда да, үшінші мегаполистен гөрі ауыл-аймағы көп Түркістан облысында бұл жайт күрделі болып тұр. Былтыр өңір басшылығы осы жайтқа алаңдаушылық білдіріп, мәселенің алдын алу үшін жаңа жоба қолға алынған. Ол үшін жергілікті бюджеттен 44 млн теңге қаралған-ды. Тұлғалық дамыту орталығының «Бестерек» жобасы аясында өңірдегі 1 277 педагог-психологтің 1 215-і біліктілігін арттыру үшін кезең-кезеңімен қайта даярлаудан өткен. Бұған дейін өңірдегі Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал және Түркістан аудан-қалаларында мектеп пен отбасына психологиялық көмек беру бойынша екі жоба қолға алынған. Басқарма басшысы бұл мәселенің күн тәртібінен түспей тұрғанын айтады. Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауы аясында өңірде өткен жылдың 1 маусымында «2020-2023 жылдарға арналған балалар құқын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерінің алдын алу жөніндегі іс-шара жоспары» бекітілген. Жоба аясында 5-11-сыныптағы 221 482 оқушыдан түрлі әдіс бойынша сауалнама алынған. Білім басқармасының мамандары қазір карантин жағдайына байланысты мектептегі педагог-психологтер тарапынан оқушылармен жұмыс жүргізу қиынға түсіп жатқанын айтады. Иә, 2019 жылы болған 76 оқиғамен салыстырғанда, 2020 жылы жасөспірімдер арасындағы суицидтің 51-ге дейін төмендегенін сәл де жетістік деуге болар. Дегенмен жайбарақат қарауға тағы болмайды. Өйткені суицидтің алдын алу әзірге толық мүмкін болмай тұр. Ал оған бөлінген қаржы аз ба, көп бе, оны оқырман өзі бағалар.Жұмыс атқарылды, нәтиже жоқ
Жоғарыда айтып өткендей, миллион тұрғыны бар Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында 9 суицидке ұмтылу дерегі тіркелген. Оның 6-уы қайғылы оқиғамен біткен. Бұл – статистикалық мәлімет. Ал қалалық Білім басқармасының дерегіне сүйенсек, былтыр 20 оқушы өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылып, 1 оқушы қайтыс болған. 2019 жылы 3 оқушы өз-өзіне қол жұмсап бақилық болған еді. Жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақсатында жергілікті бюджеттен 60 млн теңге қаржы бөлініпті. Білім басқармасының басшылығы одан бөлек ЮНИСЕФ жетекшілігімен «Жасөспірімдердің арасындағы суицидтің алдын алу жобасымен» жұмыс жүргізетін Bilim foundation қоғамдық қорымен бірлескен келісімшарт түзілгенін айтады. Нәтижесінде, 278 денсаулық сақтау қызметкері мен 266 мектептің педагог-психологтері аутодеструктивті мінез-құлықты балалармен жұмыс жүргізу бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Одан бөлек, Қазақстан бойынша ресми жұмыс істейтін HR Development жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жасөспірімдердің аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша арнайы жобасымен жұмыс жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 68 млн 640 мың теңге қаржы қаралған. Айта кетейік, жалпы елімізде суицидті болдырмау, оның алдын алу шарасына аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бауыр етіміз – балаларымыз үшін Үкімет те қаржыдан қыса қоймайды. Дегенмен оның нәтижесі қандай? Мәселе – осында. Ауыз толтырып айтарлық жұмыс бар, көрсеткіш төмен. Осыдан 4-5 жыл бұрын өңірлерде балалар арасындағы суицид жағдайы бар-жоғы 5-6 деректен аспайтын. Міне, бүгін 20-ның үстінде. Естеріңізде болса, осыдан 3 жыл бұрын Бас прокуратурадан облысқа арнайы келген Салтанат Тұрсынбекова ауыл-аймақты түгел аралап, «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты пилоттық жобаны жүзеге асырмақ болған. Тіпті, жобаны жүзеге асыру үшін үйлестіруші орган құрылған еді. Кейін көп ұзамай заңға қайшы құрылған мекеме жабылып қалды. Онда біз жазып отырған суицидтің алдын алу шаралары бар-тұғын. Айтпағымыз, құрылған мекеме үшін де, пилоттық жоба үшін де бюджеттен қыруар қаржы кетті-ау.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы