Алматыда Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты даярлаған кітаптардың таныстырлымы өтті. Қос кітаптың бірі – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында жарық көрген «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты жинақ болса, екіншісі – «Қожаберген батыр» атты зерттеу.
Алматы қаласындағы №4 кітапханада өткен жиынға екі ғылыми кітаптың авторлары мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары қатысты. Институт директоры Зиябек Қабылдинов «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты жинаққа Ежелгі дәуір және түркі қағанаттары, VIII-XII ғғ, Алтын Орда кезеңі (XIII-XV ғғ), Қазақ хандығы дәуірі, XVIII ғ. бірінші жартысы (1917 ж.), кеңестік Қазақстан және Тәуелсіздік кезеңінің ұлы есімдері енгенін атап өтті. Ал «Қожаберген батыр» кітабын Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары Сайын Борбасов, Ахмет Тоқтабай және жазушы Жәди Шәкенұлы бірлесе әзірлепті. Еңбек XVIII ғасырда өмір сүрген Абылай ханның батырларының бірі әрі қазақ-қытай қатынасында елеулі рөл атқарған Қожаберген Жәнібекұлының өміріне арналған. Батырдың өмірбаяны «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты жинаққа да енгізілді. Қазақ хандығы заманындағы ұлы тұлғалар қатарына тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының 2017 жылы мәнжі-қытай мұрағат құжаттары негізінде жазылған «Қожаберген батыр» атты ғылыми зерттеу кітабы, бүгін тұсауы кесілген Ресей және Цин империясының тарихи архив құжаттарымен қатар, ел аузындағы танымдық этнографиялық әңгімелерді деректану тұрғысынан саралап, зерттеген «Қожаберген батыр» кітабы негізінде Қожаберген батыр есімі де енді. Ал кітапты шығаруға «Қожаберген батыр» қоғамдық қорының президенті Мерей Сләмұлы демеушілік жасаған.