Жамбылдық команданы енді Армения құрамасы мен қостанайлық «Тобылдың» бұрынғы бас бапкері Вардан Минасян жаттықтырады.
Бұл ақпаратты клуб басшысы Талғат Тұрлыбайұлы растап отыр.Естеріңізде болса, аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы биыл командадағы легионердің санын 5-ден асырмау туралы тапсырма берген болатын. Әзірге «Тараз» клубында белорустық Валерий Каршакевич ғана тіркеліп тұр. Алайда Талғат Тұрлыбайұлының сөзіне сүйенсек, Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында 4 легионермен келісімшарт жасасу жоспарда бар екен. Ал қалған ойыншылар тек жамбылдың жігіттерінен іріктелмек.– Вардан Минасянды күні кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа таныстырып шықтық. Аймақ басшысы келісімін берді. Енді келісімшартқа қол қою жағын реттеп жатырмыз. Десе де команда Түркияға оқу-жаттығу жиынына аттанып кетті. Бас бапкер соңынан баратын болады. Былтырғы маусымды турнир кестесінде 8-орында аяқтадық. Биыл облыс әкімі бел ортадан төмендемеу туралы тапсырма беріп отыр. Осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз, – дейді клуб басшысы.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы