Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобасына қаржы құятын инвесторлар жер телімі бар, тиісті инфрақұрылым мен қалдықтардың қажетті кепілді көлемі бар өңірлерге ғана келеді. «Өнеркәсіп және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу көрсеткіші біртіндеп өсіп келеді. Алайда жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманың индикаторларына сәйкес, өңдеу тереңдігін 40 пайызға дейін ұлғайту шарасын қабылдау қажет. Бұл үшін Waste to Energy тетігін енгізу мәселесі пысықталып жатыр» деген М.Мырзағалиев министрліктің Климаттық саясат және жасыл технология департаментіне төмен көміртекті дамыту стратегиясын әзірлеу жұмысын жалғастырып, осы жылдың соңына дейін драфт-жобасын ұсынуды тапсырды. Былтыр министрлік халықты экологиялық тәрбиелеу бағытында түрлі жұмыстарды жүзеге асырды. Енді министр осы жұмысты Волонтер жылы аясында жалғастыру қажет деп санайды. Алқа мәжілісінде алдағы 2030 жылға қарай Қазақстанда атмосфераға зиянды қалдықтың көлемі 3,6 млн тоннаға жетуі мүмкін екені айтылды. Ал былтыр атмосфераға тараған зиянды шығарынды 2,4 млн тоннаға жеткен. Көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансалары 900 мың тонна, тау-кен металлургия секторы 700 мың, мұнай өндіру саласы 500 мың, көлік пен ауыл шаруашылығы 300 мың тонна зиянды шығарынды шығарған. Егер нақты шаралар қолға алынбаса, 2030 жылға қарай зиянды шығарындылар көлемі 3,6 млн тоннаға жетеді. Министрліктің дерегінше, атмосфераға зиянды шығарынды шығаруда Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстары алдыңғы орында тұр. Атмосфераға үлкен зиян келтіретін ірі кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді технологияларды міндетті түрде енгізу талабы күшейтіледі. Табиғатты қорғау шараларының жоспары қайта қаралып, мемлекеттік экологиялық бақылау қатайтылады. Тұмар МЫРЗА