«Үрейлі үш күн» – антиутопиялық шығарма. Нұржан Қуантайұлы бұл жанрға тегін бармаса керек-ті. Әрине, қиялдан туған, ойдан шығарылған дүниені оқып өскен арманшыл оқырманға мұндай шығарма ауырлау тиюі де мүмкін. Десе де, «кітап оқылмайтын» заманда мұндай жаңалыққа тосырқай қарайтындар да табылар. Бұған жазушының өзі не дейді?
– Нұржан аға, ақын-жазушыны мерейтойында іздейтін кезең келген сияқты. Бұрынғыдай том-том кітап шығып, оқырман біткеннің қонышында жүрген жоқ. Ақын қайда, жазушы қайда дейтін де ешкім жоқ. Сіз қайдасыз, оқырман қайда? – Көркем әдебиет қазір біздің бала кезіміздегідей оқылмайды. Баяғы қалың оқырман жоқ. Кітап тарамайды, тарату жүйесі сонау 1992 жылы-ақ қираған. Оны қайтып орнынан тұрғызайық деп алақанын ысқылаған ешкімді көрмейсің. Мұның бәрі айналып келгенде кітаптың культ болудан қалғанынан. Қазір интернет пен гаджеттің дәурені жүріп тұр. Түрлі ойын, түрлі фильм интернетте тұр, бала соған құмар, оқырман соған әуес. Смартфонды алады да, күндіз-түні шұқшиып отырады. Болды, бітті. Көркем әдебиет, кітап қаперіне кіріп-шықпайды. Жаңа технология жаңа адамды тәрбиелеп жатыр. Қарап отырсаң, жаның шошиды. Сондықтан көркем әдебиеттің екінші планға түсіп кеткеніне жазушы емес, заман кінәлі. Жоғары технологияның пайдалы және зиянды, яғни екіжақты сипаты бар. Екіжүзді, өткір қанжар сияқты. Біз соның қылпып тұрған жүзінен сақтанып, пайдасын көруге ұмтылуымыз қажет. Мемлекет соны реттеу керек, сол үшін ол – мемлекет. Яғни, ұлттың жаны – көркем әдебиетті сақтап қаламын десе, мемлекетіңіз кітап тарату жүйесін жасауы керек, интернетті осы жолда пайдалануы қажет. – Сіздің шығармашылығыңыз туралы бір белгілі қаламгеріміз: «Қуантайұлының әдебиетке келуі «Жұлдыз» журналының 1989 жылғы 5-нөмірінен басталады» депті, осы пікірдің жаны бар ма? – Оқуға түскен 1988 жылы журфактың 5-жатақханасында поэзия кеші қызып жататын. Сералин атындағы әдеби бірлестік болушы еді, сол жерде шығармаларымызды ортаға салып, дуылдап талқылап жататынбыз. Қабырға газетін шығаратын едік. Дүрілдеген жатақханада бәрі бір туған бауырдай араласып, шуласып жататын, көңілді, ғажап кездер еді. Сондай әдеби кештердің бірінде жоғары курстағы жігіттердің біреуі: «Сен өлеңдеріңді «Лениншіл жас» газетіне, ондағы әдебиет бөліміне апарып берсеңші» деп кеңес берді. Соның сөзін тыңдап, «Лениншіл жасқа» бардық. Бұл – шамамен 1988 жылдың қараша айы. Барсақ, әдебиет бөлімін ақын Әділғазы Қайырбеков басқарады екен, сол кісінің қолына ұстаттық. Кабинетінде өзінен басқа көзілдірік киген тағы бір жігіт отыр еді. Ол да елең етіп, өлең дәптерімді қолға алып, оқи бастады. Бұл жігіт, сол жерде таныстырды, ақын Аманхан Әлім екен, «Лениншіл жасқа», Әділғазы ағамызға келіп отырған беті болса керек. Марқұм, аңқылдаған Аманхан ағамыз сол, жасырақ кезінің өзінде-ақ жастарға қамқор болып жүретін, сол кісі: «Жұлдыз» журналы бір нөмірін жас ақын-жазушылардың шығармасына арнамақ болып отыр. Сен мына өлеңдеріңнен жақсылап топтама жасап, «Жұлдызға», ондағы поэзия бөлімінің меңгерушісі Шөмішбай Сариевке апарып бер» деп ақыл айтты. Содан зуылдап отырып «Жұлдызға» бардық, Шөмішбай ағамызға табыстап, көңіліміз марқайып жатақханамызға қайттық. Содан соң қыс түсті, көктем шықты. «Жұлдыз» туралы ұмытып кетіппін. Жазғытұрым, мамыр айының соңы болса керек, жатақхананың дәлізінде келе жатсам, қарсы алдымнан 4-курста оқитын, сол кезде студент қауымына бард ақын болып танылған талант Табыл Досымов шыға келді таудай болып. «Әй, Нұржан, құтты болсын, өлеңдерің «Жұлдыздың» соңғы нөміріне шығыпты!» деп жымиып, қолымды алды. Аңтарылып қалдым, журналға басылатынына сенбесем керек. «Әй, не тұрыс?» деді Табыл тілін төсеп, сәл тұтығып сөйлейтін қалпымен, «былай істейсің, осы КазГУградтың поштасына барасың, «Жұлдыз» журналын сұрайсың, оларға түскен болуы керек» деді. Шауып отырып, поштаға бардым. «Жұлдыздың» 5-нөмірінің екі данасы бар екен, бағасы бір сомнан, екеуін де сатып алдым. Ашып қалсам, рас, шығыпты! Мәз болып, жатақханаға қайттым. Менің оралуымды күтіп отырған ба, тағы алдымнан Табыл шыға келді. «Ә, сатып алдың ба, дұрыс болыпты, екеу алдың ба, біреуін жаңағы сүйіншіме мен алайын» деп, «Жұлдыздың» біреуін алды да, бөлмесіне кіріп кетті. Ал «жу» сосын сырамен жігіттердің басын қосып! Кейін қаламақысы келіп тұр. Бақандай – 80 сом! Бір шағын айлықтың мөлшері. Ол кезде стипендия – 40 сом. Өмірімде бірінші рет қаламақыны сол бірінші курста алыппын. Кейін ойлап отырсам, жолым болып кетіпті ғой, ол заманда «Жұлдызға» шығу қазіргі «Хабар» телеарнасынан шығармаларың туралы фильм көрсетумен бірдей. Сақа қаламгердің өзі әдеби журналға шығармасын бастыру үшін айлап, жылдап жүреді екен. Сонымен, журналдың бас редакторы, қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауиннің алғы сөзімен, ақ батасымен «Жұлдыз» журналының 1989 жылғы 5-санында бір топ ақын-жазушының шығармасы жарияланды. Поэзия табалдырығын сәл ілгерірек аттаған Қорғанбек Аманжолов, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Светқали Нұржанов, Қазыбек Исаев сияқты ақындардың қатарында 18 жастағы мен де жүр екенмін. Кейін 1991 жылдың басында Жазушылар одағы жастарға арналған «Жас қазақ» әдеби газетін шығаратын болды деп естідік. Бір күні кештетіп келсем (ол кезде филфакта, 8-жатақханада тұратынмын), жатақхана вахтасында ақын Нұрлан Мәукенұлы (ол кезде Берғазиев) жүр екен. Марқұм Нұрлан ағам енді ашылмақ болып тұрған «Жас қазақ» газеті бас редакторының орынбасары болыпты, «қайда жүрсің, сені іздеп жүрмін ғой» деп, сол жерде табан астында жаңа өлеңдерімді алып кетті. Ағаларымның шарапаты тиді сөйтіп, «Жас қазақ» газетінің алғашқы санына бір бетке жуық топтама өлеңім жарық көрді. Қазақтың үлкен ақыны Қуандық Шаңғытбаев менің поэзияма жылы тілек білдіріп, алғысөз жазыпты топтаманың басында. Одан бері отыз жыл өте шығыпты, қарасам... – Сіздің буын «өліара» кезеңде қалып қойған секілді. Шығармашылықтың ауылынан алыстап, тұрмыстың жетегінде кеткендер көп. «Шынайы шығарма жоқшылықтан туады» дейтін еді. «Өліара» кезең шын таланттарды жұтып қойған жоқ па? – ХХ ғасырдың 90-жылдары өлара шақ қой. Тіпті, 1993-1996 жылдары бір тілім нанға зар болған, ауыр жағдайда өмір сүрген жұрт болды, білесіз. 90-жылдардың басында әдебиетке дайындықпен келген біздің буын өндіртіп жазар еді, сорына қарай, созылған өлара туды. Өлара демекші, қытайдың бір ойшылының «дұшпаныңа жамандық ойласаң, заманалар ырғасқан бұлғақ кезеңінде өмір сүруін тіле» деген сөзі бар. Тіле, тілеме, 90-жылдардың ауыр заманы, келешегі бұлыңғыр хаосы біздің буынның өмірінде терең із қалдырды. Мысалы, дарынды ақын Әділ Ботпанов досымызды сол өлара жұтып қойды... Осының бәрі көкіректе сайрап тұрды. «Қараөзек» романы да осыдан жиырма жыл бұрын сол өлара кезеңнің ауыр әсерімен дүниеге келді. – «Үрейлі үш күн» – антиутопия жанрында жазылған әңгіме. Бұған дейін қиялдан туған, орындалмайтын арман, ойдан шығарылған дүниені оқып өскен оқырманға бұл тым ауыр емес пе? – «Үрейлі үш күн» әңгімесінің бірнеше астары бар, оны толық көрсету үшін арнайы талдау жасау керек болады. Әсілі, антиутопия (немесе дистопия) жанры – шетел әдебиетінде сұранысқа ие жанр. Бұл жанр қисық айна сияқты, оқырманға қазір кім екенімізді немесе келешекте қайда барып ат шалдыратынымызды көрсетіп кетеді. Әлемдік классика деп саналатын «1984» немесе «Фаренгейт бойынша 451 градус» антиутопия романдарының әлігүнге шейін оқылатыны содан болса керек (өкініштісі, осындай шығармалар қазақ тіліне аударылмай жатыр). Ал адамзат қоғамы үлкен өзгеріс қарсаңында тұр, алдымызда әлеуметтік, техногендік проблемалар бар екені тағы жасырын емес. Сол заманға жеткенде адам өзінің адамшылығын сақтай ала ма, жоқ па, «Үрейлі үш күн» осы мәселелерге жауап іздейді. Ал антиутопияны, әрине елдің бәрі жаппай оқиды деуге келмес, дегенмен оның өзінің оқырманы бар екенін жоққа шығаруға болмайды. – Әлеуметтік желі – нағыз насихаттың құралы. Нұржан Қуантайұлы бұл «желіге байланбаған» секілді. Насихатсыз қалудың бір сыры осында емес пе? – Менің шығармашылығымның насихаты аз екені рас. Оған өзім көңіл бөлген де емеспін. Басымды да ауыртпаппын. Рас, қазір әлеуметтік желінің көрігі қызып тұр. Соған «байланбағаным» кемшілігім болуы да ықтимал. Әйткенмен, атағы қазір жер жарып... facebook жарып тұрған жазушының ертең ұмытылып қалуы әбден мүмкін. Оңғақ дүние ғой – әлеуметтік желі. «Ел бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін» деп Ахаң айтпақшы, кәсіби әдебиет бүгінмен есептелмейді. Оны уақыт шешеді, әдебиет сыны анықтайды. – Ақын Нұржаннан прозаик Нұржанға айналып кеттіңіз. Өлең жазудан қара сөздің қиындығы басым секілді. Әрі қазір көркем прозаның да көп «өте бермейтіні» белгілі. Арнау жазып, өлең шығарып, «жағдайды» түзеп кеткіңіз келмей ме? – Бізде батыстағы секілді жазумен жан баға алмайсыз, әрине. Қоғам емес, мемлекет қолдамай отыр жазушылық өнерді. Кейінгі кезде қаламақы беру жолында біраз талпыныс бар, бірақ біз сияқты аз ұлттың әдебиетіне мемлекет арнайы көңіл бөлмесе, жағдай өте қиын. Ал арнау жазып тіленшілік тілеу – менің табиғатыма жат. Ол түгілі, жыр мүшәйрасына қатысқым келмейді. Өмірімде бір-ақ рет қатысыппын мүшәйраға, 1999 жылы Қаныш Сәтбаевтың жүз жылдығына орай мүшәйра өтті, соған қатыстым, сол кезде байқадым бұл бәйге деген, мүшәйра деген дүниенің опа бермейтінін, содан кейін жүлде тілеп еш жерге қатысқан емеспін. – Әңгімеңізге рақмет!Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС