«Жазумен жан баға алмайсың» – жазушы Нұржан Қуантайұлы
«Жазумен жан баға алмайсың» – жазушы Нұржан Қуантайұлы
307
оқылды

«Үрейлі үш күн» – антиутопиялық шығарма. Нұржан Қуантай­ұлы бұл жанрға тегін бармаса керек-ті. Әрине, қиялдан туған, ой­дан шығарылған дүниені оқып өскен арманшыл оқырманға мұндай шығарма ауырлау тиюі де мүмкін.  Десе де, «кітап оқыл­майтын» заманда мұндай жаңалыққа тосырқай қарайтындар да табылар. Бұған жазушының өзі не дейді?

– Нұржан аға, ақын-жазушыны мерейтойында іздейтін кезең келген сияқты. Бұрынғыдай том-том кітап шығып, оқырман біткеннің қо­нышында жүрген жоқ. Ақын қайда, жазушы қайда дейтін де ешкім жоқ. Сіз қайдасыз, оқырман қайда? – Көркем әдебиет қазір біздің бала кезіміздегідей оқылмайды. Баяғы қалың оқырман жоқ. Кітап тарамайды, тарату жүйесі сонау 1992 жылы-ақ қираған. Оны қай­тып орнынан тұрғызайық деп алақанын ысқылаған ешкімді көр­мей­сің. Мұның бәрі айналып кел­генде кітаптың культ болудан қал­ғанынан. Қазір интернет пен гад­жеттің дәурені жүріп тұр.  Түрлі ойын, түрлі фильм интернетте тұр, бала соған құмар, оқырман соған әуес. Смартфонды алады да, күн­діз-түні шұқшиып отырады.  Бол­ды, бітті. Көркем әдебиет, кітап қа­періне кіріп-шықпайды. Жаңа тех­нология жаңа адамды тәрбиелеп жатыр. Қарап отырсаң, жаның шошиды. Сондықтан көркем әде­биеттің екінші планға түсіп кет­кеніне жазушы емес, заман кінәлі. Жоғары технологияның  пайдалы және зиянды, яғни екіжақты сипаты бар. Екіжүзді, өткір қанжар сияқты. Біз соның қылпып тұрған жүзінен сақтанып, пайдасын көруге ұмтылуымыз қажет. Мем­лекет соны реттеу керек, сол үшін ол – мемлекет. Яғни, ұлттың жаны – көркем әдебиетті сақтап қаламын десе, мемлекетіңіз кітап тарату жүйесін жасауы керек, интернетті осы жолда пайдалануы қажет. – Сіздің шығармашылығыңыз ту­ралы бір белгілі қаламгеріміз: «Қуан­тайұлының әдебиетке келуі «Жұлдыз» журналының 1989 жылғы 5-нөмірінен басталады» депті, осы пікірдің жаны бар ма? – Оқуға түскен 1988 жылы жур­фактың 5-жатақханасында поэзия кеші қызып жататын. Сералин атындағы әдеби бірлестік болушы еді, сол жерде шығармаларымызды ортаға салып, дуылдап талқылап жататынбыз. Қабырға газетін шы­ға­ратын едік. Дүрілдеген жа­тақхана­да бәрі бір туған бауырдай ара­ласып, шуласып жататын, көңілді, ғажап кездер еді. Сондай әдеби кештердің бірінде жоғары курстағы жігіттердің біреуі: «Сен өлеңдеріңді «Лениншіл жас» газе­тіне, ондағы әдебиет бөліміне апа­рып берсеңші» деп кеңес берді. Соның сөзін тыңдап, «Лениншіл жасқа» бардық. Бұл – шамамен 1988 жылдың қараша айы. Барсақ, әде­биет бөлімін ақын Әділғазы Қайыр­беков басқарады екен, сол кісінің қолына ұстаттық. Ка­бинетінде өзінен басқа көзілдірік киген тағы бір жігіт отыр еді. Ол да елең етіп, өлең дәптерімді қолға алып, оқи бастады. Бұл жігіт, сол жерде таныстырды, ақын Аманхан Әлім екен, «Лениншіл жасқа», Әділ­ғазы ағамызға келіп отырған беті болса керек. Марқұм, аңқыл­даған Аманхан ағамыз сол, жасырақ кезінің өзінде-ақ жастарға қамқор болып жүретін, сол кісі: «Жұлдыз» журналы бір нөмірін жас ақын-жазушылардың шығарма­сы­на арнамақ болып отыр. Сен мына өлеңдеріңнен жақсылап топтама жасап, «Жұлдызға», ондағы поэзия бөлімінің меңгерушісі Шөмішбай Сариевке апарып бер» деп ақыл айтты. Содан зуылдап отырып «Жұлдызға» бардық, Шөмішбай ағамызға табыстап, көңіліміз мар­қайып жатақханамызға қайттық. Содан соң қыс түсті, көктем шық­ты. «Жұлдыз» туралы ұмытып ке­тіп­пін. Жазғытұрым, мамыр айы­ның  соңы болса керек, жатақ­хананың дәлізінде келе жатсам, қарсы алдымнан 4-курста оқитын, сол кезде студент қауымына бард ақын болып танылған талант Табыл Досымов шыға келді таудай болып. «Әй, Нұржан, құтты болсын, өлеңдерің «Жұлдыздың» соңғы нөміріне шығыпты!» деп жымиып, қолымды алды. Аңтарылып қал­дым, журналға басылатынына сенбесем керек. «Әй, не тұрыс?» деді Табыл тілін төсеп, сәл тұтығып сөй­лейтін қалпымен, «былай істейсің, осы КазГУградтың поштасына барасың, «Жұлдыз» журналын сұ­рай­сың, оларға түскен болуы керек» деді. Шауып отырып, пош­таға бардым. «Жұлдыздың» 5-нөмірінің екі данасы бар екен, бағасы бір сомнан, екеуін де сатып алдым.  Ашып қалсам, рас, шығып­ты! Мәз болып, жатақханаға қайт­тым. Менің оралуымды күтіп отырған ба, тағы алдымнан Табыл шыға келді. «Ә, сатып алдың ба, дұрыс бо­лыпты, екеу алдың ба, біреуін жаңағы сүйіншіме мен алайын» деп, «Жұлдыздың» біреуін алды да, бөлмесіне кіріп кетті. Ал «жу» сосын сырамен жігіттердің басын қосып! Кейін қаламақысы келіп тұр. Бақандай – 80 сом! Бір шағын айлықтың мөлшері. Ол кезде сти­пендия – 40 сом. Өмірімде бірінші рет қаламақыны сол бірінші курста алыппын. Кейін ойлап отырсам, жолым болып кетіпті ғой, ол за­манда «Жұлдызға» шығу қазіргі «Хабар» телеарнасынан шығар­маларың туралы фильм көрсетумен бірдей. Сақа қаламгердің өзі әдеби журналға шығармасын бастыру үшін айлап, жылдап жүреді екен. Сонымен, журналдың бас редак­торы, қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауиннің алғы сөзімен, ақ батасымен «Жұлдыз» журналы­ның 1989 жылғы 5-санында бір топ ақын-жазушының шығар­масы жарияланды. Поэзия табал­дыры­ғын сәл ілгерірек аттаған Қорғанбек Аманжолов, Тыныш­тықбек Әбді­кәкімов, Светқали Нұржанов, Қазы­бек Исаев сияқты ақындардың қатарында 18 жастағы мен де жүр екенмін. Кейін 1991 жылдың басында Жазушылар одағы жастарға арнал­ған «Жас қазақ» әдеби газетін шы­ғар­атын болды деп естідік. Бір күні кештетіп келсем (ол кезде фил­факта, 8-жатақханада тұратын­мын), жатақхана вахтасын­да ақын Нұр­лан Мәукенұлы (ол кезде Бер­ғази­ев) жүр екен. Марқұм Нұрлан ағам енді ашылмақ болып тұрған «Жас қазақ» газеті бас редакторы­ның орын­басары болыпты, «қайда жүр­сің, сені іздеп жүрмін ғой» деп, сол жерде табан астында  жаңа өлең­­дерім­ді алып кетті. Ағаларым­ның шарапаты тиді сөйтіп, «Жас қазақ» газетінің алғашқы санына бір бетке жуық топтама өлеңім жа­рық көрді. Қазақтың үлкен ақыны Қуандық Шаңғытбаев менің поэ­зияма жылы тілек білдіріп, алғысөз жазыпты топтаманың басында. Одан бері отыз жыл өте шығыпты, қарасам... – Сіздің буын «өліара» кезеңде қа­лып қойған секілді. Шығарма­шылық­тың ауылынан алыстап, тұр­мыстың жетегінде кеткендер көп. «Шынайы шығарма жоқшылықтан туады» дейтін еді. «Өліара» кезең шын таланттарды жұтып қойған жоқ па? – ХХ ғасырдың 90-жылдары  өлара шақ қой. Тіпті, 1993-1996 жылдары бір тілім нанға зар болған, ауыр жағдайда өмір сүрген жұрт болды, білесіз. 90-жылдардың басында әдебиетке дайындықпен келген біздің буын өндіртіп жазар еді, сорына қарай, созылған өлара туды. Өлара демекші, қытайдың бір ойшылының «дұшпаныңа жаман­дық ойласаң, заманалар ырғасқан бұлғақ кезеңінде өмір сүруін тіле» деген сөзі бар. Тіле, тілеме, 90-жыл­дардың ауыр заманы, келешегі бұлыңғыр хаосы біздің буынның өмірінде терең із қалдырды. Мы­салы, дарынды ақын Әділ Ботпанов досымызды сол өлара жұтып қойды...  Осының бәрі көкіректе сайрап тұрды. «Қараөзек» романы да осыдан жиырма жыл бұрын сол өлара кезеңнің ауыр әсерімен дү­ние­ге келді. – «Үрейлі үш күн» –  антиутопия жан­рында жазылған әңгіме. Бұған дейін қиялдан туған, орындалмайтын арман, ойдан шығарылған дүниені оқып өскен оқырманға бұл тым ауыр емес пе? – «Үрейлі үш күн» әңгімесінің бір­неше астары бар, оны толық көрсету үшін арнайы талдау жасау керек болады. Әсілі, антиутопия (немесе дистопия) жанры – шетел әдебиетінде сұранысқа ие жанр. Бұл жанр қисық айна сияқты, оқыр­­манға қазір кім екенімізді не­месе келешекте қайда барып ат шалдыратынымызды көрсетіп ке­те­ді. Әлемдік классика деп сана­латын «1984» немесе «Фаренгейт бойынша 451 градус» антиутопия романдарының әлігүнге шейін оқылатыны содан болса керек (өкініштісі, осындай шығармалар қазақ тіліне аударылмай жатыр). Ал адамзат қоғамы үлкен өзгеріс қар­саңын­да тұр, алдымызда әлеумет­тік, техногендік проблемалар бар екені тағы жасырын емес. Сол заманға жеткенде адам өзінің адамшылығын сақтай ала ма, жоқ па, «Үрейлі үш күн» осы мәселе­лер­ге жауап іздейді. Ал антиутопияны, әрине елдің бәрі жаппай оқиды деуге келмес, дегенмен оның өзінің оқырманы бар екенін жоққа шы­ғаруға болмайды. – Әлеуметтік желі – нағыз наси­хат­тың құралы. Нұржан Қуан­тай­ұлы бұл «желіге байланбаған» секіл­ді. Насихатсыз қалудың бір сыры осында емес пе? – Менің шығармашылығымның насихаты аз екені рас. Оған өзім көңіл бөлген де емеспін. Басымды да ауыртпаппын. Рас, қазір әлеу­меттік желінің көрігі қызып тұр. Соған «байланбағаным» кемшілігім болуы да ықтимал. Әйткенмен, атағы қазір жер жарып... facebook жарып тұрған жазушының ертең ұмытылып қалуы әбден мүмкін. Оңғақ дүние ғой – әлеуметтік желі. «Ел бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін» деп Ахаң айтпақшы, кәсіби әдебиет бүгінмен есептелмейді. Оны уақыт шешеді, әдебиет сыны анықтайды. – Ақын Нұржаннан прозаик Нұржанға айналып кеттіңіз. Өлең жазудан қара сөздің қиындығы басым секілді. Әрі қазір көркем прозаның да көп «өте бермейтіні» белгілі. Арнау жазып, өлең шығарып, «жағдайды» түзеп кеткіңіз келмей ме? – Бізде батыстағы секілді жазу­мен жан баға алмайсыз, әрине. Қоғам емес, мемлекет қолдамай отыр жазушылық өнерді. Кейінгі кезде қаламақы беру жолында біраз талпыныс бар, бірақ біз сияқты аз ұлттың әдебиетіне мемлекет ар­найы көңіл бөлмесе, жағдай өте қиын. Ал арнау жазып тіленшілік тілеу – менің табиғатыма жат. Ол түгілі, жыр мүшәйрасына қатыс­қым келмейді. Өмірімде бір-ақ рет қатысыппын мүшәйраға, 1999 жылы Қаныш Сәтбаевтың жүз жыл­дығына орай мүшәйра өтті, соған қатыстым, сол кезде байқа­дым бұл бәйге деген, мүшәйра деген дүниенің опа бермейтінін, содан кейін жүлде тілеп еш жерге қатысқан емеспін. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС