Сақтансаң, алаяқтан сақтан!
Сақтансаң, алаяқтан сақтан!
177
оқылды

Ұялы телефондағы мобильді қолданбаның көмегімен лез­де кредит рәсімдеуге болады. Бұл клиенттер  үшін қолайлы. Банкке барып, кезек күтіп, қаптаған құжатқа қол қоймай-ақ, керек соманы не тауарды алуға мүмкіндік береді. Дегенмен таяқтың екінші ұшы – өмірді жеңілдететін осы жол кей адамдардың жағдайын – ауырлатып тұр. Өйткені әлдекімнің телефонын тауып алып, болмаса жорта ұрлап кетіп, атына несие алып тастайтындар көбейген. Одан қала берді жеке куәлік иесінің идентификациясынсыз несие алуға мүм­кіндік беретін шағын қаржы ұйымдарының да жұмысындағы шикілік талайдың басына таяқ болып тиіп, қарызға белшеден батырып отыр. Алаяқтықтың мұндай түріне тап болғанда не істеу керек? Заң не дейді?

Әлқисса, болған оқиғадан бас­тасақ. Былтыр көктемде Жез­қазған-Сәтбаев жолында үлкен жол-көлік оқиғасы болған. Адам қайтыс болған апаттың басы-қасында болуға жергілікті полиция бас­қармасының екі криминалисі бе­­кітіледі. Сөйтіп, әлгі полиция қыз­­­меткерлері марқұм жүргізушінің қалтасын тексеріп жатып, теле­фонына көз салады. Істің анық-қанығын анықтау үшін алынған затты айғақ ретінде өт­кізудің ор­­нына оны өз қалтасына салып алыпты. Кейін сол телефон иесінің атынан шағын несие рәсімдеп, бір танысының есеп­шотына ақша аудартып алған. Арада біршама уақыт өткен соң құқық қорғау ор­­ганы қызметкерлерінің алаяқтығы жария болады. Күдіктілер проку­рормен процессуалдық келісім жасасып, кінәсін толық мойын­дайды. Сол үшін оларды бас бос­тандығынан айырмапты. Жезқазған қалалық соты бар болғаны 3,6 жылға бостандығын шектеген. Әлбетте, арнайы атақтарынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызметтен алас­татқан. Екеуі де полиция лейтенанты болыпты. Негізі, бұл кісілер алаяқ­тыққа тап болып, көмек сұрап кел­гендерді тіркеп, солардың мәсе­лесімен айналысуы тиіс еді. Де­ген­мен бұл салада да заң­бұзу­шы­лықтың мұндай түрі кездеседі екен. Жалпы алғанда, шағын несие беретін ұйымдардың жұмысына қатысты шағым аз емес. Соның ішінде қарызды оңай беретініне бай­ланысты Ұлттық банк тарапынан қатаңдатылған талап та қойылған. Әйтсе де, бұл саладағы кейбір ойын­шылар мұны құлаққа да ілмейді. Нә­тижесі – көз алдымызда. Поли­цияға арызданған аза­маттардың дені алаяқтың кесірінен бүгінде мой­нына несие жүгін арқалап алған. Заң бойынша, несие алу үшін ЖСН-нің айтылуы жеткіліксіз. Телефон ар­қылы растау, кредит тарихын тексеру, қарыз алушының нөміріне SMS жолдау сияқты тәсілдер қол­да­нылады. Ал келісімшартқа қол қою процесі ЭЦҚ көмегімен, болмаса қосфакторлы аутенти­фикация ар­қылы жасалуы керек. Онлайн-кре­дит берушінің бәрі клиенттеріне хабарласып, шағын несиенің берілу шарттарын, төлем мерзімін, көлемін айтып, оны толық өтеу тәсілдерімен таныстырып шығуы тиіс. Бұл ақ­паратты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі беріп отыр. Алаяқтықтың мынадай түрі бар. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласының 21 жастағы тұрғыны өзінің атына әлде­кімнің кредит алғанын айтып, полицияға шағымданады. Істі тек­сере келе, алаяқтың қандай жол­мен алдап түсіргені белгілі болды. Сөйт­се, жәбірленуші интернетке жұмыс іздейтіні туралы хабарландыру жа­риялаған. Кейін өзін сауда ком­па­ниясының қызметкері деп та­ныс­тырған азамат жұмыс ұсынады. Арыз беруші қыздың ойында ештеңе жоқ, ұсынысқа қуана кетеді. Жұмысқа алу үшін құжаттарды реттеу керек деген сылтаумен телефонның арғы жағын­дағы адам одан жеке куәлігі мен банк картасының реквизитін алып алады. Болашақ жұмыс беруші деген оймен жәбірленуші айтқанын екі етпей орындайды. Аздан соң алаяқ оның картасына компанияның басқа қызметкерінің ақшасы түсетінін айтып, соны электрон әмиянға ау­даруды сұрайды. Содан 120 мың теңге түсіп, оны әлгі алаяқтардың шотына жібереді. Арада бірнеше күн өткен соң шағын қаржы ұйымынан өзінің атына қарыз алынғанын бі­леді. Мұндай жағдайда ақшаны ерікті түрде өз шо­­­­тыңыздан басқа біреуге жіберуіңіз істі күрделендіреді. Яғни, өз ер­кіңізбен, саналы түрде жасалған қадамға ұқсайды. Қаржы ұйымдарының жұмысы Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі тарапынан бақы­ланады. Ендеше агенттіктің алаяқ­тыққа тап болғандарға қандай кеңес беретініне, «не істеу керек, қаржы алаяқтарының қармағына түсіп қалмау үшін қандай қадамдар жасау қажет?» деген сауал­дарға берер жауабы қандай екенін білейік. Бірінші кезекте, кредит ұйымының атауын анықтау қажет. Агенттіктің реттейтін пери­метріне қарасты ұйым болса, ісіңіздің оңы­нан шешілуі мүмкін. Оны қаржы реттеушінің «Рұқсаттар және ха­барламалар» бөлімінен тексеруге болады. Одан кейін құқық қорғау ор­гандарына шағым түсіру керек. Ол жерде қол қою сараптамасы жүр­гізіледі. Осылайша, сіздің орныңызға алаяқтың қол қойғаны анықталуы тиіс. Нақты қай кредит беру ұйы­мынан алынғанын анықтаған соң сол жерге де өтініш жазылады. Тө­лем картасын немесе жеке куәлікті жоғалтқан болсаңыз, соны рас­тайтын анықтама беру керек. Өз ішінде қызметтік зерттеу жүргізілуін талап етіңіз. Себебі кейде қызмет­­керлер тарапынан да осындай әрекет жасалады. Өтінішіңізге тіркеу нө­мірін беріп, қабылданған күні көр­сетіліп, бір данасын сізге беруі қажет. Әрі кредит берген мекеме келі­сімшарттың қасына көрсетілген құ­жаттың, ақшаның аударылған шотының реквизиттерінің көшір­месін беруі міндетті. Кредитті берген қызметкер туралы да мәліметті ала аласыз. Олай болмаған жағдайда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіріңіз. Сондай-ақ оффлайн рәсім­делген болса, онда бейнебақылау бар деген сөз. Сол арқылы ақшаны кімнің шешіп алғанын анықтауға болады. Онлайн қарыз болса, IP арқылы табуға мүм­кіндік бар. Кре­дит ұйымы ешқандай дәлел тап­паса, сотқа тұрғылықты мекен­жай бойын­ша аталған ке­лісімді негізсіз деп мойындауды сұрап, арыз бересіз. Егер сот сізді жақтай­тын шешім шығарса, кредит берген мекеме сізді мазалауды тоқтатып, қарыз соманы сызып тас­тауы керек. Тағы бір айта кетерлігі, кредит та­рихыңыздан да өшіру туралы кре­диттік бюроға хат жол­дау қажет. Осындай амал-тәсілдерді жа­зып, құқығыңыз барын қанша айт­сақ та, іс жүзінде оңай ештеңе жоқ. Себебі жә­бірленушілер көбіне құ­қық қорғау орган қызметкерлері тарапынан бейқамдықты байқай­тынын айтып, жиі шағымданады. Тіпті, бір ша­ғымды бір емес, 4-5 тергеуші қа­райды. Павлодарлық Валентина Белоно­сованың ай­туынша, шағым түсіргеннен нәтиже шамалы. «Мә­селені қалай шешуді түсіндірмейді. Бір-біріне аудара береді. Қоңырау шалсаң, жауап бермейді. Алған күннің өзінде не іссапарда, не еңбек демалысында, не басқа біреудің қа­рауына жол­данған болып шы­ға­ды», – дейді тұр­ғын. Сонда алаяқ­тар­дың дәурені жүре берсе, тер­геу­шілер істі қарауға асықпаса, мәселе қалай шешіледі? Бір жағы, полиция­ның әрекет етуге асықпауы алаяқтар­дың оң жам­басына келетін сыңайлы. Бұл нағыз «қолдан келсе, қоны­шынан бас» дегеннің сиқы емес пе?

Жадыра АҚҚАЙЫР