Алматы «ақылды қалаға» айнала ала ма?

Алматы «ақылды қалаға» айнала ала ма?

Еліміздің басқа өңірлері сияқты Алматыда да баспана мәсе­лесін шешу күрделі күйінде қалып отыр. Есеп бойынша, алма­тылықтардың 80 пайыздан астамы ипотекаға тұрғын үй ала алмайды, сондықтан жалдамалы тұрғын үйде тұруға, арзан жеке тұрғын үй салуға немесе сатып алуға мәжбүр. Ел тәуелсіздігін ал­ған жылдары шаһарда 1 миллион шамасында тұрғын болған. Жай­лы да жақсы өмірге ұмтылған, балаларының болашағынан үміт күткен көптеген ауыл тұрғындары қалаға ағыла бастады. «Ал­маты–2050» стратегиясында қазір Алматы қаласының аума­ғы 702,2 шаршы шақырым болғаны, тұрғын саны 1,9 миллионға жеткені жазылған. Ал қалаға жақын елді  мекендерді қоса алған­да 2,9 миллион адам бар. Қала билігінің қазіргі басты мақсаты – Алматыны «шет аймағы жоқ», «ақылды әрі тең мүмкіндіктер» қала­сына айналдыру. Оған қаншалықты мүмкіндік бар? Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өткен жылғы есебінде айтқан сө­зіне сенсек, сарапшылар 2030 жылға қарай алматылықтардың саны 5 миллионға жететінін болжаған.

«Үлкен Алматы – бұл Алматы қала­сы және қала маңы, яғни алма­ты­лық агломерация. Жаны­мызда Алматы облысының 5 ау­даны орналасқан. Онда облыс хал­қының 60 пайызы тұрады. Олар Тал­дықорғанға бармайды. Себебі өте алыс, барлығы біздің шаһарға келеді. Қазір Алматыда 3 миллион адам тұрады, 2030 жылға қарай 5 миллионға жетеді. Сондықтан ха­лық­тың өсуіне байланысты инфра­құрылымға жүктемені азайту бар­лық даму­шы қалалар үшін ғалам­дық міндет болып саналады. Олар­дың қата­рында біз де бармыз. Бізге де басқа әлемдік мегаполистер сияқты ур­банизация дағдарысы төніп тұр. Кө­шіп келушілер саны жыл сайын ар­туда. Бұл қаланың барлық әлеу­меттік, инженерлікт және көлік инфра­құрылымын қайта жүктеу қажет­тігіне алып келеді», – деді әкім. «Алматы–2025» даму бағ­дар­ламасында қаланың басты мәселе­лері айтылған. Бағдарламада көр­сетілгендей, әсем шаһар әлемнің басқа қалаларынан сауда мен қыз­мет көрсетуден өзге нақты сек­торда еңбекпен қамтуда бір­шама артта қалған. Алматы көптеген жылдардан бері елі­міздегі ауа ластануы жағы­нан алдына қара салмай келе жат­қан­дардың қатарынан. Қала ауа­сы­ның қиын ахуалы туралы БАҚ үнемі мәселе көтеріп келеді. Таза ауамен тыныстауға кедергі келтіріп отыр­ған басты кілтипанның бірі – авто­көліктің көптігі. Жыл өткен сайын кө­лік көбейіп, қала авто­паркі ескіріп келеді. Әйтсе де, Еуро-5 талаптарына сай келетін авто­көліктердің де қатары артып жатқанын айта кету керек. Даму стратегиясында алма­тылықтардың 39 пайызы қоғамдық көлікті пай­даланатыны, 41 пайызы өз көлі­гімен жүретіні жазылған. Әкім­діктің пайым­дауынша, жеке­мен­шік көліктер қалада ауаның лас­тануына және қаладағы жол-көлік апаттарына себеп болып отыр. Әкім­дік 2050 жылға қарай қала тұрғын­дарының 60 пайызын қо­ғам­дық көліктерге отырғызуды көздеп отыр. Бұл мәселені шешу үшін әкім­дік жаңа аудандардағы ны­санның бәрін бір-біріне жақын, ық­шам етіп салмақшы. Сонда әркім керегін өз ауданынан тауып, әрі-бері қатынап әуре болмайды. Ал көліктің санын азайту үшін әкімдік автобус жүретін жолдарды көбейтіп, жеңіл көліктің жүру жылдамдығын шектемек. Қоғам­дық көлікті көбейтіп, осы жылдың соңына дейін метроның «Сары­арқа» және «Достық» стан­саларын іске қоспақ. Қала шетіндегі тұр­ғындарға да қатынас үшін қолайлы жағдай жасау мүмкіндігі қарас­тырылуда. Сол үшін электр пойыз­дарын жүргізу жоспарланып отыр. Жыл сайын қала аумағында ауаға 122 мың тонна зиянды қалдық тасталады екен. Оның 65 пайызы көлікке тиесілі. Бұл–қалалық­тардың 500 мыңнан астам көлігі мен 200 мыңға  жуық қала сырты­нан күнделікті шаһарға кіретін «қонақ­тар». Қала-ның 25 пайызын жылу­мен қамта­ма­сыз етіп отырған ЖЭО-2-ден шы­ға­тын қалдық 2019 жылғы бағ­дарламада 31,7 тонна деп көрсе­тілген. Үкімет былтыр осы стан­саны газдандыру жобасын мақұл­дады. Таяу жылдары шаһар­дағы жылу мен электр энергия­сының негізгі көзі саналатын станса газға көшіріледі. Бұл – қала тұр­ғындары мен биліктің өте ұзақ уақыт тал­қылаған мәселе­сінің бірі. Бұл жер­де экологтардың да аса белсенді жұмыс істегенін айта кетуіміз керек. Ұзақ талқылау мен сарап­тамадан кейін ақыры мем­лекеттік деңгейде оң шешім қа­был­данды. Алматы қаласы тұрғындарының үш жылда (2017-2019) ұзақ жасау көрсеткіші 76,01 жастан 75,45 жасқа төмендеген. Жыл сайын қала халқы 50 мың адамға өсіп келеді. Оның 60 пайызы көшіп кел­гендердің есебінен. Бұл қала­ның әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына салмақ түсіріп отыр.  Бағдарламада аталып өткендей, қазір қала тұрғын­дарының тек 60 пайызға жуығы ғана орталықтандырылған жылу жүйесі мен ыстық суға қол жеткізіп отыр. 23 ықшамауданда су құбыры мүлдем жоқ болса, көшелердің 30 пайызы жарықпен қамтылмаған. Алматы мектептерінде 30 мың орын жетіспейді. Кейбір мектеп­терде бір сыныпта 45 балаға дейін бар екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сын тезіне алғанынан ел хабардар. Бұл жағдай балалардың әрқайсысына көңіл аударып, олармен жұмыс істеуде қолбайлау болары анық. «Кезінде Алматыда халық санын 700 мыңнан асырмау керек деген шешім болған. Ондай шешім қабылдауға қаланың таулы жерде орналасуы себепті сейсмикалық жағдайдың қаупі бар екені, бола­шақта су тапшылығы болуы мүм­кіндігі де әсер еткен болар. Деген­мен халықтың қалаға көшіп келуі әр кезде толастаған жоқ. Жаңа тех­нологиялар, құрылыс материал­дары өмірімізге енуі себепті тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Негізінде, қала аумағын кеңейту туралы сөз болғанда, Қапшағай ба­ғыты айтылған. Бірақ халық тау жаққа қарай ұмтылды. Қиын кез­дері «Шаңырақ» ықшам­ауданына адамдар көптеп қоныс­танды. Осындай жағдайларға бай­ланысты жаңа мәселелер туын­дады. Таудың бөктеріне қоныс­танғандар бас­тапқыда инфра­құрылымдарды өзіміз жасаймыз деді де, кейін ол жақта халық көптеп қоныс­тан­ғаннан кейін бәрін бірдей қам­ти алмай қалды. Осылайша су, жарық, жол мәселесі туындады. «Алма­ты–2025» бағдар­ламасы бойынша су, жарық, жол мәселесіне көп қаржы бөлініп, жұмыс жүргізіліп жатыр. Оны өзіміз де барып көрдік. Қазақ­станның бюджеті төмендеген жоқ, салық төлеу мәдениеті бізде біраз жоғары. Біраз кәсіпорындар жабыл­ғанымен, жаңадан ашылып жатқандары да бар. Дегенмен ай­тылып жатқан мәселелерді бірден шешу қиын. Еліміздің өңірлері ішінде Алматы, Атырау, Маңғыс­таудың бюджеті жоғары. Дегенмен бюджет қатынастарын реттеу керек. Сонда Алматы өз мәселесін өзі шешуге мүмкіндік туады. Біз қала­ға келушілерді шектей алмай­мыз. Сондықтан қалыптасқан мәселелерді біртіндеп шешуге тура келеді», – деді Алматы қаласы қо­ғам­дық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов. Сондай-ақ қалада жыл санап ағаштардың азайып бара жатқаны да тұрғындарды алаңдатады. Заң­сыз ағаш кесу жағдайы жиі орын алып тұрады. Бағдарламада да қала­да жасыл желектің аз екені айтылады. Бір алматылыққа 3,5 шаршы метр  жасыл желектен келеді екен. Бұл көрсеткішпен Алматы өзге қала­лардан едәуір артта қалып қойған. Қаладағы 2,23 миллион ағаштың тек 1,68 мил­лионы жақсы жағдайда болса, 25 пайызға жуығының ахуалы көңіл көншітпейді. «Алматы–2050» стратегиялық бағдарламасына мән беріп қараған жан қалада алдағы уақытта ат­қарылар шаруаның шаш етектен екенін байқайды. Өйткені қала өсіп, онда тұратын халықтың саны артқан сайын жаңа мәселелер де туындап отыратыны заңдылық.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ