Концессия – түбірі көну дегенді білдіретін латын сөзі. Мемлекеттің кейбір міндеттемелерін жекеменшік ортаға орындауға беруге келісуі, жол беруі дегенді меңзейді. Ал мақсаты – жеке инвестордың қаржысының есебінен мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайту. Яғни, инвестиция тартудың бір тетігі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің (МЖӘ) бір түрі. Негізі, ауқымы одан кең болса да, Қазақстанда бұл механизм балабақша, мектеп сияқты әлеуметтік нысандарды салуға пайдаланып жүр. Осы есеппен алғанда елімізде МЖӘ бойынша бүгінге дейін 1 366 жоба қолға алынған. Оның 860-ымен шарт жасалған болса, 282-сі бойынша конкурс өтуде, 38-інің келісімшарты бұзылған. Тартылған және жоспарланған инвестициялардың жалпы сомасы – 1 182,6 миллиард теңге. Ендеше біз концессия мүмкіндігін толық пайдаланып отырмыз ба? Биыл 2 қаңтардан бастап «Концессия туралы» заңға кезекті өзгерістер күшіне енді. Ол экономикаға не бермек?
Көш жүре түзеле ме?
Қазақстан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытында, оның ішінде концессия мәселесінде «Көш жүре түзеледінің» жолымен жүріп келеді. 2006 жылы қабылданып, сан рет өзгерген заңға биыл енгізілген толықтыруларды осындай бір кезекті «көш түзеу» деуге болады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизміне жүгінудегі әуелгі мақсат мемлекет бюджетіне түсетін салмақты азайту болса, пандемия тудырған дағдарыс бұл қажеттілікті күшейте түсті. Өйткені бюджет қаржысын басы артық шығындарға жұмсауға болмайтынына көз жетті. Бұл туралы былтыр 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті айтып, МЖӘ жобасына қатысты мемлекеттік міндеттемелерге алаңдаушылық білдірген болатын. Оның тартылып жатқан инвестициялардың көлемімен сәйкеспейтіні туралы Есеп комитеті де бірнеше мәрте ескертіп келеді. «Бүгінде сәтті жүзеге асып жатқан жобалармен қатар әлсіз жобалар да аз емес. Олардың бірқатарының әу бастан-ақ оң нәтижелері асыра бағаланған болса, келесісі шешуші мәселелері аяғына дейін зерттелмей жатып іске қосылған. Ал енді біреуінде нақты емес есептеулер, таңдалып алынған мемлекеттік қолдау шараларының, табыс табу және шығынды өтеу көздерінің негізсіздігі жобалардың тұралауына себеп болған. Сондықтан да МЖӘ жобаларының сапасын арттыру үшін нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру мақсатында биылдан бастап «Концессия туралы» заңға түзетулер енгізілген болатын», – дейді «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамының сарапшысы Асылбек Қуандықұлы. 2021 жылдың 2 қаңтарынан бастап күшіне енген өзгерістердің ішінде ең бір шешуші мәнге ие келесі тұстарды атап өтуге болады. Олар – МЖӘ-нің жаңа принципінің енгізілуі. Жобаларды жүзеге асырудың ең төменгі мерзімі енді 5 жылды құрайтыны. Сонымен қатар «концедент» анықтамалығы нақтыланып, ол Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бірлік болып толықтырылған. Одан да басқа өзгерістер көп. Жалпы алғанда, заңнамадағы жаңашылдықтар МЖӘ жобасының санын азайтып, сапасын арттыруға бағытталған. Әйтсе де, халықаралық дәрежедегі заңгер Шаймерден Чиканаев бұрынғы кемшіліктердің толық жойылып кетпегенін айтады. Өйткені инвесторлардың талабы жартылай орындалған. Концедент ретінде Қазақстан Республикасы мен оның әкімшілік-аумақтық бірлігі қосылғанымен,Үкімет пен әкімдік сияқты мемлекеттік органдар алынып тасталмаған. Бұл алда тағы да дау тудырып, онсыз да 15 жыл бойы созылып келе жатқан кедергілерді күшейте түсуі мүмкін. «Әлемде ең қалың инвестициялық портфельдің бірі саналатын концессия механизмі Қазақстанда аса тартымды емес. Өйткені ол сәйкес заңнамамен тым қатты реттеледі, әрі жобаны жүзеге асыруда бюрократия күшті және келіссөздер мен мақұлдаудың өзі өте ұзақ уақыт алады. Осы реттен келгенде, бұл заң көп өзгерді. Мұндағы қатынастар баяу дамып келеді. Концедент мәселесі де осы санаттан. Өйткені Үкімет пен әкімдік азаматтық құқық субъектісі ретінде ешқандай да кепіл бола алмайды. Олардың балансында кепілге тұрарлық мүлкі мен бюджеті жоқ. Сондықтан келісім Қазақстанмен әлде облыспен (мегаполиспен) жасалады. Ал олардың атынан Үкімет немесе әкімдік өкілдік етеді. Бұл инвесторлардың талабы болатын», – дейді адвокат Шаймерден Чиканаев. Бұл мәселе Алматыдағы БАКАД жобасының құрылысын кідіртіп тұрған болатын. 2008 жылы сөз болып, 2015 жылы тендері жарияланған бұл «ғасыр жобасының» құны 750 миллион АҚШ долларына бағаланып, келісімшарт мерзімі 20 жыл деп белгіленген еді. 2018 жылы түрік және корей компаниялары кіретін консорциуммен концессиялық келісім жасалғанымен, акционерлердің (соның ішінде Еуразия даму және қайта құру банкі) мақұлдауы үшін бұл процесс тағы екі жылға созылды. Енді жаңа өзгерістер бұл келісімді одан сайын қаңтаруы мүмкін. Заңгер Қазақстан заңнамасы бұл мәселеде инвесторлардан үлкен икемділікті талап ететінін айтады. Оның нәтижесі 15 жылда жалғыз-ақ жобаның іске асқаны. Ол – Ақтау халықаралық әуежайы. Ал шетелдерде 1990 жылдардан қолға алынған бұл тетік өзін «ең бір жемісті жобалар кейсі» ретінде танытып үлгерген. Мәселен, Еуропалық Одақта соңғы 40 жылда – 1 400 жоба, Ұлыбританияда – 920, Оңтүстік Кореяда 461 жоба жүзеге асқан.Зеңбірекпен торғай атқандай
Концессия дегеніміз – шебер ұқсата білгенге табысы мол үлкен экономикалық құрал. Оның тиімділігі қаржыны концессор шығарады. Нысанды жобалайды, салады, ақылы негізде пайдалануға беріп, ақшасын қайтарып алады. Мемлекет оған нысанды тұрғызуға жағдай жасап, ақшасының қайтатынына кепілдік береді. Механизмнің осы шартын Қазақстан билігі әу бастан-ақ жете түсінбей, оны МЖӘ аясында қарастырып, балабақша, мектеп салу сияқты ұсақ-түйек жобаларға қолданып жүр. Тіпті, шаруашылық тәсілмен де атқаруға болатын жолдың жиектасын ауыстыру жұмыстарын концессия тәсіліне салған деректер де кездеседі. «Қазақстанда әлі күнге дейін концессия туралы нақты стратегия жоқ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1 300-ден астам жоба бар делік. Бұл қаражатты неге біз әкімдіктің тікелей міндетіне жататын жобаларға пайдаланамыз? Ол дұрыс емес. Мұндағы 1 миллиардтан астам қаражат шашыраңқы жұмсалуда. Оның орнына оларды жинап, бір ірі жобаға бағыттап, елімізге шетелдік инвесторлар, технологиялар, ноу-хау келетіндей етіп ұйымдастыруымыз керек. Сонда ғана диверсификация туралы айтуға болады. Бірақ өкініштісі, бұл тетік әкімдіктердің мемлекеттік сатып алу қызметін бүркемелеуге ғана қолданылып отырған сияқты. Бұл дегеніміз – зеңбірекпен торғай атқанмен бірдей», – дейді Шаймерден Чиканаев. Сондықтан да мұндағы ең бірінші мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен концессияның аражігін ашып алу. Өйткені бұл екі заңның бірін-бірі қайталайтын тұстары өте көп.Әріптестік пен жемқорлық
Заңгердің ойынша, концессияға лайық жобаның бірі – Астана ЛРТ жобасы еді. Бірақ қаржысын жеп қойған мұндай қатердің концессия үшін де қаупі жоқ емес. Сондықтан «мұндай келеңсіздіктен аулақ болу үшін МЖӘ-ні қазіргідей мемлекеттік сатып алу әдістерінен аулақ ұстау керек», – дейді заңгер Шаймерден Чиканаев. Сонда концессордың қызметақысы да ақырғы тұтынушы үшін арзан болмақ. Одан бөлек, МЖӘ орталығы мамандарының пікірінше, мұндай әріптестіктің жемқорлыққа қарсы иммунитеті жоғары. Өйткені өз ақшасын жобаға салатын болғандықтан, түптеп келгенде шығынға батпау үшін бизнес өкілі мемлекеттен лайықты кепілдік талап етеді. Бұл ретте жемқорлық нышандары өздігінен ғайып болады деп санайды олар. Ал белгілі экономист Айдархан Құсайыновтың ойынша, мұндай жағдайда жемқорлық ғайып болмайды, ол басқа форматқа көшіп, жобаның қандай да бір кезеңінде пайда болуы мүмкін. Мәселен, серіктесті таңдау, жобаға сараптама жасау, ақыр аяғы аяқталған құрылысты пайдалануға рұқсат беруі үшін мемлекеттік комиссия тексергенінің өзі жемқорлық жоқ деп нақты айтуға негіз бола алмайды. Осы ретте экономист Гүлнар Қуатбаева бұл әріптестікке халықты тартуды ұсынады. Жобаны жүзеге асыруға халық та өз жинағын қосатын болса, мемлекет олардың ақшасын тартқаны үшін облигация ұсынып, құнды қағаз иелеріне кірістен пайыз төлеуі керек. МХБ моделі мемлекеттік сатып алудан бас тартып, жемқорлық факторын азайтуға септік етпек. Өйткені жобаға мемлекет және бизнеспен бірдей құқыққа ие қатысып жатқан халық өз ақшасы үшін жемқорлықпен де белсенді түрде күресетін болады.Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ