Шымкентте мұғалімдер мен ата-аналар жекеменшік мектепте оқуға неге қарсы шықты?
Шымкентте мұғалімдер мен ата-аналар жекеменшік мектепте оқуға неге қарсы шықты?

Ал Білім басқармасындағылар үш ауысымды мектеп мәселесін шешіп, білім сапасын арттырудың қамы деп отыр. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Наразы ата-аналардың айтуынша, таңертең бастауышта оқитын балаларын мектепке кіргізбей қойған. Ашулы жұрт бұл көршілес жекеменшік мектепке бала толтырудың амалы ма деп санайды. Оның үстіне тек бастауыш сыныптағыларды ауыстыруы да күмән тудырып отыр.

Ата-ана Гүлдана Танкебаева: «Неге бұлар 10, 11-сынып оқушыларын алмайды. Себебі, 10, 11-сынып оқушылары бір-екі жылда бітіріп кетеді. Бұлар қазір бізге айтып отыр, сіздер тегін оқисыздар деп. Бірақ жарты жыл тегін оқиды. Жарты жылдан кейін ай сайын 15-20 мың теңгеден төлеп отырады екенбіз. Оны қалтасы көтеретін ата-ана бар, қалтасы көтермейтін ата-ана бар», – дейді.

Ата-аналардың айтуынша, жекеменшік мектепте балаларға жағдай да жоқ. Сынып бөлмелері өте тар, 8 шаршы метр. Ғимараттың жанында жатақхана бар. Автотұрақ бар. Алайда білім басқармасының басшысы жекеменшік мектеп ауысуға ешкімді мәжбүрлемейтінін айтты.

Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева: «Ашылып отырған мектеп тегін, ешқандай ата-аналардан бір тиын ақы алмай стандарттық білім беруге және ұстаздарға 100 пайыз айлық жалақысын төлей отырып оқытуға келісімін беріп отыр. Бұл жекеменшік болғандықтан бұлардың мақсаты – баланы барынша аз сыныптарда балаларын толымдылығын алып, сапалы білім беруді мақсат тұтып отыр», – деді.

Білім бөлімінің басшысы мұның бәрі үш ауысымды мектеп мәселесін шешудің амалы дейді. Ал №29 мектепте алдағы жаңа оқу жылында бала қабылдауға шектеу қойылмақ. Өйткені 800 орындық мектепте бүгінде екі мыңнан аса бала оқиды.   https://youtu.be/sdYIjJQja3g

Бұған дейін Шымкентте карантин кезінде тойханаларды мектепке лайықтап қайта жөндеп жатқан кәсіпкерлер туралы жазған болатынбыз.