Былтыр Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы жанданып, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылар баспана алып, қуанышқа кенелген еді. Баянды бастама жыл ішінде жүзден аса тұрғынды үймен қамтып, қара халық ауылдағы ағайын мен жобаға ұйытқы болған билікке алғысын жаудырған. Алайда өткен аптада Талас ауданы Тамабек ауылынан шу шығып, «бір құмалақ бір қарын майды» шірітті.
Әлеуметтік желі арқылы шағымын жеткізген Елдар Боранбек есімді тұрғынның сөзіне сүйенсек, ауыл әкімі оларды алдап соғыпты. «Өз қаражатымызға салып жатқан үйді ауыл әкімінің «Асарлатып үй салу» жобасына енгізгені қалай? Игі істің шын мәніндегі мақсаты солай ма, әлде бұл ауыл әкімінің алаяқтығы ма?», – дейді ол. Автор оқиғаның мән-жайын былай суреттейді: «Талас ауданы, Тамабек ауылының тұрғыны көпбалалы Мұхтар Арыстанбек (ағам) екі мың он тоғызда іргетасын тұрғызған үйіне жиырмасыншы жылдың жазында кірпішін қалап бастады. Сол уақытта жұмыс басына С.Шәкіров ауылдық округінің әкімі Әлмен Оңбаев келіп, іргетасы қаланып тұрған үйді көріп қуанып кетті. Осылайша облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Асар» жобасы аясында үйдің құрылыс жұмыстарына жан-жақты көмектесетінін айтты. Шаруаға меценаттарды тартып, материалдар мен асарға адам жіберетінін жеткізіп, «Күзде осы үйге кіресіңдер» деді. Өйткені осы ауыл бойынша көпбалалы отбасы және үй салуға ниетті Мұхтар ғана екен-мыс. «Кісіге сенгеннің кілті аспанда» деген аталар сөзін әбден құйып өскен біз бұл «батпан құйрықты» байыппен ғана тыңдап, қарқынды жұмысты жалғастыра бердік. Ағайын-дос жабылып қабырғасын көтердік. Жасыратыны жоқ, ауылдық округтің әкімшілігінен ерікті жігіттер екі-үш рет келіп қолғабыс етті», – дейді желі қолданушысы. Оның сөзіне қарағанда, үйдің қабырғасы көтеріліп біткен тұста әкім тағы келіп, үйдің шатырына ақша бөлгізетінін айтып, қажетті материалдарды өлшеп, Мұхтар Арыстанбекке қол қойғызып кетіпті. «Шатырды жабамыз, осы қысқа дейін үйдің іші-сыртын сылап, барлығын бітіріп, асарлатып той жасаймыз соңында» деп тағы да ауызбен жарылқап тастады. Бір кірпішті қалап жатқансып суретке түсті. Сөйтсем бәрі жоғарыға жақсы атану екен ғой. Жылы сөз деген жақсы, әрине көңіліміз бір марқайды, қуандық. Екі-үш аптада уәде етілген шатыр келмеген соң қара күзде сабан кірпіш жауынның өтінде қалмасын деп шатырын жедел жауып бітірдік. Әкім болса сол күйі жоқ болды. Жалпы, үйдің құрылысын ағам және оның екі досы (ұста) ақыға жүргізді. Біз секілді іні-бауырлар демалыс күндері ауылға барып, аз-кем көмектесіп тұрдық», – дейді Елдар Боранбек. Кейін ауданға берілген «Асар» жобасымен салынған үйлердің тізіміне М.Арыстанбектің үйі еніпті. «Ауданға берілген есепке сүйенсек, біздің үйдің басталған уақыты жиырманың жазы екен де, бітер уақыты желтоқсан екен. Сөз қайда, іс қайда? Мейлі ол былай тұрсын, сонда үш жыл бойы маңдай терімізбен жасаған құрылыстың барлығын әкім атқарысқан болып шықты ма? Сондай-ақ кейбір жұртқа «шатырды өз қаражатыма алып бердім» депті. Бұл не, қандай мазақ? Аудан қалай жіті тексермеген. Әлде сыбайлас жемқорлық па? Мынаны көріп мен есеңгіреп қалдым. Теледидардан көретін алаяқтықты алақандай ауылдың әкімінен де көрдік пе? «Әкім болсаң, халқыңа жақын бол» демеуші ме еді? Ал Әлмен әкімнің басқа да әлегін бұған дейін де ауыл тұрғындарынан естіп, «жассыз ғой, жұртымыз үшін бар күшіңізді жұмсасаңыз екен» деуші едік. Мына тірлігі енді тым шектен шыққандық. Мәселе баспананың бітпегендігінде емес, дайын асқа тік қасық салған әкімнің әрекетінде. Азын-аулақ малын бағып, бала-шағасының болашағы үшін баспана салғысы келіп, жар құлағы жастыққа тимей жұмыс істеп жүрген ағамның үйін енді келіп: «Асар жобасының аясында салынып жатыр» дегеніне күйінемін», – дейді автор. Әлеуметтік желіде жарияланған бұл жазбадан кейін ауыл әкімінің әрекетін қара халық алаяқтыққа балады. «Бұқараның қамы үшін жасалып жатқан дүниені бір «құмалақ келіп шіріткені ме?» деп ашынғандар да болды. Осы орайда біз мәселенің анық-қанығын білмекке Талас ауданы әкімдігіне хабарластық. Ондағылар бұл жағдай түсінбеушіліктен туып отырғанын айтып, әкімдіктің әлеуметтік парақшасында ресми жауап жариялады.«Әкім болсаң, халқыңа жақын бол» демеуші ме еді? Ал Әлмен әкімнің басқа да әлегін бұған дейін де ауыл тұрғындарынан естіп, «жассыз ғой, жұртымыз үшін бар күшіңізді жұмсасаңыз екен» деуші едік. Мына тірлігі енді тым шектен шыққандық. Мәселе баспананың бітпегендігінде емес, дайын асқа тік қасық салған әкімнің әрекетінде. Азын-аулақ малын бағып, бала-шағасының болашағы үшін баспана салғысы келіп, жар құлағы жастыққа тимей жұмыс істеп жүрген ағамның үйін енді келіп: «Асар жобасының аясында салынып жатыр» дегеніне күйінемін»
«Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары! Жамбыл облысында көне «Асар» дәстүрі қайта жанданып, аймақтағы мұқтаж отбасылар баспаналы болуда. Өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған жоба арқылы 100-ге тарта адамға жаңа үй кілті табысталды. Әуел баста Талас ауданында ауыл әкімдерінің ұсынысымен 9 ауылдық округте үй салынады деп жоспарланған (Аққұм, Ақкөл, Берікқара, Тамды, Үшарал, Ойық, Кеңес, Бостандық, С.Шәкіров). Кейін С.Шәкіров ауылдық округі Тамабек ауылындағы тізімге енген отбасы расымен көпбалалы, бірақ мұқтаж отбасы емес екені анықталды. Сондықтан бастапқы тізім өзгертілді. Жоба бойынша атқарылған шаруалар есебіне енбеді. «Асарлатып үй салу» жобасы әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, асыраушысынан айырылған отбасыларға жұдырықтай жұмылған ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен жомарт жандар, демеушілердің қолдауымен жүзеге асатын игі шара болғандықтан, мемлекет тарапынан бюджеттен қаражат қарастырылмаған. «Келісті атаның жолы – кейінгіге үлгі» демекші жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан «Асар» бастамасы ағайынның ісін нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс», – делінеді аудан әкімдігінің ресми жауабында. Әрине, байыбына бармай, байбалам салудан аулақпыз. Алайда С.Шәкіров ауылдық округінің әкімі Әлмен Оңбаев аталған отбасы тізімнен шығарылып тасталғаннан кейін бар жағдайды Мұхтар Арыстанбектің әулетіне барып неге түсіндірмеді? Әлеуметтік желіге жазба жарияланғанға дейін бейқам жүрген әкімнің әрекетін қалай бағалауға болады? Осындай тәп-тәуір тірліктің соңын сылдыр суға, ал өзін қуға айналдыру ауыл әкіміне абырой ма? Мұндайда «Асар» ма, әлде әкім халық ауыз әдебиетіндегі «Алдар» ма?» деген тіркес еріксіз тілге оралады екен. Алайда ертегідегі Алдар көсе бай-шонжарларды алдап, қара халықтың мұңын мұңдаушы еді. Біздің кейіпкердің болмысы бөлекше болып тұр. Жарайды, жаза басқан әкімге жергілікті билік шара қолдана жатар. Біздің айтпағымыз, бұл жағдай өзге «болыстарға» сабақ болса игі.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы