Жаңа жыл қарсаңында «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшілері түрлі марапатқа ие болып, ұжым мерейін өсірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық журналистиканы дамытуға, мемлекетімізде жүргізіліп жатқан реформаларды насихаттауға қосқан үлесі үшін басылымның фототілшісі Айтжан Мұрзановты «Алғысхатпен» марапаттады. Айтжан ағамыз «Айқын» газетінде басылым ашылған 2004 жылдан бері еңбек етіп келеді. Фотосуреттері түрлі көрмелерге қойылып жүрген белгілі фотографтың еңбегін ел Президентінің елеуі – зор абырой.
Газетіміздің Алматы қаласындағы бюросының жетекшісі Гүлнәр Тәжиева Ақпарат және қоғамдық даму министрі тағайындаған «Ақпарат саласының үздігі» медалімен марапатталды. Гүлнәр Жұмабайқызы редакция ұжымында газет ашылғалы бері жемісті еңбек етіп жүр. Журналистік қызметінде салмақты сұхбаттарымен, журналистік зерттеулерімен, маңызды репортаждарымен танылған әріптесіміздің қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар. Өзін ақпарат саласының үздігі екенін әлдеқашан дәлелдеген әріптесіміз бұл марапатқа әбден лайық.
Газетіміздің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Тельман Бейсен Түркістан облысы бойынша «Жылдың үздік журналисі» атанды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан салаларда ерекше еңбегімен көзге түскендер арасында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тельман Бейсен де бар. Оның «Айқын» газетінде Түркістанды түлету бағытында жаңа облыстың тыныс-тіршілігі мен болашақ келбеті, әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен саяси орны, рухани-мәдени салмағы және атқарылып жатқан жұмыстары туралы 300-ге жуық мақаласы жарияланған екен.
«Айқын» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Тұрсын Қалимова облыстың «Жыл адамы» атанды. Тұрсын Жұмабекқызы бірнеше жылдан бері облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді. Ол Атырау халықаралық әуежайын Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова есімімен атау жөніндегі идея авторы. Батыр қыздың күнделігін біріктіріп, «Хиуаз» кітабын жарыққа шығарды. Атырау әуежайына Хиуаз ескерткішін орнатуға мұрындық болды. Ол отызыншы жылдар зұлматында Нарын құмын жағалаған елді аштықтан аман алып қалған құмаршық өсімдігіне арнап орнатылған «Құрмашық дәні» композициясы» ескерткішінің авторы.
Ал Жамбыл облысындағы меншікті тілшіміз Ерман Әбдиев Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Жамбыл өңірінің тыныс-тіршілігі туралы тұщымды мақалаларымен танылған Ерман Қанжанұлының еңбегі де оң бағаланды деп санаймыз.
Жаңа жылды сүйінші жаңалықпен қарсы алғалы отырған әріптестерімізді марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!
«Айқын» газетінің ұжымы