Жанкүйерлерім жігер сыйлайды
Жанкүйерлерім жігер сыйлайды
155
оқылды

Мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, таяуда ғана өткен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Айза Мамбекованы Жаңа жыл қарсаңында әңгімеге тартқан едік.

– Айза, мә­нер­­­леп сыр­ға­­­­нау­дан Қа­­­­зақ­стан чем­пио­натының жеңім­пазы атан­дың. Жеңісің құт­ты болсын!

– Құттықтау сөз­де­ріңіз үшін көп рақ­мет! Бұдан бұрын бір­неше рет Қазақстан чем­пионатында күміс жүлдеге ие болғанмын. Осы жылы Қа­зақ­стан чем­пио­ны атағына қол жет­кізгеніме өте қуаныштымын.

– Мәнерлеп сырғанау – ең қауіпті спорт түрінің бірі. Түрлі жа­рақат алып қалатын кез де болады. Басқасын айт­па­ғанда, былтыр Пхенчханда өт­­кен Олимпиадаға барар ал­дында да аяғыңды сындырып алғаныңды білеміз. Қиналған кезде өзіңді қалай қайрайсың?

– Мен үшін ең маңыздысы – еш­қашан қолды түсірмеу, кері ше­гінбеу. Бүгін қиын болса да, көңіл күйің нашар болса да, ештеңеге қа­рамай жаттығу жасау керек. Қо­лайсыз жағдайлар қалады, ал жұмыстың жемісі әрқашан көрініп тұрады. Сол кезде өз-өзіңе риза бо­ласың.

– Кейінгі жылдары жақсы жетістіктеріңмен елі­мізде танымал спортшы болып үлгердің. Өз елімізде де, шет мемлекетте де түрлі сайыстарға қатысып жүр­сің. Өз жанкүйерлеріңнің алдында өнер көрсету жігер­лендіре ме, әлде жауапкершілікті арттыра түсе ме?

– Өзімді танымал спортшы деп санамаймын. Бі­рақ далада, ойын-сауық кешендерінде көпшілік танығанда қуанамын. Халықаралық сайыстарда мен үшін арнайы келген отандастарды, жанкүйерлерді көбірек кездестіретін болдым. Ол мен үшін, әрине жауапкершілік сезімін арттырады, көңілімді кө­теріп, жігерлендіре түседі. Ондайда барымды салуға тырысам.

– Cені мұзайдынына жетелеп әкелген әкең Евф­рат Бағдатұлы. Қазақша әуенге би қою идеясы да сол кісінің бастамасы екенінен хабарымыз бар. Ал­дағы уақытта қазақша қандай әуендерге би қоюды ой­ластырып жүрсің?

– Иә, әкем екеуміз әр жарыс маусымының алдында музыка таңдай бастаймыз. Бұл өте ұзақ әрі жауапты кезең. Түпкі нәтижеге келгенше бір­та­лай нұсқаларын ауыстырамыз. Әзірше келесі мау­сымға әуенді таңдаған жоқпыз. Оның уақыты ке­леді. Құдайға шүкір, қазақтың фольклоры өте бай, барлығы да сондай әдемі күйлер.

– Денис Тен көзі тірісінде мәнерлеп сырғанаудан та­ғы бір мақтанышымыз Элизавет Тұрсынбаева екеуіңе қамқорлық танытып жүрген. Бүгінде Лиза екеуіңе жауапкершілік бұрынғыдан да арта түскендей...

– Иә, марқұм Денис Лиза екеумізбен әр­қа­шан да өте жақсы қарым-қатынас жа­сады. Бір мұзға шығып, 2017 жылы Алматы Аре­нада өт­кен Универсиада кезінде, кейін Корея Олим­пиа­дасының алдында да бірге жаттыққан ке­зеңдер есімде. Денис – өте ашық, ақкөңіл, ақылды, сөз тапқыш және елінің нағыз патриоты болды. Жат­тығу кезінде қасыма келіп сырғанау жайлы ақыл-кеңесін беретін.

Осы жылы Дениске бағышталған тұңғыш Ме­­мо­риал сайысы өтті. Сол жарысқа қатыс­тық. Отандық сырғанаушылар жақсы нәтиже көр­сеткен сияқты. Басқа елдерден келген сыр­ғанау­шылардың, бапкерлер мен төрешілердің де жарыста барлығына көңілі толды деп естідім. Жарыстан кейін өзге елдерден келген мәнерлеп сырғанаушы қыздардың «Алматыдан кеткіміз келмейді» де­ге­нін естіп, көңілім марқайды. Олар Медеуге, Көктөбеге барып, ұлт­тық тағамдарымыздан ауыз тиіп үлгерген екен. Денистің Ме­мо­риал сайысы дәстүрлі түрде өтіп тұра­ды деген ойдамын. Бұл – Де­нисті есте сақтауға және шетелдіктер алдында өз елімізді танытуға үлкен мүмкіндік.

– Универсиада, Азияда, Олимпиада сен үшін үл­кен мектеп болды. 2022 жылы өтетін Бейжің Олим­пиадасына қатысу жоспарыңда бар ма? Таяу мерзімде қан­дай жарыстар күтіп тұр?

– Әрине, Қытайда өткелі жатқан Олимпиадаға қа­тысқым келеді. Алда көптеген жұмыс күтіп тұр. Қа­зір келер жылдың қаңтар айының басында        По­льшаның Торунь қаласында өтетін Mentor Toruń Cup-2020-ға дайындалып жүрмін. Сайыстағы не­гіз­гі мақсатым – ақпанның ортасында Кореяда өте­тін төрт құрлық чемпионатына ұпай жинау.

– Қазақстандықтарға жаңажылдық тілегіңді жет­кізсең.

– Барша қауымға зор денсаулық, мол бақыт, күш-жігер мен керемет көңіл күй тілеймін. Спорт­шы­ларға жаңа табыстар мен жеңістер әкелсін! Көк Туымыз әрқашан биікте желбіресін!

– Өзіңе де сәттілік серік болсын!


Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ