Алматы облысының тұрғыны Жалын Боқаев – жалғызбасты әке. Қазір ол үш ұл тәрбиелеп отыр. Ал Құдай қосқан қосағы ішімдікке салынып, отбасын тастап кеткен екен. «Ажырасқан соң әйелім қаңғыбастарға қосылып кетті» деген азамат оны тапқысы келеді.
Оның айтуынша, олар тату тәтті өмір сүрген. Ешкімнен кем болмаған, таршылық көрмеген. Гүлзат үшіншіге аяғы ауыр кезде сыраға жерік болды. «Бәленің басы осы кезден басталды-ау» деген ол алғашында әйелінің ішіп жүргеніне мән бермеген. Артынан әйелі той-томалақтарда іше бастаған. Кейіннен күнде, еш себепсіз ішуді әдетке айналдырған. Тіпті, ол жұмыста жүргенде ішіп, үйге қонбайтындай дәрежеге жеткен. Сол кезде әйілінің ішімдікке салынып кеткенін байқаған.– Әйелім Гүлзатпен Алматыда таныстым. Оның екі дипломы бар. Өзі – оқыған, көз ашық адам. Қаладағы мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берген. Кейін мұғалімдік қызметінен шығып қалып, жұмыс табылмаған соң аспаз болды. Менімен танысқанда ішпейтін. Үйленгенше пәтер жалдап тұрдық. Сосын ол менен жүкті болып, үйлендік, – дейді Жалын Боқаев.
Бір жылы қыста Жалын Боқаев қатты ауырып, ота жасату үшін елордаға кеткен. Сол кезде ол балаларды жарына аманаттаған. Бірақ ол оған тоқтамаған. Балаларды үйге тастап, өзі арақ ішіп кеткен. Ол оның бұл қылығын да кешірді.– Күндер өтіп үйге қонбай бастады. Сол аралықта онымен сөйлестік, талай жанжал мен ұрыс-керіс болды. Не үшін ішетіні туралы ештеңе айтпайды, кешірім сұрап құтылады. Біраз уақыт сөйлеспей жүреміз. Ұмытылады. Бір айдан кейін қайта жоқ болып кетеді, үйге қонбайды. Бір күн, бір жеті, бір айлап келмейтін болды. Түнгі үш-төртте келіп тұрады, кіргізбесең тағы болмайды. Сыртта тұрып үсіп қалса не істеймін, бала-шағам жәутеңдеп тұрған соң кіргіземіз. Сорпа-суын беріп, бетін бері қаратқан соң «енді қайталамаймын, кешір де кешір» деп жалбарынады. Ары кетсе бір ай ғана сау жүреді одан кейін қайта ескі әуеніне басады, – дейді ол.
Оның ендігі арманы – балаларын анасымен табыстыру. «Аналарын тауып дұрыс жолға түсіріп, емдетіп, адам қатарына қоссам деймін. Қазір қайда жүр, не істеп жүр, мына өмірде бар ма, білмеймін. Қолды бір сілтеп кетіп қалуға да болмайды. Өйткені жаман да болса, балаларымның анасы. Ертеңгі күні балаларым маған кінә тағып, анамызды неге жөнге салмадың дегенін қаламаймын. Сол себепті іздеп жатырмын» дейді ол.«Ішімдікке әбден тәуелді болды. Ішкен кезде тыныш жатпайды. Қолына түскен затты лақтырып, үйді қиратып тастайды. Одан кейін үйдегі бағалы заттарды дүкенге өткізіп жібереді. Бірде қырық күнге хабар-ошарсыз кеткенде полицейлерге арызданып, тауып берген еді. Сол кезде үйге келіп бір күн балалардың кірін жуып, шай-тамағын дайындап берді. Ертесіне Алматыға кетіп, кайтып келмейтінін айтты. Балаларды менің қарауыма қалдыратыны туралы қолхат жазып кетті. Сөйтіп, сотқа барып, заңды түрде ажырасып, балаларды өз атыма алдым. Содан бері аналарын көрген жоқпыз. Жағдайынан бейхабармыз», – дейді Жалын.