Қазақстанда дұрыс жоспарланбау кесірінен мемлекеттің 1,8 триллион теңге тұратын дүние-мүлкі талан-таражға түскен. Бұл дерек кеше 2020 жылғы жұмыстың қорытындысын шығарған және 2021 жылға арналған міндеттерді айқындаған Есеп комитетінің кеңейтілген отырысында айтылды.
Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың айтуынша, СOVID-19 пандемиясы жағдайында экономиканы қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы қаражат, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор активтерінің басқарылу тиімділігі тұрақты және жіті бақылауға алынған. «Төтенше жағдай режимі мен қатаң карантин шектеулеріне қарамастан Есеп комитеті 117 объектіде 18 аудиторлық іс-шара өткізді. Аудитпен 47 триллионнан астам теңге қамтылды. Бұл 2019 жылға қарағанда 38%-ға көп және 2018 жылдың ұқсас көрсеткішінен 9 есе жоғары», – деді ол. Наталья Годунова 1,8 триллион теңге көлемінде бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің тиімсіз жоспарлануы және пайдаланылғанына назар аударды. Дегенмен соның ішінде қаржылық жетіспеушіліктің көлемі 2020 жылдың қорытындысы бойынша 81 миллиард теңге болды. Бұл ретте шамамен 16 млрд теңге қалпына келтірілді, өтелді. Үкіметке, мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 364 ұсыным мен тапсырма жолданды. Олардың 88%-ы орындалды, қалғандары бойынша іске асыру мерзімдері әлі аяқталмаған. Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша 97 лауазымды адам тәртіптік жауаптылыққа, 44 лауазымды тұлға және 11 заңды тұлға әкімшілік жазаға тартылды. 31 материал қылмыстық жазалау шаралары қабылдануы үшін құқық қорғау органдарына жолданды.Ерік ЕРДЕНОВ