Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова пара алды деген күдікпен ұсталды. Алайда жауапты органдар бұл жайында ресми ақпарат таратқан жоқ. Істің тергеліп жатқаны анық, дегенмен білім саласында осыған ұқсас жайт көп. PISA рейтингін, басқасын реттейміз деп бәйек боламыз. Бірақ сайып келгенде білім саласы жемқорлықтан көз ашпай келеміз. Неге?
Үшеуге «бұйырған» – 37 млн теңге
Мәлімет бойынша, бұл іске Майгүл Омаровамен бірге Алматы облыстық білім беру саласындағы ғылыми-тәжірибелік ақпараттық технологиялар орталығының директоры Арапби Меңлібаев пен күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің маманы Бақыт Абдолданованың қатысы бар. Олар пандемия кезінде мектеп оқушыларына қашықтан оқытуға қажет 2 522 ноутбуктан пайда көрмек болған. Мемлекеттік сатып алу есебінен жалпы сомасы 406 млн теңгеге бірнеше жеке кәсіпкермен келісім жасаған. Тергеу барысында Омарова, Меңлібаев және Абдолдановадан 37 млн 650 мың теңге тәркіленген. Мұндай соманы басқарма басшылары тендер ұтқан компаниялардан пара ретінде алған. Нәтижесінде, күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Алматы облыстық прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тыңғылықты тергеу жүргізуді қолға алған. Құзырлы органдар мұндай істің шешімін тапқысы келеді. Себебі жемқорлық білім саласының аяғына тұсау болып отыр. Түптеп келгенде ЖОО-ны аяқтаған түлектердің «Дипломмен – ауылға» барғысы келмейтінін осындай оқиғадан іздеңіз. Жастар сондықтан қалада қалып, «Бәке» мен «Мәкесіз» биікке ұмтылғысы келеді-ақ. Олардың ойынша, жемқорлықтың дені ірілі-ұсақты ауыл мен аудан орталықтарында болады. Бұған облыстағы жағдайды қосыңыз. Мәселен, кейінгі 3 жылда тіркелген Білім басқармаларындағы жемқорлық істерін тізіп көрелік.Жемқорлықтың түрі көп, басқармадағысы бір бөлек
2019 жылы 3 қаңтарда БАҚ-та Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы мен орынбасары 10 млн теңге көлемінде пара алғаны туралы ақпарат тарады. Тағы сол мемлекеттік сатып алу оқиғасы. Одан кейін олардың облыс әкімдігінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауовамен бірге әрекет еткені анықталған. Нақтырақ айтсақ, 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасына бөлінген қаражатты жымқырған. Экс-орынбасардың бұдан басқа жемқорлық ісіне қатысы бар. Аталған істі сот бір жылға жуық уақыт тергеп-тексерді. Ақыры лауазымдық өкілетін асыра пайдалану, кәсіпкерлерден пара алу, мемлекет қаржысын жымқыру, көрсетілмеген қызметті қабылдап алу секілді 16 қылмыстық дерек бойынша 8 адамға айып тағылды. Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Нұрсәуле Сайлауова мен Білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев 2 жылға, орынбасары Роза Қабдолова 4 жылға әдістемелік орталықтың директоры Ғабит Қабекенов пен «Дарын» мектебінің бас есепшісі Назымгүл Мәжитова 3 жыл мерзімге сотталды. Оған қоса, өмір бойы мемлекеттік мекемелерде қызмет ету құқынан айырылды.Көп өтпей, 2019 жылы 19 ақпанда Шымкент қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары пара алғаны үшін ұсталды. Мұны қысқартып «Асхана ісі» деп атасақ болады. Өйткені шенеунік қалалық мектепте асхананы жалға беру мерзімін ұзартқаны үшін жеке кәсіпкерден шамамен 1,5 млн теңге пара алды деп айыпталды. Қызығы, Ғабит Нысанов күдікке ілінген кезде еңбек демалысында болған. Іші сезді ме әлде кездейсоқ жағдай ма, ол жұмыстан шығуға арыз жазған деседі. Тексеріс кезінде күдікті бар кінәні мойындап, прокурорлармен процессуалды келісімге келген. Осылайша, оған мемлекетке 45 млн теңге айыппұл төлейтіні туралы шешім шықты. Кезекті жемқорлық оқиғасы Батыс Қазақстан облысына тиесілі. 2019 жылы 1 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шыңғырлау аудандық білім бөлімі басшысын 1,9 млн теңге пара алды деген күдікпен ұстады. Шенеунік орындалған жұмыс актісіне тексерусіз және кедергісіз қол қойғаны үшін кәсіпкерден ақша талап еткен. Пара алу ісі аудандағы мектептерге күрделі жөндеу жұмысын жүргізумен байланысты. Сөйтіп, А.Сапаров 2020 жылы 21 қаңтарда алаяқтық және пара беруге итермелегені үшін 3 жыл 6 айға қамауға алынды. Жемқорлық ізімен жүріп Шымкентке қайта оралдық. Өйткені биыл 19 қаңтарда мұғалімдерден жүйелі түрде пара алып келген мектеп директорына қатысты үкім шықты. Ол карантин кезінде мұғалімдерді қыспаққа алып, ақша талап еткенімен қоймай, олардың үстемеақысын иемденбек болған. Бұл аз десеңіз, аз қамтылған отбасылардың балаларына ыстық тамаққа берілген ақшаны да қалтасына сүңгіткен. Сот №34 мектептің экс-директорын Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп таныған. Алайда айыпталушы кінәсін мойындамады. Дегенмен Еңбекші аудандық соты оны келтірілген дәлелдерге сәйкес, 8 жылға бас бостандығынан айырды.Қандай жемқорлық ісін қарасаңыз да, зардап шегетін – мұғалім мен оқушы. Ортада білім саласы мен сапасы сын көтермейтіні тағы бар. Тізбелеп шыққан оқиғаның екеуі карантин уақытымен тұспа-тұс келгені ойландырады. Оқушы мектепке жете алмай, онлайн сабақ педагогті сарсаңға салғанда облыстағылар құлқынның қамын ойлаған сияқты.
Қайтсек жолын жабамыз?
Байқағанымыздай, сот шешімі 1 жылға жуық мерзімде шығады. Демек, Омарова ісі де тыңғылықты тексеріліп, дәлелдер діттеген жерге жетсе, сценарий Атырау облыстық Білім басқармасындағы жағдайға ұқсауы мүмкін. Қандай жемқорлық ісін қарасаңыз да, зардап шегетін – мұғалім мен оқушы. Ортада білім саласы мен сапасы сын көтермейтіні тағы бар. Тізбелеп шыққан оқиғаның екеуі карантин уақытымен тұспа-тұс келгені ойландырады. Оқушы мектепке жете алмай, онлайн сабақ педагогті сарсаңға салғанда облыстағылар құлқынның қамын ойлаған сияқты. Естеріңізде ме, Білім және ғылым министрлігі Білім басқармасы билігін жергілікті әкімдіктен облысқа ауыстырғанда жемқорлық фактісі азаятынын айтқан-ды. Кешегі оқиғаны оқысаңыз, облыстың да оңдырмайтынын байқайсыз. Осындайда білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлының айтқаны ойға оралады. «Білім басқармаларын жергілікті әкімдікке бағыныштылықтан шығарып, тікелей министрлікке қарату керек» деген еді ұстаз. Иә, мәселені басқа қырынан қарап, жаңа шешім табуға тырыспасақ болмайтын сыңайлы. Өйткені карантин кезінде білім саласында сіз бен біз білмейтін қаншама оқиға тіркелді десеңізші. Оның үстіне мемлекеттік сатып алу механизмі мен білім саласын цифрландыру ісі де кезек күттірмейтін мәселеге айналды.