Алимент борышы – 14 млрд теңге
Алимент борышы – 14 млрд теңге
303
оқылды

Бүгінде алимент мәселесі қоғам үшін тағы бір өзекті  дүниеге айналды. Алимент төлеуден жалтар­ғандардың айыбы бары айтпаса да белгілі. Бірі жұмыссыз болса, келесісі табысын жасырып, қитұрқы әрекетке барады. Бас прокуратура есебіне жүгінсек, 2020 жылы қар­жылық борышын төлемеген 216 мың­нан астам отан­дасымыз анықталыпты. Оның 197 мыңы – ер адамдар. Сот орындаушылары алимент төлемейтін жандарға келгенде неге қауқарсыз? Ал қарызды мүлік арқылы өндіріп алу нә­ти­же бере ме?

Қазақстандықтардың али­мент борышы 14 млрд теңгеден асып үлгерді. Былтыр жыл ба­сында бұл көрсеткіш 5,7 млрд тең­ге болған. Аз ғана уақыттың ішінде 2,5 есе артып шыға келіпті. Мәселен, былтыр 3 мың адам борышынан қашып, ресми іздеу жарияланғанымен, басым бөлігі та­былмапты. Осыдан кейін мем­лекеттік органдар мен сот орын­даушыларының атқарған жұ­мысына күмәнмен қарарымыз жа­сырын емес.

– Отбасының бұзылуы – қоғамның бір індеті. Оның себебі көбіне тұрмыстық жағдайға келіп тіреледі. Жиі кездесетін фактор – осы. Сосын келіп алимент өн­діру мәселесін қозғаймыз. От­басының жағдайын жақсарта ал­дық па, мемлекет қандай қам­қор­лық жасап жатыр деген мә­селе бірінші тұруы қажет. Күн көру басты «құндылыққа» ай­налып кет­ті. «Ерлі-зайыптылар және от­басы» кодексінде мінде­тінен жал­тарған азаматтардың дүние-мүл­кін тәркілеу, жүрісіне шектеу қою деген шара қаралған. Егер жарты жыл бойы төлемей жүрсе, 2 жылға дейін бас бостан­дығынан айыруға болады. Али­менттің дауға айнал­ған себебі – заңның орындалмауы. Басты себеп – мемлекеттік орган­дар мен сот орындаушылардың сал­ғырттығы. Жұмыссыздық пен басқа да жайларды алимент тө­леу­ден жалтаруға себеп ретінде қара­мауымыз керек, – дейді Жо­ғарғы Соттың экс-судьясы Әділ Жамбас­байұлы.

Айтпақшы, қазір алимент өн­діру процесін дұрыс атқармай, уа­қыт созып жүрген сот орын­дау­шылары лицензияларынан қа­ғыла­тын болды. Әр жыл сайын ел бойынша 200 мыңға жуық іс сот орын­дау­шыларына қарыз өндіруге қатысты түсіп отырады екен. Ал бір борыш­керге бірнеше бала тие­сілі болуы мүмкін. Бірақ ресми есеп­те алимент­ке мұқтаж балалар­дың саны нақты көрсетіл­меген. Біз сот орындаушы­ларын ісіне сал­ғырт деп түбегейлі айта алмай­мыз. Жеке сот орындаушы борыш­кер үкімді орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін сотқа ұсыныс тастай алады. Осы жерде екі түрлі жағдай шыға­ды. Алимент төлеуге міндетті адам­ның бірінің әлеуметтік жағ­дайы төмен, жұмыссыз болуы мүмкін. Елімізде тек 9 мың бо­рыш­­кердің тұрақты табысы бар. Ал екінші жағдайда борышкер табысын жасырады. 2,5 мың бо­рыш­кердің жылжымайтын мүлкі, қымбат маркалы көлігі бар екен. Оның сан түрлі жолы бар. Мы­салы, бар мүлкін туыстарының аты­на рәсімдеп қояды. Ішкі істер органы алимент секілді істерге немқұрайды қарайды, себебі олар­дың есеп­тілі­гінде мұндай миссия жоқ. Әкімшілік іс қозғаған күннің өзінде борышкер 2 тәулікке қама­лып, аз айыппұлмен құтылады. – Кейбір адам әдейі ақша төлемей қашады. Біреулер жала­қы­сын қолдан аз етіп жаздырады. Ажырасқандар бір-бірін түсінбей жатады. Сондықтан ашуға сала­тындары көп. Соңында зардабын балалары тартады. Сондықтан мұ­ның бәрін балаға теріс әсер етпей­тіндей етіп ойластыру қажет. Біз қо­лы­мыздан келгенін жасап жа­тыр­мыз, – дейді жеке сот орын­даушылары­ның Нұр-Сұлтан қала­лық палатасы басшысының орын­басары Мадина Жаңысаева.   Соңғы кездері алимент мәсе­лесінде борышкер міндетінен жал­тара берсе, мүлкін тәркілеу шарасы қолданылып жатыр. 2020 жылы алимент төлемеген жан­дар­дан 76 пәтер мен 62 көлік алынған. Бүгінде qamqor.gov.kz сайты мін­детінен қашқан азаматтардың су­реті мен аты-жөнін жариялап отырады. Әзірге 1 500 адамнан ар­тығын тірке­ген. Бұл да бір бо­рыш­кердің ұятын ояту үшін жа­сал­ған әрекетке ұқ­сайды. – Алимент төлемейтін ер-аза­мат­тар көп. Әдетте бала анасына қалатын болған соң жағдай  осы­лай. Негізі, уақытылы алимент тө­ле­мегендер Әкімшілік құқық­бұзушылық кодексі бойынша жа­уапқа тартылып, 15 тәулікке дейін қамалады. Ал Қылмыстық ко­декстің 430-бабы бойынша сот шешімін орындаудан бас тартқан борышкерді қыл­мыстық жауап­кершілікке тар­туға болады. Демек, заң бар, жауап­кершілікке нем­құрайды қарайтын­дар көп. Менде де кемі 30-40 іс али­мент бойынша тұрады. Ұятын оя­тып, халық ал­дына шығарғың да келеді, – дейді алимент мәселесімен айналысып жүрген заңгер Камиша Есмұхам­бетқызы. Республикалық сот орындау­шы­ларының мәліметіне сенсек, али­мент төлемейтіндердің көбі Қара­ған­ды облысында тұрады. Мұнда 21 мың адам бар. Шығыс Қазақстанда 18 мың адам тіркелсе, үштікке 17 мың берешек тұлғасы бар Алматы облысы жайғасыпты. 2010-2020 жылдар аралығында жарты миллион неке қиылып, оның 3/1 бөлігі ажы­расып кеткен. Жалпы, ажырасқан отбасылардың 83 пайызында ортақ бала бар. Одан бөлек, 400 мың жалғызбасты ана мен баласын асырап отырған 60 мың ер-азамат жүр.

Мадияр ТӨЛЕУ