Орфографиялық жұмыс тобы даярлаған әліпби жобасы бірнеше талқылаудан өтті. Ғалымдар әрбір әріпті таңдауда жіті назар бөлгені анық. Алайда жаңа нұсқаға қатысты қоғам тарапынан түрлі сын-пікірлер айтылып жатыр. Бұл соңғы нұсқа ма әлде әлі де талқылаудан өте ме? Біз «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқарға осы сауалымызды қойған едік.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы қаралған екен. Сол нұсқалардан біреуін ғана таңдап алу оңай шаруа болмаған шығар. Қалай таңдалды? – Орфографиялық жұмыс тобы даярлаған әліпби жобасы 2019 жылдың қараша айында Президентке таныстырылғанын білесіздер. Президент ол жобаны жалпы мақұлдап, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарына байланысты құрылған Үкімет жанындағы Ұлттық комиссияның қарауына жолдаған еді. Ұлттық комиссияның құрамында Орфографиялық жұмыс тобы бар, ол жерде білікті ғалымдар жұмыс істейді. Бұл Орфографиялық жұмыс тобына – Тіл білімі институтының, «Тіл-Қазына» орталығының, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары мүше екенін ескерте кеткен жөн. Мақұлданған әліпбиді жетілдіру барысында осы Орфографиялық жұмыс тобының бірнеше отырысы өтті. Кеңейтілген отырысқа техникалық топтың ІТ мамандары, сондай-ақ терминологиялық, әдістемелік жұмыс топтарының мүшелері де шақырылып, әліпбидегі өзгерістер жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде бұл әліпбиді Орфографиялық жұмыс тобының 95%-ы қолдады. Ал сіз айтып отырған жекелеген азаматтар тарапынан жыл ішінде 40 шақты жоба келіп түскені рас. Оның барлығын Орфографиялық жұмыс тобы кәсіби сараптамадан өткізді, авторларға әрбір ұсыныстың жетістіктері мен кемшіліктері айтылды. Президентке таныстырылған әліпби бұл 40 шақты жобаның ішінен таңдалып алынған жоқ. Оны Орфографиялық жұмыс тобының мамандары өздері даярлады. Олар әрбір әріпті таңдауда мұқият ғылыми сараптама жүргізді, әлемдік тәжірибемен қатар ұлттық ерекшеліктерімізді ескерді, әр таңбаның графикалық, фонетикалық мазмұнын мұқият қарады. Әліпби түзудің бұған дейін жинақталған тарихи тәжірибесін, принциптерін басшылыққа ала отырып даярлады. – Байқауымызша, алдыңғы екі нұсқаға қарағанда мұнда умлаут, бревис, седиль және макрон диакритикалық белгілері қолданылыпты. Бұл тиімді ме? – Иә, бұл өте тиімді. Әліпби жобасына алынған диакритикалық таңбалар әлем тілдерінде танымалдыққа ие және әр диакритикалық белгілердің атқаратын қызметі бар. Жобадағы диакритикалық таңбалар латын әліпбиімен жазатын көптеген тілде қолданылады. Мысалы, умлаут неміс, швед, исланд, фин, венгр, түрік, әзербайжан әліпбилерінде жіңішке дауысты дыбыстың таңбасын білдіреді. Бревис молдова, түрік әліпбиі мен эсперантода дауыссыздың таңбасына, седиль француз, түрік, латыш әліпбилерінде ызың дауыссыздарға, макрон дауыстыларға немесе дауысты қатарына өткен дауыссыздарға пайдаланылады. Сондықтан қазіргі жаһаниятта латынды білетін кез келген жазарман тіліне, ұлтына қарамастан, умлаутты әріптің жіңішке дауысты дыбыс екенін, сол сияқты айтып кеткен басқа да диакритиканың дыбыстық мазмұнын бірден ажыратады. Бұл қазақ жазуының әлемдік графикалық кеңістіктегі түсініктілік деңгейін арттырады. – Соңғы нұсқа «бір дыбыс – бір таңба» принципіне келетін секілді. Дегенмен әлі де і, ы, у таңбаларын қайта түзетсек деген пікірлер айтылып жатыр. Бұған қалай қарайсыз? – Иә, бұл принципке әліпби толық сәйкес келеді. Қоғам тарапынан әртүрлі сын айтылуы – табиғи заңдылық. Бұл әріптерді таңдауда ғалымдар белгілі бір принциптерге сүйенді. Мысалы, Ы дыбысы Ү әрпімен берілді. Себебі жуан, қысаң езулік дауысты Ы дыбысын осылай таңбалау халықаралық транскрипциялық жүйеден әбден белгілі: Almaty, Kyzylordа, Fazyl т.б. сияқты қазақтың жер-су аты, кісі есімі осылай транскрипцияланады. Сондықтан латындағы Ү таңбасының дыбыстық мазмұны Ы дыбысы деген түсінік жаппай орныққан. Ал кейбір ұсыныстарға сүйеніп, Ы-ны I ı таңбасымен беретін болсақ, онда осы таңба белгілеп тұрған жіңішке [і] дыбысына ноқатты İі таңбасын алуға тура келеді, олай болса, И/Й-ді Үү таңбасымен жазу керек болады. Бұл сөздердің жазба мәтіндегі танылуын қиындатады, көзшалымға қолайсыз: ynstytut (институт), yne (ине), mynystr (министр), ayu (аю), yt (ит), oqyğa (оқиға), taryhy (тарихи), ğılımy (ғылыми). Сондықтан Ы дыбысын Y таңбасымен, соған сәйкес И/Й-ді İі таңбасымен беру сөздердің графикалық кескінін қазақ оқырманына бірден танымал жасайды: ydys, yrys, basşy, qajy; іnelık, іgeru, mädeni, universitet, respublika. Әрбір таңбаға, міне осындай сараптамалар жүргізілді. – Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа жобасы соңғы нұсқа ма? Әлде әлі де талқылаудан өте ме? – Бұл – соңғы нұсқа, ғалымдардың соңғы шешімі. Енді тек Президент Жарлығымен ресми бекітуін күтіп отырмыз. Одан кейін латынға көшу жұмыстары нақты әрі жан-жақты қолға алынады.Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС