Жатақхананы «сыйға» бер!
Жатақхананы «сыйға» бер!
138
оқылды

Көкшетауда үш баласы бар жалғызбасты ана жекеменшігіндегі жатақ­хананы жергілікті билікке «сыйға» берген. Кәмелет жасына толмаған ба­ла­лары бар ана бұлай етпеске амалы қалмағанын айтады. 20 жыл бойы пәтер кезегінде тұрған ол баспанаға енді қолым жетті-ау дегенде қолында барынан айырылған. Көкшетау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының айтуымен ол жатақханасын мемлекет меншігіне осы бөлім атына аударып жіберген. Ең қызығы, жылжы­майтын мүлікті «сыйға беру операциясы» еш нотариуссыз тұр­ғын үй-ком­муналдық шаруашылық бөлімінде жүзеге асырылған. Баспана­ның дауы­мен басын тауға да, тасқа да соққан ана бізге көкейіндегі  жанай­қайын жасырмай айтты.

Гүлнәр Жұмановаға қаладағы Елемесов көшесі 67-мекенжайында орналасқан бұл жатақхананы сонау 1997 жылы әкесі сатып алып берген. Бір бөлмелі шағын жатақхана тарлық еткендіктен, ол 1999 жылы қалалық әкімдікке барып, тұрғын үй кезегіне тұруға өтініш жазған. Алайда баспана кезегіне тұрдым деген қуанышы ұзаққа бармапты. 2004 жылы кезегінің қанша жылжығанын білу үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөліміне барған әйелдің құжаттары із-түзсіз жоғалып кеткен. Ал кезекке тұрға­нын дәлелдей алмаған ол «Nur Otan» пар­тия­сына шағымданыпты. Партия арнайы сұраныс жолдағанда  тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық бөлімі арнайы жауап жазып, ол хатта әйелдің балаларының туу туралы куәлігі берілмегендіктен, кезекке қойыл­мағанын көрсетеді. «Сол кездегі қала әкімдерінің бәрінің қабыл­дауында болдым. Кезекке тұрған құ­жат­тарымды жоғалтып алған бөлім қызмет­керлері түрлі сылтау тауып, мені кезектен мүлде шығарудың амалын қарастырды. Жоғалған құжаттар шкафтың артына түсіп кетіп, сол күйі табылмай қалған. Ақыры балаларымның куәлігін уақытында бермеді деген сылтаумен кезекке қойылмағанын айтты. Мен құжаттарым мен өтінішімнің кө­шірмесін сұрадым. Бергісі келмей зорға дегенде көшірмесін алдым. Сөйтіп, бес жыл бұ­рын тұрған кезегімнен айырылып, 2004 жылы баспана кезегіне қайта қосылдым», – дейді Гүлнәр Жұманова. Арада 20 жыл уақыт өткен. Үлкендері ер жетіп, оқуларын аяқтап шаңырақ көтерген. Үлкен ұлы елордаға жұмысқа орналасып, мекеме талабына сай сонда тіркеуге отыр­ған.  Бұл баспана алуға да кесірін тигіз­ген. «2019 жылы тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шылығынан телефон шалып, кезегім жеткенін айтып, бөлімге келуімді сұра­ды. Бірден жетіп бардым. Ұлымның тіркеу­ден шығуына байланысты бұл үйге жазыл­май­тынын айтты. Маған екі бөлмелі пәтерді бермек болды. Бірақ олардың айтуынша, менің басымда ешқандай мүлік болмауы тиіс екен. Сөйтіп, бөлім мамандары маған атымдағы жатақхананы тұрғын үй-комму­нал­дық бөліміне «сыйлық құжатпен» бе­руім­ді сұрады. Ал оны бермесем, кезекпен ке­ліп тұрған қос бөлмелі пәтерден айырыл­мақпын. Үйге барып ойланбақ болдым. 85 жастағы анаммен ақылдасып едім, ол «осы қинал­ғаның да жетер, екі бөлмелі пәтер бол­са, соны алғаның жөн» деді. Қолдың қыс­қалығынан заңгерлерден де кеңес алуға мүм­кіндігім болмады. Содан тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шылық бөлімінің ғи­маратында маман­ның айтқанын жазып, жатақ­ханамды «сый­ға» бердім. Бірақ «сыйға» берген жатақ­ханамның жалда­малы тұрғын үйдің қарызын азайтуға еш септігі тимеді», – дейді Гүлнәр Ақпарқызы. Арада екі ай өткенде барып «сыйға» берілген жатақхананың орнына әкімдік Сарыарқа шағынауданынан 15/6-үйдің 16-пәтерінен тұрғын үйдің келісімшарт құжаттары мен кілтін берген. Баспананың дауымен басы қатқан әйелдің қиындығы мұнымен  бітпепті. Жалдамалы пәтерді жеке­шелендіруге рұқсат берілмеген.  Ал тұрғын үй мүлдем сапасыз салынған. «Екі бөлмелі пәтерді алғаныммен үйіміз сапасыз болып шықты. Қабырғалары жа­рылып, балконымның төбесі құлауға шақ қал­ған. Электр розеткілері дұрыс істемейді. Үйде ер адам болмағандықтан, оны да жөн­дей алмадым. Көмек сұрап баяғы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне бардым. Олар құрылыс бөліміне жіберді. Сөй­тіп, бірталай уақыт өткенде келіп жөн­деген болды. Ал сыртынан сылап қойған жа­рық­тары сапасыз жасалған. Әжет­хана­дағы ванна мен унитаз, асүйдегі кранымыз, бөлмелердің есіктері түртіп қалсаң, құлағалы тұр. Әлі күнге үйге газ баллон қолданамыз. Ал үйдің құжат­тарында газ тартылған деп тұр», – дейді Г.Жұманова. Расында да, тұрғын үйді пайдалануға беру және техникалық құжаттарында газ тар­тылғаны көрсетілген. Бірақ табиғи газдың құбыры орнатылғанымен, газ қо­сыл­маған. Аталған жайды біз Көкшетау қала­лық құ­рылыс бөлімінен білмек болдық. Мемлекеттік мекеме басшылығы құрылыс­ты салған мер­дігер компанияның кінәсінен болғанын мо­йындап, жақын арада кемшіліктің түзе­тілетінін мәлімдеді. «Аталған тұрғын үй 2017 жылдың 10 сәуірінде салына бастаған. Үйді Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен «Эксперт Арсенал» мердігер компаниясы салған. 2019 жылы салынып біткен үйді тұр­­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы бө­ліміне тапсырып, үй баспана кезегінде тұр­ған адамдарға бөлініп берілді. Бей­неүндеуде негізінен үйде газ баллонын қолданатыны және газбен қамтылмағаны айтылған. Бұл уақытша екенін айтқым келеді. Бүгінде біз газбен қамту бойынша ескертпелерді жойып жатырмыз. Бізде «ГазСтройСервис» ЖШС-нің ескертуі бар. Аталған ескертулер тұрғын үй пайдаланылуға берілгеннен кейін анық­тал­ған. Газ тарту бойынша айтылған ескер­тулерді мердігер компания ескеріп, кем­шіліктерді ерікті түрде немесе мәжбүрлі түрде түзететін болады, – дейді Көкшетау қаласы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбар Сауытбеков. Ал баспана алу үшін жалғызбасты ана­ның меншігіндегі жатақхананың неліктен «сыйға» берілгенін тұрғын үй-комму­налдық шаруа­шылық бөлімінен сұрадық. «1969 жылы туған Гүлнәр Жұманова 2004 жылы пәтер кезегіне тұрған. Тұрғын үй кезегіне қойған кезде оның меншік құқы­ғында Елемесов көшесі 67-мекен­жайдағы жатақханада 306-бөлмесі болды. Гүлнәр Жұманова өз қолымен кезекпен пәтер алған жағдайда мемлекетке жатақ­ханадағы бөл­месін беруге міндет­телетіні туралы өтініш жазған. Аталған бөлме қазір    І топтағы мүге­дек адамға беріл­ген. Бөлменің санитарлық-техникалық жағ­дайына және тұрғын үй алаңының кеңейту шартымен тұрғын үй комис­сия­сының шешімімен Гүлнәр Жұма­новаға екі бөлмелі пәтер берілді,– дейді Көк­шетау қала­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімі тұрғын үй секторының мең­герушісі Жанаргүл Баймұқанова. Қолда бар мүлкінен осылайша айырылып қалған Гүлнәр Жұманова мәсе­ле­нің шешімін табуға құқық қорғау орган­дары мен қала басшылығы көмектессе дей­ді. P.S.

Ақпанның 6-ы күні осы үй тұрғындары­ның қатысуымен жиын өткізілмек. Оған қала әкімі Амангелді Смайылов шақырылыпты. Гүлнәр Жұманованың айтуынша, үй аламын деп баспанасынан айырылған адамдар бар. Бірақ Үкімет үйін тартып ала ма  немесе жұмысынан айырылып қаламын ба деп қорқып айтудан қашқақтайтын көрінеді. Біз алдағы уақытта да аталған жайттың қалай аяқталатынын назарда ұстаймыз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы