Шыны зауытына «көз тиген»
Шыны зауытына «көз тиген»
232
оқылды

Осыдан 6 жыл бұрын Қызылорда облысында іргетасы қалан­ған шыны зауытының жыры әлі бітер емес. Бұл өндіріс орны 2 жыл­дың ішінде салынып бітуі тиіс болғанымен, құрылыс жұ­мыстары тым ұзаққа созылып кетті.

Елімізде теңдесі жоқ ірі өндіріс орны бастапқыда EXPO-ны отандық әйнектермен қамтамасыз ететін бол­ған. Бірақ сенім артқан зауыт үмітті ақтамады. Қазір құрылыс жұмыстары қай деңгейде жүріп жатыр және біз отандық әйнектерді қашан қолдана бастаймыз? Көпті мазалаған осы сауал­дың жауабын берген Қызылорда облыстық Индустриялық-инно­вация­лық даму басқармасының бас­шысы Ринат Сұлтангереев «бұл за­уыт­қа көз тиген» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Асыра сілтегеніміз емес, жауапты басшылықтың өзі осы­лай дегені оның күдер үзгені ме деп қалдық. – Шыны зауыты төңірегінде көп­теген әңгіме айтылуда. Өзім басқар­маны басқарып отырғаннан кейін шыны зауытына көз тиген деп ой­лаймын. Қазір құрылыстың 70 па­йызы аяқталған. Қажетті құрал-жаб­дықтар орнатылды. Тек балқыту ван­насы мен күйдіру пешін салу жұ­мыс­тары қалды. Ол жұмысты жүргізуге наурыз айында Қытайдан 147 маман келеді. Айтыл­ған жұмыстар толық аяқталған соң  зауыт екінші жартыжылдықта іске қо­сылады деген үміттеміз. Сонымен қатар өндіріс нысаны жанынан ілес­пе 8 зауыт ашу жоспарда бар, – деді ол өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін зауыттың тұралап қалуына пан­демия себеп болған. Құрылыстың бас­талғанына 6 жыл өткенін ескер­сек, «коронавирусқа дейін мұны іске қосуға не кедергі болды?» деген сауал тағы мазалайды. Мұның да жауабын берген Р.Сұлтангереев: «2020 жылға дейін қандай жағдай болғанын бә­ріңіз білетін шығарсыздар?! Ондай жағ­дайда құры­лыс жұмыстары тоқ­тай­ды» деп сөздің төркінін астарлап жеткізді. Бұған дейін зауыт төңірегінде болған  оқиғаны тарқатсақ, ең алдымен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаевтың ісі еске түседі. Содан кейін бұл жобаның тағ­дыры тығырыққа тіреліп, құрылыс жұмысы тұралады. Көп ұзамай орта жол­да мердігер ауыс­ты. Бұған қатыс­ты кезінде Инвестиция комитетінің төрағасы С.Тұяқбаев: «Біз ме­ха­низмін таптық, яғни жаңа ком­пания басты мердігер емес, басты мерді­гердің консорциум мүшесі бола­ды. Компанияны ауыстыру консор­циум­­ның бұрынғы келісімшартына еш әсер етпейді. Сол себепті механизм бар және сол бойынша осы мәселені шешетін боламыз. Нысанды уақы­тында өткіземіз, құрылыс қайта жан­данады» деген. Одан кейін «Бәйтерек» холдингі­нің бұрынғы басшысы Е.Досаев та Қызылордадағы шыны зауытын тезірек пайдалануға беру керегін айтты. Сон­дай-ақ 2017 жылдың 17 ақ­пан күні ел­орда төрінде өткен бри­фингте Қызыл­орда облысының экс-әкімі Қырымбек Көшербаев: «Ағым­дағы жылы күзде, бәлкім қазанда немесе қараша айында шыны зауы­тын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Аталған кәсіпорында негізгі құрал-жабдықтың бәрі бар. Меніңше, «Бәй­терек» ұлттық xолдингі, инвес­тициялық қор, Қазақстанның даму банкі және инвестормен бірлесіп, ол зауытты қазанда, әрі кетсе, қараша айында іске қосамыз. Себебі ондай өндіріс облысқа ғана емес, ел эко­номикасына ауадай қажет» деген еді. Одан кейін бұл шыны зауыты алғаш­қы өнімін елорданың 20 жылдық тойы қарсаңында шығаратын болды. Содан бері «әне, боп қалды, міне, боп қалды» деумен үзіліп-созылып келе жатқан бұл жоба талай басшының бас ауруы болып тұрғанын байқаймыз. Бүгінде құрылыс басталғалы 6 жыл­дай уақыт өтсе де, әлі созылып кетті. Бұған дейін Қызылорда облысын бас­қарған Қ.Көшербаев пен Қ.Ысқа­қов іске қоса алмаған зауыттың жүгі енді қазіргі әкім Г.Әбдіқалықоваға артылды. Облыс әкімі бір сұхбатында шыны зауыты алдағы уақытта толы­ғымен іске қосылатының жеткізген болатын. – Шыны зауытының айналасын­да 8 зауыт, ілеспе зауыт саламыз деп жоспарладық. 3 зауыттың жобасы, бизнес-жоспарлары нақтыланды. Кәсіпкерлер қызығушылық білдіріп отыр. Мысалы, шыныдан жасалатын ыдыстар. Екінші зауыт – айна жасау зауыты. Үшінші зауыт – шыны тал­шығы. Бұл құрылыста көп пай­даланылады. Бұл үш зауыттың өзі ша­мамен 15-16 млрд инвестиция тар­тады екен, – деді ол. Біраз жыл инвесторлар арасын­дағы мәселеге байланысты құрылыс мерзімі кешіккенімен, тұралаған жұ­мысқа биыл жан бітпек. «Жоғары техно­логиялық зауыт құрылысы аяқ­тал­са, смартфондар мен планшеттерді күн сәулесінен қорғайтын панеліне арналған шыны және басқа да қа­жетті заттар осы өндіріс орнында жа­сап шығарылады», – дейді атқамінерлер. Ал біз оны уақыт еншісіне қалдырдық.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ, Қызылорда облысы