Петропавлда жоғалған 12 жастағы бала табылды
Петропавлда жоғалған 12 жастағы бала табылды
132
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 ақпан күні Петропавл тұрғыны сағат 17.00 шамасында полицияға хабарласып, баласының жоғалғанын айтқан.

12 жастағы ер бала үйіндегілерді ескертпей шығып кеткен. Баланың белгілері Петропавл қалалық басқармасының барлық жеке құрамына таратылды. Жасөспірімді іздестіруге ювеналды инспекторлар, учаскелік инспекторлар, тергеушілер мен патрульді полицейлер жұмылдырылды. Баланың жоғалғаны жайында ақпаратты волонтерлер әлеуметтік желілерге, танымал пабликтерге орналастырды. Жоғалған баланы полицейлер екі сағат шамасында аман-есен тауып, анасына табыстады. Жасөспірім таныстарының үйінде болған екен. «Полицейлер мен волонтерлер жоғалған адамды тез арада іздеп табуда тиімді тетік қалыптастырған. Әлеуметтік желіге хабарландыру орналастырып, ақпараттық қолдау көрсету – полиция жұмысын біршама жеңілдетеді. Сондай-ақ волонтерлер іздеу жұмыстарына да қатысады. Алайда биылдыққа олардың көмегіне жүгінгеніміз жоқ. Жыл басынан ата-аналардан балаларының жоғалғаны жөнінде 9 хабарлама түсті. Олардың барлығында полицейлер жасөспірімдердің жүрген жерін қысқа мерзімде анықтап, ата-аналарына тапсырды», – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.