Мерейтойға идеологиялық тұрғыда қарау қажет
Мерейтойға идеологиялық тұрғыда қарау қажет
161
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Қазақстан тәуел­сіздік жылдарында Елбасының көшбасшылығымен барлық қиын­дықтан өткенін, қуатты мем­ле­кеттің іргесін қалағанын, енді еге­мендіктің төртінші онжылды­ғына қадам басқанын, бұл еліміз үшін аса маңызды кезең екенін атап өтті. Мемлекет басшысы ел тари­хындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін баса айтты. Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынатынына тоқталды. – Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұс­таным болуы шарт. Себебі өңір­лердің бәрі орталыққа бейімделіп жұмыс істейді. Сіздерден бағдар алады. Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғын тек мерейтой деп санауға бол­майды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек, – деді Пре­зидент. Мемлекет басшысы қазір за­ман басқа, адамдардың санасы айтарлықтай өзгергенін, оған қоса бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты. Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жа­сайтын уақыт емес екенін, тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқтығын қадап тұрып жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағ­дайына баса мән беру керегін, ел­дің тұрмысы түзелмесе, жетіс­тік­терді мақтан етудің қажеті жоғын атап өтті. – Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жо­басын дайындап жатыр. Кодекс азаматтардың, әсіресе көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі. Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қа­ғи­дасын берік ұстануы тиіс. Аза­маттардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отан­дасымыз күнделікті тірші­лігінде сезіне алатын болса – мақ­сатымыздың орындалғаны, – деді Мемлекет басшысы. Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын осыған дейін қолға алған реформалар аясында ұйым­дастырған абзал екеніне тоқталды. Бұл ретте саяси реформаның үшін­ші кезеңін жүзеге асыру жал­ғасады. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылданады. Алдағы он жылда елдің жаңа келбеті және ұлттың жаңа болмысы қалыптасуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев эко­номикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ елге жасаған ең үлкен сыйы­мыз осы болатынын баса айтты. – Бүгінде біз іске асырып жат­қан елімізді жүйелі түрде жаңғырту жұмысы адамдардың қоғамдағы, экономикадағы, мәдениеттегі мүмкіндіктерін ашуға бағытталған. Мемлекеттік жоспарлау мен бас­қару салаларындағы соңғы өз­герістер де осы мақсатты көздейді. Біз өңірлік деңгейдегі теңсіздіктер мен кедергілерді біртіндеп жоя­мыз. Өйткені бізге қуатты тәуелсіз Қазақстанды құру үшін аймақ­тардың бәсекеге қабілетті болып, әр ауыл мен қаланың тұрақты да­мығаны керек, – деді Мемлекет басшысы. Президент 2025 жылға дейін 5 триллион теңгеге бағаланатын мемлекеттік активтерді жекеше­лендіру арқылы кәсіпкерлік сала­сының әлеуетін айтарлықтай арт­тыра алатынымызды атап өтті. «Халықтық IPO» бағдарламасын жаңғырта отырып әрбір қа­зақ­стандықтың ұлттық байлы­ғы­мыздың бір бөлігіне ие болуына және отандық экономиканың көшбасшыларын дамытуға өз үле­сін қосуына мүмкіндік жа­сай­мыз. Мемлекет басшысы адам ка­­пи­талының сапасын арттыру біз жүр­­­­гізіп отырған саясаттың негізгі бөлігі екенін жеткізді. Айтулы мереке кезінде ат­қа­рылатын шаралардың дені жас­тарға арналуы – Президент қойған басты талаптың бірі. Себебі елде не жасалса да, бәрін болашақ ұр­пақ үшін жасалуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық бел­сенділігі өте жоғары, жастардың құлшынысы зор екенін айта келе, осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсаттарға жұмыл­дыру қажеттігіне тоқталды. – Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олар­дың тұрақты кәсіп табуына көмек­тесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағ­дарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мем­­лекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-наси­хатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет, – деді Мемлекет басшысы. Қазір жастар саясатына қа­тысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Енді жергілікті мем­лекеттік органдарды бағалау көр­сеткішіне «Жастардың даму ин­дексі» қосылады. Бұл осы ба­ғыт­тағы шаралардың тиімділігін арттырады. Президент жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн екенін атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыс­тар­ды жүйелеу үшін әр бағыт бойын­ша бытыраңқы жүзеге асы­рылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыруды тапсырды. Ал оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйым­­дарын, азаматтық белсен­ділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек. – Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент талантты жас­та­­­ры­мыздың креативті экономика құрудағы рөлінің маңызына назар аударды. Өйткені креативті ин­дустрия әлемдік экономикада ең жылдам дамып жатқан сегмент. Дамыған мемлекеттерде аталған сала ішкі жалпы өнімнің 10 пайы­зын құрайды. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын ойлас­тыруды тапсырды. Президенттің пікірінше, оның негізін қалаушы бөліктің бірі ғылым, мәдениет және заманауи шығармашылық салалары бойынша Ұлттық білім хабы болуы қажет. «Таланттар фабрикасы» іспетті бұл орталық еліміздің барлық өңірлеріндегі дарынды жастардың кәсіби ма­­мандардан білім алып, олардың шеберлік сағаттарына қатысуға жол ашады. – Біз ел дамуына жас та­ланттарымыздың белсене арала­суына баса назар аударуымыз керек. Олардың әрқайсысы Ота­ны­мыз жеткен жетістіктерге қа­тысы бар екенін сезініп, табыс­тарын мақтан тұтуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол үшін біздің қоғамда да меценаттық пен қайырым­ды­лықтың дәстүрін біртіндеп да­мыту қажет. Мемлекет басшысы бүкіл әлем­де ұжымдық ын­ты­мақ­тас­тықтың бір түрі ретінде крауд­фандинг бағытының таны­лып келе жатқанын тілге тиек етті. Оны аза­­­маттардың қоғамдағы өзекті проблемаларды шешуге қа­­тыс­тырудың негізгі бағытының бірі ретінде бағалады. Сонымен қатар Astana Hub технопаркінің база­сында бірыңғай краудфандинг тұ­­ғырнамасын жасаудың мүмкін­дігін қарастыруды ұсынды. Токаев Мемлекет басшысы қолға алы­­натын шаралардың барлығы өзара көмек мәдениетін қалып­тастырып, елімізді дамытуға жас­тардың тікелей атсалысуына ба­ғыт­талатынын айтты. Сонымен қатар тәуелсіздік ұрпақтары Қа­зақ­станды әлемдегі бәсекеге қа­білетті елдердің біріне айнал­ды­ратынына сенетінін жеткізді. Президент 30 жылдыққа бай­ланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажеттігіне тоқ­талды. Бұл ретте руханият са­ласындағы жұмыс бірнеше ба­ғыттан тұрады. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұл­ғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыстың бірі. – Биылғы мерейлі жылға бір­неше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жам­­былдың – 175, Алаш арысы Әли­хан Бөкей­хановтың – 155, күш атасы Қажы­мұқанның – 150 жыл­дығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен әл-Фарабидың мерей­тойларын өте мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ биыл Семей поли­гонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы ядролық сынаққа тыйым салу арқылы өз тағдырымызға өзіміз жауап бере алатынымызды көр­сетіп, еліміздің әлемдік антия­дролық қозғалыстың көшбас­шысына айналғанын айтты. Сондай-ақ мемлекеттік ны­шандарға құрмет отаншыл­дықтың көрінісі екенін, осы орайда, ел рәміздерін қолдану ережесін қайта қарауды тапсырғанын, қасиетті көк байрақты үй сыртына және басқа да көрнекті жерлерге ілуге тыйым салуға болмайтынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін меңгеру біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам деп бағалады. Сондықтан тіл үйренуге талпынған отан­дас­тарымызды бәріміз қолдауға ша­қырды. Президент ана тілімізді дамыту жайындағы ойын латын графи­касындағы қазақ әліпбиімен түйін­деп, латын қарпіне көшіп жат­қанымыз тәуелсіздіктің жемісі деп бағалады. Мемлекет басшысы елдегі көрікті жерлердің жыл өткен сайын жұтаңданып бара жатқа­нына алаңдап, «Таза табиғат» жо­басын жүзеге асыруды ұсынды. Экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы шарт екенін жеткізді. Осы ретте Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өту туралы ойымен бөлісті. – Бабаларымыз әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жал­ғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйым­дас­ты­руы­мыз қажет. Бұл – ата салтымыз әрі ұр­паққа эко­логиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы, – деді Президент. 30 жылдық белестің мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу де маңыз­­ды бағыттың бірі. Тәуел­сіздік ме­­­­­­рекесінің тұжырымдамасы «Жа­­сам­­­­­­паздыққа толы жылдар» деп аталады. Сондықтан жасам­паздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелеу барысында тәуелсіз Қа­зақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Пре­­­зидентіміздің тарихи рөлі ерекше аталып, Елбасы сая­сатының са­­­бақтастығы барлық іс-шара­­лардың идеологиялық өзегі болуы шарт екенін атап көрсетті. – Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақ­­­­паратты ұсынып, жұртты тар­­татын жаңа стильді, жаңа форма­тты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құр­­­ғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған ма­даққа толы мақалалардан еш қайыр болмай­ды, – деді Мемлекет басшысы. Сөзін қорытындылай келе Пре­зидент Үкіметке респуб­л­­калық штабпен бірлесіп, аталған ұсы­ныстарды Мерекелік жоспарға және Идеологиялық картаға ен­гізуді тапсырды. Сонымен бірге мемлекетті нығайтуға, елімізді да­­мытуға үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсетілетінін, мереке қарсаңында «Қазақстан Республикасының 30 жылдығы» мерейтойлық медалі шығары­латынын айтты. – Тәуелсіздік – ең басты құн­дылығымыз және ол бәрінен қым­бат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қа­зақстанды аманаттау, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.