Кез келген адам үшін баспана – басты мәселе. Елдегі ең үлкен мегаполис болғандықтан бұл мәселе Алматыда да айқын сезіледі. Тұрғындарды жайлы баспанамен қамтамасыз ету үшін түрлі бағдарламалар қарастырылған. Алайда қазір шаһарда халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары үшін салынған жалға берілетін пәтерлер бос тұр. Қоғам белсендісі Аида Боқаева «Жас қанат» ықшамауданында тұрғын үй мемлекеттік бағдарлама бойынша салынғанымен, аз қамтылған отбасыларға берілмегенін айтады. Себеп не?
«Бұл тұрғын үй сатып алу құқығынсыз, ипотекаға баспана сатып алуға қаражаты жоқ, яғни аса мұқтаж жандарға берілуі керек. Егер адам бұл үйге шын мұқтаж болса, ол бірер сағатта-ақ көшіп алар еді. Бос тұрған екі үй керісінше. Ең қызығы, осы үйлерден 120 мың теңгеге бос пәтерді жалға алуға болады. Қаламыздың тұрғыны мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтерді аз қамтылған отбасы ретінде алып, оны жалға береді. Келісімшартты алып, тұрмысы төмен және мұқтаж азаматтарға арналған тұрғын үйде тұратын адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттармен салыстыру қажет. Ол үшін әкімдік қызметкерлерінен жұмыс тобын құрып, тексеру жүргізу керек», – дейді Аида Боқаева. Біз мәселенің мән-жайын анықтау үшін «Жас қанат» ықшамауданы орналасқан Түрксіб ауданы әкімдігіне хабарласқанбыз. Жауапты қызметкерлер бұл Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасына қатысты сауал екенін жеткізді. Ал тиісті мекеме қызметкерлері «Жас қанат» ықшамауданындағы 1/86 және 1/87-үйлерден 80 пәтер бөлінгенін, 2021 жылдың 28 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, 40 пәтер иесімен жалға алу келісімшарты жасалғанын, ал 40 пәтердің бос тұрғанын растады. «13 ипотекалық бағдарламаға қатысуға ниет білдірген азаматтар пәтердің ауданымен келіспей, пәтерден бас тартты. Аталған пәтерлер осы санаттағы келесі кезекте тұрған азаматтарға қайта бөлінеді. Ал 27 адам келісімшартқа қол қоюға келген жоқ. Оларға басқармаға келу туралы ескерту қағазы жіберілді. Егер олар ескерту қағазын алып, басқармаға келмесе пәтер кезектегі басқа азаматқа беріледі. Таяу мерзімде бұл пәтерлерге қатысты тиісті шешім қабылданады. Коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілген пәтерлерді үшінші тарапқа жалға өткізу туралы мәселе жеке немесе заңды тұлғалардың сәйкес шағымы бойынша тексеріледі», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының қызметкерлері. Өткен жылы Алматыда пәтерге мұқтаж 2 184 отбасы баспанаға қол жеткізді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша – 289, «Бақытты отбасы» – 376, «Шаңырақ» – 250, «Алматы жастары 3.0» – 1 000, «ТҮҚЖБ-ның несиелік тұрғын үй желісімен» – 360 адам. Қаңтар айындағы мәлімет бойынша, Алматыда 2 500-ге жуық аз қамтылған отбасы пәтер алу кезегінде тұр. Олардың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар. Байқап отырғандай, мемлекеттік бағдарламамен жалға берілетін пәтерлерді сатып алу құқы жоқ. Сондықтан бұл көптеген отбасы үшін тығырықтан шығар жол болмай тұр. Өйткені жалдау келісімшарты алдағы уақытта жалғаса ма, әлде тоқтатыла ма, сенім жоқ. Сол себепті ақыры жалдап тұратын пәтер болған соң көбі жеке пәтер иелерімен өзара келісім жасап, пәтер жалдауға ынталы. Олардың басым бөлігі салық төлемейді. Мемлекеттің «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етудегі басты мақсаты – көпбалалы отбасылардың тұрғын үй, қалада тіркеуде болу мәселесін шешу. Сондай-ақ банкке ай сайын жарна түсіп, салық төленеді. Осылайша, көлеңкелі айналымдағы ақшаны мемлекет қазынасына қарай бұру да көзделген. Дегенмен «Жас қанат» ықшамауданындағы жалға берілуі тиіс 80 пәтердің 40-ы бос тұруы – бұл бағдарламаның шикі екенін білдірмей ме? Әлде, бұл кейінгі жылдары қалай болса солай салынған, алды қисайып, тұрғындары пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған сапасыз үйлердің көбеюінің салдары ма? Қалай дегенде де, бұл баспана салуда санға емес, сапаға мән берілуі керегінің тағы бір дәлеліндей.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ