Биыл – «Балалар әдебиеті» жылы. Балалар әдебиеті – ұлттық мәдениетті сақтаудың, ана тілінің байлығын арттырудың таптырмас құралы. Балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан қазақ қаламгерлерінің көбі өмірден өтіп кетті. Ал жастардың арасында балалар әдебиеті жанрына қалам тартып жүргендер некен-саяқ. Бар болса да, насихаты кемшін. Мұндай қарқынмен «Балалар әдебиеті» жылында әдебиетті дамытуға үлес қоса аламыз ба?
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Президент өз мақаласында балалар әдебиетіне ерекше мән беріп: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн» деген еді. Осы орайда, министрлік 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялады. Бұған сіздердің де қосатын үлестеріңіз зор деп білемін. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар бойынша министрлік 1 ақпаннан 1 мамырға дейін құжаттар қабылдайды. Қазір кітап шығару және қаламақы төлеу мәселесі жолға қойылды» деген болатын. «Балалар әдебиетін» дамытудың ілкі қадамы кітап шығарумен ғана шектелмейтіні анық. Рас, бұған дейін қаламгерлердің дені «балаларға арналған кітаптар өте аз. Тапсырыс жоқ. Балалар әдебиеті үлкен әдебиеттің көлеңкесінде қалып қояды» деген пікірді жиі айтып жүрді. Өкінішке қарай, қазір «кітабым шықпай жатыр» деп жүрген балалар ақыны не жазушысын байқамайсың. Өйткені балалар әдебиетіне қалам тербейтін жазушылар да көп көрінбейді. Балалар әдебиеті десе, кеңестік кезеңдегі әдебиет ғана еске түседі. Оның өзінде Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Сұлтан Қалиев, Ескен Елубайдың есімдері жиі аталады. Көпшілік әлі күнге «Менің атым Қожаны» іздейді. Мұның бір себебі, заманауи балалар әдебиеті қалыптаспай отырғаны. Өткен жылы сенатор Нұртөре Жүсіп: «Халықтың рухани ахуалын балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу керек. Балалар әдебиеті дұрыс өркен жайғанда ғана мемлекеттік тілдің тұғыры берік болады. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады. Қазір әлемде полиграфия жақсы дамыған, дизайн мен графиканың уақыты. Қазақстандағы баспалар жұмысы халықаралық стандарттарға сай келмейді. Халықаралық тәжірибеге сүйену керек. Шетелде автор, иллюстратор, баспагер, әдеби агент – тұтас шығармашылық топ күш біріктіреді» деп депутаттық сауал жолдаған еді. Сенатордың сауалынан кейін сең қозғалғандай. Былтырдан бері балалар әдебиетіне көңіл бөліне бастады. Жазушылар одағы басқармасы жанындағы балалар әдебиеті кеңесі бар. Кеңесті басқаратын Нұрдәулет Ақыштың айтуынша, балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген жас жазушылар бар. Өкінішке қарай, «олардың насихаты кемшін. Олардың көпшілігі өз қаржысымен кітаптарын шығарып жүр. Тіпті, кейбірі белгілі бір ортада ғана танымал», – дейді. Нұрдәулет Ақыш «балалар әдебиеті жоқ, жазылмайды» деген жаңсақ пікір» дегенді алға тартады. «Балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар жетерлік. Олардың қатарында Алмат Исәділ, Мәдина Омар, Бейбіт Сарыбай, Мейіржан Жылқыбай, Әлібек Байбол, Елдос Тоқтарбай, Әдина Жүсіп, Зәуре Төрехан және т.б. жастарды айтуға болады», – дейді ол. Жыл басында Жазушылар одағы басқармасы жанындағы балалар әдебиеті кеңесінің отырысы өткен. Отырыста атаулы жылы атқарылатын іс-шара төңірегінде мәселе қозғалыпты. «Бірінші кезекте «Балалар әдебиетінің бүгінгі жай-күйі, даму тенденциясы» деген пленум өткізейік деген ұсыныс жасадық. Секретариат бұл ұсынысты қабылдайтын шығар деген ойдамыз. Екіншіден, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен келісе отырып, жаңадан шығаруға болатын кітаптар тізімін әзірледік. Оған ауыз әдебиеті шығармаларын қоса есептегенде, 1 500-дей кітаптың тізімі енді. Мұны әрі қарай мемлекеттік комиссия өзі іріктей жатар. Тізімге қазақ балалар әдебиетінің классикалық шығармалары да енгізілген», – дейді Нұрдәулет Ақыш. «Бала тілі – бал» дейміз. Бала тіліне лайық шығарма жазу да оңай емес. Бастауыш сынып оқулығына енетін шығармаларды да күрделендіруге болмайды. Күрделі дүниені бала санасы қабылдай алмайтыны тағы бар. Балалар әдебиетіне қойылатын негізгі шарт – қарапайым болуы тиіс. Әрі ұғынықты болғаны жөн. Сосын әдебиеттің дамымай отыруының бір себебі – насихат кемшін. Ол үшін ынталандыру қажет. Балалар ақыны Серікбол Хасан «қазақ қаламгерлерінің классикалық шығармаларын қайта шығарған дұрыс» деп есептейді. «Бұл бағытта жазушы Арман Әлменбет қолға алған Qasym кitaphanasy жобасы балалар мен жасөспірімдерге қазақ авторларының шығармалары мен шетел жазушыларының қазақша аудармаларын жинақтап, топтама ретінде оқырмандарға ұсынып келе жатыр. Сол секілді жазушы Қанат Әбілқайыр шетелдік классиктер Жюль Верн, Купер Фенимор, Чарлз Диккенс, Роберт Льюис, Джон О.Килленстің қазақшаға аударылған еңбектерін қайта шығарды. Ал қазіргі заманның шетел қаламгерлерін Steppe & World баспасы қазақ оқырмандарына таныстырып келеді. Бұл бағытта біраз жұмыс істеліп жатыр. Осындай оқырманды ойлаған ойлы азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, құба-құп болар еді», – дейді ақын. Ол бұрынғы және қазіргі қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларын кітап дүкендері сөресіне, кітапханаларға жеткізіп, барша жұртқа қолжетімді ету қажет екенін, балалар әдебиеті туралы мәселенің қайта-қайта көтеріле беретіні сондықтан дегенді айтып отыр. Серікбол Хасан: «Олар қолжетімді емес, кітап сөрелерінен таппайсың. Бары ескіріп, кітапханалар төрінде қалып қойды. Жаңаланып қайта шығып жатқан жоқ. Мысалы, қазақ әдебиетінің классигі Мұзафар Әлімбаевтың 1982 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Аспандағы әпке» кітабын неге қайтадан жаңалап шығармасқа? Себебі қазақ балалар әдебиеті тарихында мемлекеттік сыйлық алған жалғыз шығарма – «Аспандағы әпке». Мұзағаңа дейін де, одан кейін мемлекеттік сыйлық алған балалар жазушысы болған жоқ. Балалар әдебиетінің классиктері жазған іргелі шығармалар қайта шыққаны дұрыс. Себебі олар әлі де қаншама буынға рухани азық болып келе жатыр. Алайда қазіргі бала шығармадан өз ортасын, өз қоғамын, өз замандасын көргісі келетінін де ұмытпау керек. Ал жаңа авторлар, жаңа шығармалар дүниеге келу үшін балалар әдебиетіне мемлекеттің қолдауы ауадай қажет. Балалар әдебиетін дамыту тек балалар қаламгерлерінің ғана міндеті емес. Бұл үшін бірнеше саланы дамыту қажет болады» деген пікірді алға тартты. Жақсы шығарма өтімді болу үшін жақсы иллюстрация қажет екенін жазушылар текке айтып жүрген жоқ. Ал иллюстрациясы ерекше кітаптардың құны да жоғары. Оны әсемдеп шығаруға қаламгердің қалтасы көтермейді. Балаларды сұрқай, сүреңсіз дүниемен қызықтыра алмайсыз. Одан бөлек, әсем иллюстрацияға мазмұны да сай келіп тұрса, құба-құп. Сондықтан «Балалар әдебиеті» жылында министрлік осыны ескергені жөн.Гүлзина БЕКТАС