Мемлекет басшысы 2020 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында суармалы жерлердің көлемін 3 млн гектарға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Ал ол үшін жаңа су қоймаларын салу керек. Жақында осы мәселеге қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларды шешу перспективалары» тақырыбындағы Сенаттағы үкіметтік сағатта мәлімдеме жасады. Министрдің сөзінше, еліміздің тоғыз өңірінде 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр.
Су қоймалары Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында салынбақ, олардың көлемі жылына 3,6 млрд текше метр болады деп жоспарланған. Ол үшін 115 млрд теңге қажет екені айтылды. Жалпы, қазір ел аумағында 309 су қоймасы бар, оның 83-і мемлекеттікі, 191-і коммуналдық, 35-і жекеменшікте екен. 31 су қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Су қоймасын салудағы мақсат – көктем сайын су тасқынынан зәрезап болатын 70 шақты елді мекендегі қауіпті сейілту. Оған қоса су қоймалары 394 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуге, сол арқылы ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға жол ашылмақ. Қазірде өзекті мәселе трансшекаралық өзендердің су көлеміне тәуелділік осы арқылы шешілетін көрінеді. Жоспардағы су қоймаларын салсақ, Қырғыз елінен 30 пайыз, Өзбекстаннан 25 пайыз, Ресейден 15 пайыз тәуелділіктен құтылмақпыз. Қош делік, жалпы су қоймалары Аустралиядан басқа бүкіл дүниежүзінде бар. Бірақ соңғы уақытта АҚШ су қоймаларын керісінше бұзып жатқан көрінеді. Себебі 2017 жылы Калифорнияның 200 мыңға жуық тұрғыны Оровилл қаласындағы Америкадағы ең биік бөгеттің бұзылу қаупіне байланысты жаппай эвакуацияланған болатын. Осы сияқты апаттық жағдайдағы су қоймаларының қауіп төндіруі жиілеп кеткен екен. Алыстан арбаламай-ақ, былтырғы Сардоба су қоймасында болған оқыс жағдайды да мысалға келтіруге болады. Яғни, су қоймаларының жоғарыда айтып өткен пайдасымен қоса, қауіпті тұстары да бар. Осы ретте «су қоймаларының құрылысы қаншалықты сапалы болады, оны тікелей бақылауға алатын құзырлы органдар бола ма?» деген сұрақ туындайтыны анық. Тасқыннан қашып, тасқынға тап болмасымызға кепілдік бар ма?Экожүйені бұзып алмаймыз ба?
Су қоймаларының пайдасы жетерлік. Суды тоқтатуға, жинақтауға, сол арқылы егін егу секілді түрлі мақсатта жаратуға болады. Дегенмен мамандар мұның зиянды жағын да айтпай кетуге болмасын ескертеді. Басты мәселе – су қоймалары көбейген сайын табиғаттағы тепе-теңдік бұзыла береді. Осы уақытқа дейін қоймалардың кері әсерін айтып келген техника ғылымының докторы, профессор Мәлік Бөрлібаев түптеп келгенде Арал теңізіндегі табиғи апатқа теңіз бассейнінде салынған су қоймаларының каскады себепкер болғанын жеткізді. Сол сияқты Балқаш көлінің мәселесіне Қапшағай су қоймасы мен Қытай аумағында Іле өзенінің бассейнінде салынған 7 ірі су қоймасының кесірі тиіп отыр. Негізі, өзен-көлдерге қатысты проблемалардың ушығуына көрші елдердің су қоймалары арқылы суды бөгеп отырғаны талай айтылды. Қарапайым тілмен баяндасақ, мәселе мынада – су қоймалары табиғи процестерді тежеген соң балықтар уылдырық шашуын азайтып, биологиялық өнімділік бәсеңдейді. Жағалаудың жойылуы, құм көшкіні пайда болып, жердің тұздануына да тікелей су қоймаларының көбеюі себепкер. Осы баяндаған табиғи апаттың бәрі қазір Аралда кездеседі. Жарты ғасыр бұрын адамзатқа су қоймалары бас ауыртар дүние болмады. Тасқынмен күресудің және өзен ағынын біркелкі етіп отырудың жалғыз әдісі де сол болған. Ал қазіргі жағдай мүлде басқа сарында өрбіп жатыр. Мәселен, АҚШ соңғы жылдары су қоймаларын жойып жатыр. – Су қоймаларын сала беру адамдардың табиғи процеске араласуын көрсетеді. Жанама әсерлерін айттық. Су қоймасындағы температураның тік стратификациясына барлық өзен-көлдердің экожүйесі жаңылысып кетеді. Көктемдегі су тасқыны жылдық ағынның 80 пайызын құрайды. Ол ағын экожүйелерді сақтап отырады. Біз оны су қоймалары арқылы тежейміз. Енді өзен-көлдердің тартылуына әсер еттік. Сосын келіп кей аймақтарда табиғи үрдіс бұзылып, су тапшылығы пайда болды. Түбегейлі жою керек демеспіз, су қоймалары көбейсе, көрші елдерге тәуелді су тапшылығын жоярмыз. Дегенмен өзен-көлдердің экожүйесін толық бұзамыз. Оның үстіне, біздегі әдіс-тәсілдердің Кеңес кезеңінен аса бір ерекшелігі жоқ, ескірген. Кеңес заманында табиғатты қорғау заңдарына қайшы, судың ағынын қатты тежеу болды. Сосын халықты бұрын су басқан жерлерге орналастыра берді. Экожүйе бұзылды. Ата-бабаларымыз ертеде бұрын су басқан аймақтарға шықпаған. Себебі оны түбі су қайта шайып өтерін білген. Сондықтан гидрология саласындағы адамдар табиғаттың өз заңы бар екенін ұмытпаған жөн, – дейді Мәлік Бөрлібаев. Сонымен, бұл тұста пайда мен зиянның нышанын аңғардық. Су қоймаларын салуды жаңылыс басқан қадамға балайтын ниет жоқ. Осы күні Қытай, Ресей мен Өзбекстан елі суды бөгеп, нәтижесінде елімізде су тапшылығы болып жатады. Көптеп салынған қоймалар соның салдарын жояр. Әйткенмен, жаһанды табиғи процестер реттеп отырары тағы шындық. Сондықтан су ресурстары саласында тепе-теңдікті ұстар жаңа технология, әдіс-тәсіл қолданылғаны абзал сынды.Мадияр ТӨЛЕУ