Полиция ұрды деп шағымданған жігіт Маңғыстау әкіміне үндеу жолдады
Полиция ұрды деп шағымданған жігіт Маңғыстау әкіміне үндеу жолдады
227
оқылды
Маңғыстау облысында мал ұрлады деген күдікке ілінген жігіт өзін полиция ұрды деп шағымданып, облыс әкіміне үндеу жазды, – деп хабарлайды inAktau.kz. Қазір жас жігіт ауруханада жатыр. Оның айтуынша, полиция ұрып-соққаннан кейін ол бір бүйрегінен айырылған. Видео үндеуде жігіт облыс әкімінен мәселені бақылауға алуын сұрайды, өйткені прокуратура оның шағымына жауап бермеген. Желтоқсанның аяғында Ақтау қаласының тұрғыны Гүлназ Трапбекова оның ұлына 250 бас малды ұрлап әкетуге тырысты деген айып тағылғанын айтқан. Оның сөзіне қарағанда, полиция оның ұлын мойындату үшін ұрып-соғып, соның салдарынан жігіт бүйрегінен айырылып, мүгедек болып қалды. Өз кезегінде полиция күдіктелініп отырған жігіттің мал ұрлығына қатысы бар екендігіне жүз пайыз дәлелі бар екенін айтты. «Күдіктінің көлігі Емир ауылында тоқтатылды. Жігіттер жайылымнан малды алып кетпек болған кезде иесі көріп қояды. Алдымен ол күдіктілерді өзі тоқтатуға тырысты, ал ол мүмкін болмаған кезде достары мен учаскелік полиция қызметкерін шақырды», – делінген полиция департаментінің мәлімдемесінде. Күдіктілер Адай қиылысында ұсталды. «Мал иесінің досы ашуланған кезде Гүлназ Трапбекованың баласын ұрып жіберген. Екінші күдікті қашып кетуге тырысты, бірақ ол көп ұзамай қамауға алынды. Содан кейін екеуі Мұнайлы аудандық полиция бөліміне жеткізілді», – деп хабарлады Маңғыстау облысының полиция басқармасы. Қазір жігіт денсаулығына байланысты полиция бөлімшесіне шағымданып, ол ауруханаға жатқызылған. Ал, полиция департаментінің қызметкерлері күдіктілерді ұрып-соқпағандарын айтуда. Олардың айтуынша, оған аудандағы бейнебақылау камераларынан түсірілген жазбалар дәлел. Оларда ешқандай ұрып-соғу әрекеті тіркелмеген. Ведомство күдіктілерді ұстау кезінде жігітті ұрған мал иесінің танысына қатысты да тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. «Ер адам оны ұрғанын мойындады. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-тармағы бойынша («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») жүргізіліп, кетіп қалмау туралы шара қабылданды», - деп қорытындылады Маңғыстау облысы бойынша ДП. Ескертеміз! Күдікті ұсталды деген видеода боғауыз сөздер қолданылған. https://youtu.be/ez9LIKXWWng https://youtu.be/6j-vJDjOvHw