Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek Air компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов әуе компаниясын кінәлі деп тапса, өзі жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.
Дереккөздің хабарлауынша, Bek Air әуе компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов блогер Дмитрий Дубовицкийге берген сұхбатында Алматы түбіндегі ұшақ апатының себебін түсіндірген. Компания басшысының айтуынша, ұшақтың техникалық жағдайы жақсы болған. Себебі, әуе кемесі қоршауды бұзған кезде екі қозғалтқышы да істеп тұрған. Ұшқыш та қателік жібермеген. Өйткені ол ұшақты аудармай, шассисіз жерге қондыра білді.
Ал апаттың негізгі себебі ілеспе ауа ағыны болуы әбден мүмкін. Оны «құйынды із» деп атайды. Ұшақтар бірінен соң бірі әуеге көтерілгенде алдыңғысы өзінен кейін қатты айналып тұратын ауаның ізін қалдырады. Оған түскен кейінгі ұшақ тербеліп-шайқалып, басқаруға бағынбай кетеді. Сол күні Fokker 100-дің алдында Airbus 321 ұшқан көрінеді. Екеуінің арасында 1 минут уақыт болған. Бірақ диспетчер тағы бір минуттай күтіп, Fokker 100-ге ұшуға рұқсат беріпті.
«Далада жел тұрса, «құйынды ізді» жылдам алып кетеді. Бірақ ол күні ауа райы желсіз болды. Желдің жылдамдығын өлшеуге болғанмен, әлгі айналып тұрған ауаның жылдамдығын өлшеу мүмкін емес, көзге де көрінбейді. Диспетчер уақыт аралығын сәл ұзартса да, құйынды із сейіліп үлгермеген. Ұшақтың біресе оң жаққа, біресе сол жаққа тербеліп-шайқалып кеткені де содан», - дейді Жұмасұлтанов.
Оның айтуынша, Fokker 100-дің алдында ғана ұшқан Airbus 321 ұшағының құйын желі апатқа себеп болған. Ұшақ 10 метрлік биіктікке көтерілгенде тербеле бастаған. Ұшқыш тепе-теңдікті ұстап қалуға тырысқан. Ол кезде шассиді инструкция бойынша кіргізіп қойған. Тербеліп келе жатқанда ұшақтың бір қанаты жерге тиген. Видеода алыстан оттың шыққаны да содан. Ал ұшқыш әуеге көтеріле алмайтынын түсінгенде шассисіз қондыруға шешім қабылдаған. Содан әуежайдың қоршауын бұзған. Тағы 40-50 метр болғанда тоқтайтын еді. Бірақ қоршауға жақын тұрған үйге соғылды.
Жұмасұлтанов әуежайға жақын жер учаскелерінің қалай таратылғанын да айтып берді. Ал сөз соңында ұшақ апаты үшін өз басымен жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.
«Ұшқыш өзіне жүктелген міндетті орындай білді. Компанияны кінәлі деп тапса, мен өз жігіттерімді жығып бермеймін. Олар үшін өзім отырып келемін, менің қарамағымдағы адамдардың ішінде біреуі де түрмеге отырмайды. Қаза болған ұшқышты да кінәлай алмаймыз. Себебі ол ұшақты басқара білді. Оның басшыларын, ұшу мен инженерлік қызмет бар, оларды да жығып бере алмаймын. Bek Air-ден біреу жауап беруі керек деген мәселе туындаса, өзім жауап беремін, кінәні мойындауға дейін барамын. Мен түрмеге отыруға дайынмын», – дейді Жұмасұлтанов.
Еске сала кетейік, былтыр 27 желтоқсанда таңертең Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.
Апаттан 12 адам қайтыс болды.